«Жасампаз қаланы жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасын табады»

Ғасырлардың ғаламат туындысындай бүгінге жеткен, облысымыздың бет-бейнесіне айналған киелі һәм көне Тараз қаласының келбеті күн сайын айшықтала түсуде. Шаһарды көркейту мақсатындағы ілкімді істер жұртшылықтың көз алдында. Сұлулығы арудың ажарындай талайды таңдай қақтырған өңіріміз туристердің де қалың шоғырын қалыптастыруда. Шаһарымыздың ендігі даму бағыты қандай болмақ? Таразды түрлендіру жолында нендей жұмыстар атқарылып, әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында қандай қадамдар жасалмақ? Осы және өзге де сауалдардың жауабын білу мақсатында әрі сүйікті шаһарымыздың туған күні қарсаңында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевпен арнайы сұхбаттасқан едік.

– Ержан Жұматұлы, Тараз қаласының тізгінін ұстап, қала әкімі қызметіне келгеніңізге жарты жылға жуықтапты. Білікті басшыға жұмысты көрсететін бұл аз уақыт емес. Десе де, коронавирус кеселі қос бүйірден қысып, көп тірлікке қолбайлау болды. Айтыңызшы, әлемдік пандемия шаһардың әлеуметтік һәм экономикалық жағдайына қаншалықты әсер етті?

