Жасөспірімдердің жазғы демалысы

Балалар жазғы демалысы басталған соң бірі ауылға, енді бірі лагерьге баруға асығады. Екі жылға созылған карантиндік шектеулерден соң балғындардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру қайтадан жанданып жатқаны белгілі.

Оқушылар ерекше күтетін осы мезгілде балалар физиологиялық, сана-сезімдік және дүниетанымдық тұрғыдан дамып, жетіле түседі.
Балғындар сабақтан босағаннан кейін өзінің қызығатын ісімен айналысуға мүмкіндік алады. Ендеше сол бос уақытты олар қабілеттерін шыңдауға арнағандары дұрыс. Олардың дене тәрбиесімен айналысуы да аса маңызды.
Білім ордалары да өз оқушыларын демалыс кезінде назардан тыс қалдырған емес. Кейде біз көп нәрсені ұсақ-түйек санап жатамыз. Алайда мән беріп қарасақ, жазғы лагерьлер тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие құралы екенін де аңғарамыз. Мәселен, балалар онда тынығып қана қоймай, денсаулығын түзейді, қоршағаны ортаны танып, жаңа достар табады. Туған жердің табиғатын, өзен, тауын өз көзімен көріп, соны сезіну де әрбір баланың бойында ұлттық сананың қалыптасуына жол ашады.
Кейбір балалар ала жаздай бел жазбай еңбек етіп, ата-анасына қаржылай көмектесіп жатады. Алдымен жақындарыңа қамқорлық жасау еліңе жанашырлық танытуға бастайтынын ескерсек, бұл өте құптарлық іс деп білемін. Өкініштісі, жеткіншектердің арасында бос уақытын ғаламторға жұмсап, пайдасыз дүниелерге қызығатындар да аз емес. Сол себепті кітап оқып, зейінін ашатын жастарды да сирек байқаймыз. Далада асыр салып доп теуіп, асық ойнайтын жасөспірімдер де ілуде біреу ғана. Бір кездері әлемді дүрліктірген «Синий кит» ойынының кесірінен өз-өзіне қол жұмсаған балалар жайлы да жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Тағы бір жағынан денсаулыққа орасан зор зиянын тигізуде.
Заман талабына сай өркениет көшіне ілесу де қажет-ақ. Десе де сол технология жетістігін тек жағымды нәрсеге пайдалана білсек нұр үстіне нұр болар еді.

Нұрсәуле Мырзағалиева,
М.Х.Дулати атындағы Таразөңірлік университетінің
«Конвергентті журналистика» мамандығының 4-курс студенті

Comments (0)
Add Comment