Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан және заң мен тәртіп – әділ қоғам» атты қала ардагерлерінің «дөңгелек үстел» отырысына қатысты.
Жиын барысында шаһар басшысы мемлекетіміздің өркендеуі ең алдымен заң мен тәртіптің берік сақталуына тікелей байланысты екенін айрықша атап өтті.
Қазіргі таңда құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында нақты әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Дегенмен, бірқатар мәселелер де туындап отыр.
Мәселен, биылғы жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша қала аумағында жалпы алаяқтық қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 79,1 пайызға өсіп отыр. Оның негізгі себебі – азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігі.
Жалпы қаладағы білім ошақтарынан өткен жылы 228 жасөспірім профилактикалық есепте тұрса, 2025 жылы 260 кәмелетке толмаған жасөспірім есепке алынған.
Сонымен қатар осы 9 ай ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қатысуымен 37 қылмыс тіркелген. Бұл қылмыстардың негізгі себептері әлеуметтік мәселелердің артуы, ата-аналар тарапынан өз балаларының қауіпсіздігі мәселесіне аз көңіл бөлуі, олардың байланыстары мен бос уақытын бақылаудың жеткіліксіздігінен туындаған. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында өткізген соңғы сауалнама нәтижесінде қаладағы 75 мектептің 57-де буллинг, әлімжеттік деректері әлі де бар екені анықталды.
Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай, қалалық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Азимов, қалалық «Отбасын қолдау орталығының» директоры Бақыт Жақсылықова, қалалық «Жастар орталығының» директоры Азамат Лесбек, «Әулиеата» мешітінің наиб имамы Амангелді Иембергенов және бірқатар ардагерлер заң мен тәртіптің үстемдігі, отбасындағы тәрбие, құқықбұзушылықтың алдын мәселелері жөнінде ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Бақытжан Әмірбекұлы көтерілген әрбір мәселенің шешу жолдарының жаңа форматын енгізіп, бүгінгі қоғамға сай формуласын әзірлеу қажеттігін және бұл бойынша ардагерлер қауымымен бірлесе жұмыс жүргізуге дайын екенін айтты.