– Шынында, жаһанды жайлаған пандемия ешбір елге оңай соқпады. Сан саланы тоқыратып, өндіріс орындарының тұралауына әкелді. Өкінішке қарай, қауіпті кесел елімізді де айналып өтпеді. Дегенмен дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде індетпен күрес күшейіп, көп салада ілгерілеу басым екені көріне бастады. Айталық, жыл басынан қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталуда. Қаңтар-тамыз айларын қорытындылай келе, өнеркәсіптегі өндіріс көлемінің өсімі 105,3 пайыз деңгейінде қалыптасса, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 101,2 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі – 109,1 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 100,4 пайыз, ауыл шаруашылығы саласының нақты көлем индексі 100 пайызды құрап отыр. Ал сауда саласы бойынша бөлшек сауда тауар айналымы 0,6 пайызға және көтерме сауда тауар айналымы 6,2 пайызға ұлғайған. Жұмыссыздық көрсеткіші 5,6 пайызды құрап, өткен жылдың деңгейінде сақталып отыр. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 35 975 теңге болса, орташа номиналды айлық жалақы 198 135 теңгеге жетті. Бүгінге дейін уәкілетті жұмыспен қамту органына ресми түрде жұмысқа орналасуға 9781 адам өтініш білдірсе, оның 5805 адамы жұмыспен қамтылды. Жыл басынан бері белсенді жұмыспен қамту шараларына 7574 азамат тартылса, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 32 адам, жастар тәжірибесі бойынша – 227 адам, қоғамдық жұмыс орындарына – 948 адам, гранттар беру бойынша – 500 адам, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту аясында – 931 адам, шағын несие беру бойынша – 34 адам, алғашқы жұмыс орны бойынша – 14 адам, инфрақұрылымдық жобалар бойынша – 146 адам және тұрақты жұмыс орындарына 4459 адам орналасқан. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында 855,3 миллион теңгеге 6253 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілсе, оның ішінде 2713 отбасының 10852 адамына 73,6 миллион теңгеге тұрғын үй көмегі, 3540 отбасының 15631 адамына 781,7 миллион теңгеге жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 8 айында инфляция деңгейі 5,9 пайызға жетті. Оның ішінде азық-түлік тауарлары – 7,1, азық-түлік емес тауарлар – 4,9, ақылы қызметтер тарифі 5,5 пайызға өскен. Сол үшін инфляция деңгейін тұрақтандыру шеңберінде облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауары бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында 4 жұмысшы топ құрылып, қызмет атқаруда. Олардың құрамына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары енді. Соның арқасында осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бекітілген шекті мәні қаладағы ірі сауда дүкендері басшыларының назарына жеткізіліп, бағаны өсірмеу бойынша 8 меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, қаланың 7 ірі сауда дүкенінде әлеуметтік бұрыштар ашылып, тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарлары жеткізіліп, нарық бағасынан төмен сатылуда. Жалпы қала аумағында 6 әлеуметтік павильон жұмыс істесе, облыс әкімінің 15 әлеуметтік павильон ашу туралы тапсырмасына сәйкес, 100 шаршы метрді құрайтын 9 және 200 шаршы метр болатын 1 павильон қолданысқа берілді. Сондай-ақ халық тығыз орналасқан «Қарасу» ықшам ауданы №5 үйдің алдында, «Талас» ықшам ауданы №3 үйдің алдында, Рысбек батыр және Рахимов көшелерінің қиылысындағы жатақхананың жанында, Байзақ батыр көшесі №170 үйдің алдында, Асқаров көшесі №278 үйдің қасбеті, Төле би көшесі №7 және №3 үйлердің арасында, Тобыл көшесі бойындағы «Родничок» алқабында 7 жер телімі анықталып, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на әлеуметтік дүңгіршектер салу туралы ұсыныс жіберілді.Салық түсімдері бойынша көрсеткіштер де көңіл қуантады. Мәселен, осы жылдың қаңтар мен тамыз айы аралығында мемлекеттік бюджетке 47 миллиард 599,5 миллион теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 116,9 пайызға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджет 14 миллиард 623,6 миллион теңге немесе 102,3 пайызды, жергілікті бюджет – 32 миллиард 975,9 миллион теңге, яғни 124,8 пайызды құрады. Ал жергілікті түсімдердің ішінде облыстық бюджет – 14 миллиард 950 миллион теңге немесе 112,4 пайызға, ал қалалық бюджет 18 миллиард 25,9 миллион теңге, яғни 137,2 пайызға орындалып отыр. Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша, қалалық бюджеттің шығыс бөлігінің игерілуі 100 пайызды құрап, төлемдер жоспары 45 миллиард 660,9 миллион теңгеге жетіп, игерілуі 45 миллиард 649,6 миллион теңгені, ал игерілмеуі 11,3 миллион теңгені құрады.Осы тұста айта кетерлігі, қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру үшін түрлі жобалар жандануда. Оның бірі – қала маңынан құрылған индустриалды аймақ іске қосылса, инвесторлар ағылып, салық түсімі көбейіп, экономикалық өсім орын алмақ. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың да тұрмысы түзеле түседі. Әрине, «Арық айтып, семіз шық» демекші, қазір уәдені үйіп-төгуден аулақпыз. Алайда бізде жүйелі жоспар бар.

