Бейбітшілік пен келісімді сақтау және тұрақты дамуға бет бұру, жаңа Қазақстан кұру, әлемдегі өркениетті елдердің қатарына қосылу бүгінгі күні мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналды. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз саяси һәм экономикалық жаңғыруды бастан кешуде. Оның жарқын дәлелі биылғы 19 наурызда өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауында айқын көрініс тапты.
Бұл туралы Президент өткен жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бірлескен қоғам» атты кезекті Жолдауында: «Келесі жылы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақталады. Соның нәтижесінде 2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады», – деген болатын.
Барлық негізгі саяси институттарды жаңарту қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатын сапалы өзгертетін шешімдерді іске асыруға мүмкіндік береді. Осылайша жаңа, әділетті Қазақстан құру бағытында алға қойылған халықтың әл-ауқатын көтерер жоспарлар сөзден іске көшті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құнды құжатта нақты көзге ұрып тұрған ірі мәселелердің қарқынды шешілуін талап етті, яғни сең қозғалды. Әрі қарай ел қозғалып, өркениетке бет алуда. Соның бірі – азаматтық көпшілік үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған қозғалыс пен партиялық өрістің біртіндеп өзгеруі. Ол үшін ел ішіндегі кез келген сала бойынша ұйымдастыру жұмысында жүйесіздік болмауы тиіс. Істің басында қолынан шаруа келетін жастардың жүргені жөн.
Менің қуанатыным, Президент көп олқылықтарды көре алды. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің де алғы шарты осы еді. Парламенттік сайлау да елдің қоғамдық-саяси әлеуетін жаңарту және іске асыру процесінің негізгі қадамы болмақ. Қазақстандықтар үшін Парламент пен мәслихаттардың саяси жаңаруы Наурыз мерекесінің алдында символдық түрде өтті. Бұл символизм жаңа күштердің келуін, тың мүмкіндіктердің пайда болуын және елдің одан әрі тұрақты және табысты дамуына бағытталған жаңа ойлы, мемлекетшіл азаматтардың келуіне жол ашты.
Өткен жылдан бастап елімізде көптеген оңды өзгерістер орын алып келеді. Айталық, әуелі Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы бүкілхалықтық референдум болып өтті. Сол арқылы халқымыз демократиялық дамуға тағы бір қадам басты. Бұл жаңашылдық елдегі жоғарғы биліктің сөзсіз ауысуына кепілдік беріп, оны монополиялаудан қорғайтыны анық. Жалпы 2022 жылғы реформалар суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді айқындап берді. Сонымен бірге Қазақстандағы партиялық құрылысты жандандыру бағытында маңызды шешімдер пакеті қабылданды. Жаңа саяси бірлестіктер құру рәсімдері жеңілдетілді. Бұл алға қарайғы жүйелі қайта құрулардың іргетасын қалағаны хақ. Қаншама ұлт пен ұлысқа ортақ болған Қазақстанымыздың көркейіп-өсуіне, қырандай биіктерде қалқып, белестерді бағындыруына елім деген әрбір азамат тамшыдай болса да үлесін қосқаны жөн.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының қарсаңындағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы ашық әрі әділ өтті. Енді қоғам күткен көптеген талаптардың түйіні шешілетін болады. Оған себеп – Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталды. Бұл өз кезегінде өкілді билік еркін ойлы азаматтардың келуіне оң ықпалын тигізді деген сөз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесінде атап өткен болатын.
– Мен Конституцияға сәйкес, Парламент палаталарының төрағаларымен, Премьер-Министрмен кеңесіп, Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойдым. Депутаттарға белсенді әрі жемісті жұмысы үшін алғыс айтамын. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруға барынша атсалысты. Олар сайлаушылармен жиі кездесу өткізді. Шалғайдағы елді мекендерге барды. Сондай-ақ жұртты толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болды. Жаңадан сайланатын депутаттар да жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, еліміздің жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп сенемін, – деді Президент.
Жалпы еліміз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көшкен еді. 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттары да осы үлгімен сайлана бастады. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берудің бастамасы болды. Алайда оның да өзіндік кемшіліктері жетерлік. Мәселен, партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына деген сеніміне селкеу түсті. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Міне, осы мәселені ескерген Мемлекет басшысы өз Жолдауында да бұл туралы баса айтқан еді.
– Енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады. Сонда сайлаушылардың мүддесі жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қорғалады. Өкілді билікке түрлі көзқарастағы азаматтардың келуіне мүмкіндік туады. Азаматтық қоғамның одан әрі дамуына айтарлықтай жағдай жасалады. Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы және басқа да жүйелі шаралардың нәтижесінде елімізде көп уақыттан бері алғаш рет бірнеше жаңа саяси партия тіркелді. Сонымен бірге сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанның енгізілуі өте маңызды шешім болды. Партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға дейін азайды. Бұл – елімізді демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам, – деді Президент.
Қоғам тарапынан көп сыналатын тағы бір мәселе – сайлаудағы заң бұзушылық. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында Президент орталық сайлау комиссиясы және Бас прокуратураға пәрмен берген болатын. Нәтижесінде әділ сайлау өткенін көзіміз көрді. Бұған Мемлекет басшысының VIII сайланған Парламент Мәжілісінің сессиясындағы: «Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Бұл науқан, шын мәнінде, бұрынғыдан ерекше, өзгеше болды. Сайлау науқаны шынайы бәсеке жағдайында, ашық өтті. Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті», – деген мәлімдемесі анық айғақ десек, қателеспейміз.
Әрине, бұрынғы сайлауларға жұрт самарқау барса, бұл жолы зор құштарлық танытқаны рас. Оның себебін жоғарыда атап көрсеттік. Осылайша халқымыз дауысы естілетініне, үніне құлақ асатынына көзі жеткеннен кейін өз таңдауын жасады. Әрине, халқымыздың берекесі бекем болса, біз алмайтын қамал жоқ.
Мадьяр Нұрәділ,
«Парасат» колледжінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі