Жастар мәселесі – кез келген, оның ішінде жасампаз жолға қадам басқан Қазақстан үшін ең маңызды саясаттың бірі. Сол себепті елімізде жастар саясаты оң бағытқа қойылып, ел болашағы саналатын азаматтарға қолдау керек.
Елімізде жастар үшін атқарылып жатқан ірі жобалар мен бағдарламалар – жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан игілік. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жас отбасыларға қолдау көрсету, жұмыспен қамту, сапалы білім мәселесі жыл сайын мемлекет назарынан тыс қалған емес. Сөзіміздің айқын дәлелі – Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының соңғы жылдардағы жұмысы мен жеткен жетістігі десек болады. Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 422 785 адамды құраса, оның 126 378-і 14 пен 35 аралығындағы жастарды құрайды. Яғни қала халқының 29,9 пайызын жастар құрап отыр. Қала жастарының 56 817-сі, яғни 86 пайызы мектеп оқушылары мен жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері. Біздің мақсат – осы топтағы әрбір жанға көмек көрсету, олардың болашағына сенім ұялату. Осы тұрғыда орталық мамандарының ұйытқы болуымен «Мәдени-шығармашылық», «Рухани-адамгершілік», «Құқықтық», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу», «Психологиялық-танымдық», «Діни», «Жастарға кеңес», «Әскери-патриоттық», «Экологиялық мәдениет», «Этносаралық келісім», «Спорттық», «Волонтерлық» бағыттары бойынша жұмыстар атқарылып келеді.
Әрине, біздің жұмысымыз тек жоғарыдағы іс-шарамен шектеліп қана қоймайды. Қолына диплом алып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жас түлектердің жұмыспен қамтылуын басты назарға аламыз. Одан бөлек, NEET, яғни бос жүрген жастардың білім алуына немесе бір іспен айналысуына түрткі боламыз. Бұл мақсатта біздің мекемеде «NEET жастары және жас отбасылар» секторы жұмыс атқаруда. Жастарға мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып отырғанының тағы бір айғағы – биыл жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 2,5%-дық шағын несие беріліп отыр. Осы уақытқа дейін орталық тарапынан 11 743 жастарға адрестік жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, 117-і орталық арқылы жолдама алып, тұрақты жұмыспен қамтылған және 95-і белсенді шараларға тартылды. Орталығымыздың мамандары қала маңында орналасқан «Құмшағал», «Шөлдала», «Көлтоған», «Жиделі», «Қайнар», «Барысхан» алқаптарында түсін-діру жұмыстарын жүргізуде. Жұмыссыздық мәселесі «Жастар тәжірибсі», «Кәсіптік оқыту», «Қайта даярлау» және «Мемлекеттік грант» беру арқылы іске асуда.
Бұдан бөлек, мемлекетте әр жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетіктер жасақталған. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жас отбасыларды баспанамен қамту, табыс деңгейін көтеру, білім алу мүмкіндігін кеңейту және т.б. Орталық бұл бағытта да арнайы білікті мамандардың қатысуымен құқықтық, медициналық кеңестер ұйымдастырып отырады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жастар әрдайым жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші болып табылады, сондықтан біз жас ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс бағытта бағыттап, оны тиімді пайдалануымыз керек», – деген сөздері жастардың қуатты және дамыған мемлекет құрудағы маңызды рөлін айқындайды. Күш-қайрат тасып тұрған шақта оны тек өз игілігіңе жұмсай білу өскелең ұрпақтың парасатты қадамы болмақ.
Сөздің түйіні, иә, жастар – қозғаушы күш. Жастар – елдің ертеңі. Олардың жасампаздыққа ұмтылысы, білім шыңына өрмелеп, елге қосар үлесі – жарқын болашақ кепілі.
Абзал Есіркепов,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы»
КММ директоры