– Бес айдың бедерінде облыс орталығындағы барлық округ тұрғындарымен жүздесіп, шалғай елді мекендерді де назардан тыс қалдырмадыңыз. Бұл бастамаңыздан бүгінде аудан басшылары да үлгі алып, бұқараға жақындай түскенін көз көріп отыр. Жалпы тараздықтарды қазір не алаңдатады? Жұртшылықтың көкейіндегі өтініші мен тілегі қандай?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынып, бұқара мен биліктің арасына алтын көпір орнатудың қажеттігін айтқан болатын. Бұл тұрғыда жергілікті әкімдіктерге зор жауапкершілік жүктелген. Әрине, біз үшін қарапайым халықтың ой-пікірін тыңдап, базынасына құлақ түру қашанда маңызды. Осында тұрмыс кешетін әрбір тұрғынның көкейінде жүрген мәселесі, жеткізгісі келетін талап-тілегі бар. Оның барлығына бір мезетте үн қатып, басу айту мүмкін емес. Сондықтан көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырып, шаһар жұртшылығына етене жақын болуды жөн көрдік. Бұл бастамам нәтижесіз емес. Соның бір дәлелі – қоғамдық қабылдау барысында жалпы 612 сұрақ қойылып, оның 62-сіне әкімдіктің бөлім басшылары тарапынан орнында ауызша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін қозғалған мәселелер бойынша жол картасы дайындалып, бөлімдер тарапынан 473 мәселе бойынша өтініш иелеріне жазбаша жауап берілсе, 6-ына негізді себептермен қанағаттандырудан бас тартылды. Ал 40 мәселе қанағаттандырылды. 30 түйткілдің әлі қаралу мерзімдері бар, ал бір мәселені өтініш иесі өз тарапынан қараусыз қалдыруды сұрауына байланысты тоқтатылып отыр. Қоғамдық қабылдауларда көтерілген мәселелердің басым бөлігі көше жолдарын жөндеу, электр жарығын орнату, қоғамдық көлік және тұрғын үймен қамтуға байланысты болды. Енді солардың бірқатарына тоқтала кетсем, қала тұрғыны Айгүл Бештаеваның «Ақжол» алқабындағы көшелерге аншлаг ілу бойынша көтерілген мәселесі толығымен қанағаттандырылып, Несібе, Балқарағай, Меруерт, Ақбұлақ көшелеріне жаңа үлгідегі аншлагтар ілініп, нәтижесінде халық санағын жүргізу барысында санақшылардың жұмыстары жеңілдетілді. Сонымен қатар жедел жәрдем қызметтерінің де дер кезінде мекенжайды тауып, алғашқы көмек көрсетуге септігін тигізуде. Сондай-ақ Несібе көшесінде орналасқан 4 үйдің маңындағы істен шыққан көше шамдары қалпына келтіріліп, көшенің 198 тұрғынының түнгі уақытта көшеде жүру қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп отыр. Ал Бейбіт Байболовтың №12 автобус маршруты туралы көтерген мәселесі бойынша А.Асқаров көшесіндегі Орталық базарға дейін қатынайтын бағыттың қозғалыс сызбасы «Қайнар», «Родничок» алқаптарына дейін созылып, таңғы және кешкі уақыттарда саяжайларға қатынауына жол ашылды. Бұл өз кезегінде осы маңдағы 4 600 тұрғынның қала ішінде жүріп-тұруына оң әсерін тигізуде. Сонымен қоса, Оразбек Өскембаевтың кіші футбол алаңшасын теңгерімге алу мәселесі де шешімін тауып, жастар мен жасөспірімдердің бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысуына зор мүмкіндік тууда. Бұдан бөлек, қала тұрғыны Темурлан Турдалин тілге тиек еткен Автомобильная көшесін түнгі жарықтандыру мәселесі де дер кезінде қолға алынып, қазіргі таңда 30 көше шамы самаладай жарқырап тұр.Көшпелі қабылдау барысында Ақерке Рахымберді «Родничок» алқабына қатынайтын қоғамдық көліктердің бағытын реттеуді өтінді. Аталған мәселе де бірден назарға алынып, №12, №34 автобус бағыттарының қозғалыс сызбасы ұзартылып, тұрғындардың қала ішінде қатынауы жақсартылды. Бұл шешімін тапқан мәселелердің бірсыпырасы ғана. Алдағы уақытта да шаһар тұрғындарымен кері байланыс одан әрі жанданып, нығая түседі.

– Сіз әкімдік қызметке келгелі облыс орталығында «Таразға тарту» атты тамаша жобаға жан бітті. Бүгінде осы бастаманың басы-қасында жүріп, шаһар тұрғындары үшін теңдессіз тартулар жасап жатырсыздар. Бұл жобаға бюджеттен бір тиын да бөлінбей, демеушілердің көп көмегі тигенін айта кеткен жөн…

