Жасөспірімдер қауіпсіздігі – жіті назарда

Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шаралары аясында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушыларымен бірлесіп, №35, №23 және №27 мектептерде оқушылармен түсіндіру сабақтарын өткізді.

Кездесулердің негізгі мақсаты – оқушылардың және ата-аналардың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл ережелері туралы білімін арттыру, өрттің алдын алу, балалардың терезеден құлап кету жағдайларының алдын алу және шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.
Сабақ барысында мамандар оқушыларға және ата-аналарға өрттің шығу себептері және мектепте де, үйде де өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы түсінікті түрде айтып берді. Отпен, электр құралдарымен мұқият жұмыс істеу және сіріңкемен ойнаудың қауіптілігі ерекше аталып өтілді.
Жаз мезгілінде өзекті болатын балалардың терезеден құлап кету мәселесі де назардан тыс қалмады. Жазғы шомылу маусымының қарсаңында мамандар оқушылар мен үлкендерге судағы қауіпсіздік ережелерін еске салды. Атап айтқанда, жабдықталмаған жерлерде шомылуға, шектен тыс алысқа жүзуге немесе белгісіз жерлерде суға секіруге болмайтыны түсіндірілді. Суға кетіп жатқан адамға алғашқы көмек көрсету және төтенше жағдай кезінде әрекет ету бойынша да ұсыныстар берілді.
Оқушылар мен ата-аналар талқылауға белсене қатысып, сұрақтар қойып, өздерінің оқиғаларымен бөлісті. Жалпы, мұндай шаралар балалардың жеке қауіпсіздікке деген жауапкершілікті көзқарасын қалыптастыруға және әртүрлі төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретуге көмектеседі. Тараз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы бұл бағыттағы жұмысын жалғастырып, мүмкіндігінше көп білім беру мекемелерін қамтуды көздейді.
Дәл осындай кездесу №10, №68 мектептерде және №1 гимназияда жалғасын тапты. Сабақ барысында өрттің алдын алу, балалардың терезеден құлауымен байланысты жазатайым оқиғалар және шомылу маусымында қауіпсіз жүріс-тұрыс мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мамандар от пен электр құралдарымен мұқият болу қажеттігін, жабдықталмаған жерлерде шомылудың қауіптілігін және суға батып бара жатқан адамға алғашқы көмек көрсету тәсілдерін түсіндірді.
Шараға қатысушылар белсенді түрде пікір алмасып, сұрақтар қойып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment