Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деп Әл-Фараби айтып кеткендей, балаға білімнен бұрын саналы тәрбие беру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы мақсатта Тараз қаласы бойынша «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын орындау мақсатында қала мектептерінде кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді.

Ағымдағы оқу жылында қала мектептеріндегі білім алып жатқан 77 мың 490 баланың ішінде әлеуметтік жағдайы төмен, көмекке мұқтаж 15 мың бала бар. Бұл тізімде полиция бөлімдерінде жайсыз деп танылған отбасылар да қамтылып келеді. Бүгінгі күні 65 жайсыз отбасында 148 бала тәрбиеленуде. Баланың оқуға құштарлығын ояту, тәртібі мен тәрбиесін дұрыстау мақсатында білім беру ұйымдарында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, «Жас Ұлан» ұйымы, Өзін-өзі басқару мектеп парламенті, «Бала өкілі», пікір-сайысшылар, «Еріктілер тобы», «Адал ұрпақ», «Қыз Жібек», «Жас сарбаз», «Жас құтқарушылар» клубтарының нәтижелі жұмыстарын атап айтсақ болады. Сонымен қатар 2023-2024 оқу жылы осы бағыттағы жұмыстарға жаңа жобалар, нақтырақ айтқанда, «Komek Stop Bullying» ақпараттық және HR+ психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйелері, «ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ», «АР-ҰЯТ», «ТАЛАП» бағдарламалары мен «Бірге болайық» атты ата-анаға мессендж хабарлама жіберу жұмыстары бәсекеге қабілетті баланың болашағы үшін жасалып жатқан игі істер деуге болады. Сондай-ақ қала мектептерінде «Үздік ұйым – үлгілі ұжым» әлеуметтік роликтер челленджі мен Әкелер кеңесінің жұмысы, Әжелер, Аналар кеңестері белсенді жұмыс істеуде.
Полиция басқармасының мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың 10 айында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 39 қылмыс жасалса, оның 8-і мектеп оқушыларымен болған. Атап айтқанда, темір ұрлығы, ұялы телефон ұрлығы, төбелес, денеге жарақат салу сынды қылмыс түрлері анықталып, жазаға тартылған.
Аталған оқушылармен профилактикалық бағытта жұмыстар жүргізіліп, мектептерде құрылған балалардың құқықтары мен мүддесін қорғайтын бала өкілдерінің және мектеп парламенттерінің қатарына қамтылған. Сондай-ақ сала мамандарының қатысуымен де қажетті жұмыстар атқаруда. Мәселен, қылмыстық жағынан түсінік беру үшін жыныстық сипаттағы қылмысқа жол бермеу мақсатында әрбір мектепке бекітілген мобильдік топ (құрамында прокурор, полиция қызметкерлері бар) мүшелері тарапынан және Тараз қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп келеді. Қалалық емханалар мен мектептер өзара келісілген жоспарға сәйкес, айына бір рет мектептерде гинеколог-акушер дәрігерлерімен жеке бас гигиенасы, тазалық, жұқпалы ауру түрлері мен олардан сақтанудың жолдары туралы кездесу, дәрістер ұйымдастырылуда. Бұған қоса мектеп медбикелері мен психологтарының ұйымдастыруымен қосымша ақпараттық ағарту жұмыстары да өтуде.
Бүгінгі заманның басты талабы – баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мен заң бұзушылық әрекеттерін болдырмау. Сондықтан бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарағанымыз абзал!

Раушан Қожамжарова,
Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы

Comments (0)
Add Comment