– Расында, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған осы бір жемісті жоба шаһарымыздың шырайын кіргізіп, тұрғындарды да қуанышқа кенелтті. Жоба аясында қаладағы скверлер, саябақтар және ойын алаңшалары демеушілік есебінен абаттандырылып, жаңа сипатқа ие болды. Бүгінде негізі жоспарланған 42 нысанның 39-ының абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталып, халық игілігіне берілсе, 3-інің жұмыстары әлі де жалғасуда. Сондай-ақ жыл соңына дейін «Үшбұлақ» және «Қарасу-3» арналарының жағалауын жаңарту жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ шаһарда «Ана мен бала» сквері, «Анаға тағзым» және теннис орталықтары демеушілер есебінен елге есігін айқара ашады деген жоспарымыз бар. Бұл келелі жобаның жемісті болғанын айғақтап тұр. Келешекте өскелең ұрпақ саябақтарда серуендеп, ойын алаңшаларында асыр салса – осынша жұмыстың текке кетпегені. Сондықтан бұл баянды бастаманың болашағына зор үмітпен қараймын.

– Бүгінде қалада «сақалды құрылыс» пен «қызыл сызық» үстіне салынған нысандармен күрес күшейді. Дәл қазір жоспарлы жұмыс қай деңгейде жүргізілуде?

– Дұрыс айтасыз, қазіргі таңда облыс орталығының аумағында «сақалды құрылысты» болдырмау мақсатында анықталған 35 нысанның иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бүгінгі күні бір нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға енгізілсе, 11 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасын тауып, құрылысы қайта қарқын алуда. Сонымен қатар 23 нысан бойынша толыққанды мәліметтер жұпталып, істері сотқа беріліп, өндірісте. Бұдан бөлек, құрылысқа толық рұқсат құжаттарын алмай, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген 44 нысан белгілі болып, заң аясында 28 нысан иелеріне айыппұл салынды. Сондай-ақ сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан «Құрылыс және реконструкциялау (қайта жоспарлау және қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеуге арналған бастапқы материалдарды ұсыну» және «Эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу» мемлекеттік қызметті көрсету барысында құрылыс салу шекарасы «қызыл сызық» нормаларын сақтау міндетті түрде қаралып, жазылатын болады. Бұл бағыттар жұмыстар өз жалғасын таба бермек.

– Биыл «Тектұрмас» кешенінің екінші кезеңі мен «Арбат-3» жобасы аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұл, сөз жоқ, Тараздың тарихын танытып, ажарын аша түскені даусыз. Енді «Тектұрмас» тарихи кешенінің үшінші кезеңі жалғасын табады ма?

– Өзіңіз атап өткендей, бұл нысандар қаламызды одан сайын сұлуландырып, келбетін айшықтай түсуде. Шаһарымызға ат басын бұрған қонақтар да әуелі осы жерлерге аялдап, серуендеп, тамсанып қайтады. Сондықтан мұндай орындардың бұдан да жетіле түскені маңызды. Айталық, алдағы уақытта «Тектұрмас» тарихи кешенінің «Көне қорған» кезеңін ортағасырлық үлгіде салу жоспарлануда. Қорған іші Х-ХІ ғасырларды бейнелейтін жәдігерлермен жабдықталып, шайхана, қолөнер бұйымдарын сататын дүкендер де орналастырылады. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Енді жергілікті бюжеттен қаражат қарастырылатын болады.

– Халықтың көкейіндегі өзекті мәселенің бірі тұрғын үй екені белгілі. Биыл бұқараны баспанамен қамту бағытында ауқымды жобалар жанданып, асарлатып үй де салынуда. Жалпы биыл қанша тұрғын қоныс тойын тойлай алады?

– Халықты баспанамен қамту мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Егемендіктің 30 жылында бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде қаншама отандасымыз көптен күткен үйлеріне қол жеткізіп, бақыт шамын жарқыратты. Облысымызда да талай тұрғын қоныс тойын тойлап үлгерді. Жаңадан бой көтеріп жатқан ықшам аудандарда қаншама отбасыға пәтер кілттері табысталғанына бәріміз куәміз. Әрине, бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайды. Аймақ басшысы Бердібек Машбекұлының идеясымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы – соның жарқын көрінісі. Қазақта бір-біріне жәрдемдесіп, қол ұшын созатын бабадан жеткен «асар» деген игі дәстүр бар. Баянды бастаманың да басты мақсаты – осы дәстүрді тірілтіп, адамдар арасындағы қарым-қатынасты ізгілікке толтырып, қиналған жанға көмек қолын ұсыну. Жемісті жобаның шеңберінде өткен жылы облыс бойынша 101 тұрғын үй халық игілігіне берілсе, оның 2-і Тараз қаласына тиесілі. Биыл да аталған жоба жалғасын тауып, 15 үйдің құрылысы басталып кетті. Бұл баспаналар көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған. Бұған бюджеттен бір тиын да жұмсалмай, барлығы тек демеушілердің есебінен жүзеге асуда.

– Жамбыл облысы жол апаты бойынша алдыңғы қатарда екені жасырын емес. Десе де, Тараз қаласындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаяу жүргіншілер жолақтарын жаңартып, «Сергек» сынды заманауи құрылғыны да қалаға әкелудесіздер. Бұл бастамалардың келешегінен не күтсек болады? Жалпы жол-көлік оқиғаларын азайту үшін не істемек керек?

– Иә, жол апаттары бойынша көш басында тұрғанымыз көңілімізді күпті етіп тұр. Дегенмен солай екен деп қол қусырып қарап отыруға әсте болмайды. Осы мақсатта шаһар аумағында «Сергек» құрылғыларын орнатып жатырмыз. Аталған аппараттық-бағдарламалық кешен қоғамдық және жол қауіпсіздігі мен құқық тәртібінің жалпы деңгейін арттыруға, жол-көлік оқиғаларында өлім-жітімді азайтуға, қалалық көлік саласын басқару, сапасын өсіру, қылмыс деңгейін төмендетуге ықпал етуге, бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде жедел жағдайды бақылауды жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан да бұл жол апаттарының алдын алуға мейлінше үлес қосады деп ойлаймын.

– Қазір Ұлттық халық санағының екінші кезеңі басталды. Аталған науқан қалада қалай жүруде?

– 10 жылда бір өтетін осы бір науқанның әрбір елдің тарихында алар орны ерекше. Елімізде бұған дейін 2 рет жалпыхалықтық санақ өткені белгілі. Бұл жолғы науқанның жөні бөлек. Олай дейтініміз, бұл жолы заманауи технология жетістіктері де қолданылып отыр. Бұл өз кезегінде санақ жұмысын жеңілдете түседі. Тараз қаласында санаққа қатысушылардың саны өсіп келеді. Ұлттық халық санағының 2-ші кезеңін өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша 1-30 қыркүйек аралығында бекітілген кестеге сәйкес онлайн санақ өтті. Нәтижесінде статистика департаментінің мәліметі бойынша, есепті кезеңде онлайн санақтан өткендер саны 141 028 адамды немесе 38,5 пайызды құрап отыр. Ал 1 қазаннан бастау алған дәстүрлі халық санағына байланысты шараны өткізетін уәкілетті 18 қызметкер, 62 нұсқаушы бақылаушы, 313 санақ жүргізуші жұмысқа қабылданып, оқу жүргізілді. Атап айтсақ, олардың қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінен – 140, Халықаралық Тараз инновациялық институтынан – 84, «Жас Отан» жастар қанатынан – 29 және сырттан келген 60 адам бар. Тағы бір айта кетерлігі, санақ жүргізушілер санақты қадағалау, бақылау және күнделікті мәліметтерді жинақтау үшін білім басқармасы тарапынан қаладағы 14 мектептен арнайы кабинеттер бөлініп, компьютер және принтерлермен жабдықталды. Сонымен қатар статистика департаменті тарапынан кеңсе тауарлары бөлініп, оқу ордаларына жеткізілді. Ағымдағы жылдың 1 қазаны мен 1 қарашасы аралығында санақ жүргізушілерге арнайы статистика департаментінің куәлігімен қоғамдық көліктерде тегін жүру қарастырылған. Мен осы сәтті пайдалана отырып, барша жерлестерді маңызды науқанға атсалысуға шақырғым келеді.

– Ағымдағы жылы шаһарда жол құрылысы мен көше жарықтандырулары мықтап қолға алынды. Тіпті тас жол мен жарық шамдары қаланың ең шеткі аумақтарына дейін жетті. Жыл соңына дейін тағы қанша көше жарықтандырылып, қанша жолға асфальт төселінеді?

– Биыл жалпы қала көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына 1 587 319 мың теңге қаралды. Аталған қаржының 800 506,0 мыңы қалалық, 786 813,0 мың теңгесі облыстық қазынаға тиесілі. Қазіргі таңда жалпы 26 нысанның 16-сында жөндеу жұмыстары аяқталса, 9-ында әлі де жалғасуда. Ал 1-іне мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Сондай-ақ ағымдағы жылы қалалық бюджеттен 200 миллион теңге қарастырылып, 35 көше мен бұрылыстарға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Бүгінгі таңда олардың мердігері анықталып, жұмыстар басталды. Аталған көшелердің түнгі жарығының құрылысы осы жылдың қараша айында аяқталатын болады. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда әлеуметтік желіге түскен арыз бойынша 5 көше мен бұрылысқа демеушілер есебінен көше жарығы орнатылды. Олар: Б.Момышұлы көшесінің 2-бұрылысы, Б.Момышұлы көшесі, Автомобильная көшесі, Автомобильная көшесінің 2-бұрылысы және Мәмбет батыр көшесі. Сонымен қатар 2020 жылы Тараз қаласында түнгі жарықпен қамтамасыз етілмеген 205 нысанға жобалық-сметалық құжаттама жасалып, 3 жылдық жоспар бекітілді. Биыл мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламасы аясында қосымша 260 көшеге түнгі жарық орналастыруға ақау актілері әзірленіп, есептеу жұмыстары жүргізілуде.

– Ел арасында «Тараз қаласы екі ауданға бөлінеді» деген әңгіме айтылып жүр. Әрине, халықтың көбейіп, қос ауданның ашылғаны экономикалық тұрғыдан да, шаһар үшін де тиімді. Айтыңызшы, екі ауданға бөліну үшін қанша болуымыз шарт? Оған біздің мүмкіндігіміз жете ме?

– Ел ішінде айтылып жүрген бұл әңгіменің негізі бар. Қазір шаһарымыздың аумағы кеңейіп, халық саны да жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан да қаланы екі ауданға бөлу мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №104 Қаулысымен Жамбыл облысы Тараз қаласының Бас жоспары бекітіліп, шаһар аумағының жер телімі 18 787 гектар, ал халық саны 365 000 адамды құрады. Одан бері 11 жылдан астам уақыт өтті. Сондықтан қазіргі таңда қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұған өзгерістер мен толықтырулар енгізу барысында қала аумағына Байзақ ауданынан 3 елді мекен, Жамбыл ауданынан 11 елді мекен қосып алу қарастырылуда. Бұл өзгеріс ойдағыдай іске асса, аталған қос ауданға қарасты 14 елді мекеннен аумағы 10 422,5 гектар жер телімі мен 44 504 адам қосылып, қаланың халық саны 408 235 адамға жететін болады. Ал Бас жоспарға сәйкес, қала аумағы 29 209 гектарға ұлғаяды. «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 2-бабына сәйкес, елдi мекендердің құрамдас бөліктері болып қаладағы аудандар, яғни облыстық, республикалық маңызы бар шаһарлардағы, астанадағы аудан қаладағы аудан болып табылады. Ал бұл жерлерде аудандар халық саны 400 мыңнан асқан кезде құрылады делінген. Осыған байланысты Тараз қаласының халық саны 400 мыңнан асса, шаһар аумағын 2 әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерге бөлу жоспарлануда. Өз кезегінде әкімшілік бірліктерді құру басқару тиімділігін арттыратыны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Дәулет Төленді

Comments (0)
Add Comment