Жазғы уақытта 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер жұмыс берушілер тарапынан Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасының шарттары сақталған жағдайда жұмыс істеуге құқылы.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Еңбек заңнамасының негізгі қағидаттарының бірі – еңбек, мәжбүрлі еңбек және балалар еңбегінің ең нашар нышандары саласындағы кемсітушілікке тыйым салу.
Балалар еңбегін қанау – бұл баланың денсаулығына, қауіпсіздігіне, моральдық жағынан қауіп төндіретін жұмыс, сонымен қатар баланың білім алуына жол бермейтін жұмыс.
Жұмыс берушілердің балалармен еңбек шарттарын жасаспауы (болмауы), жалақы төлемеуі, жұмыс режимін сақтамауы, кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген тыйымдар мен шектеулерді сақтамауы неғұрлым тән бұзушылықтар болып табылады.
Жаз мезгілінде ата-аналар тарапынан балалар еңбегін пайдалану туралы көптеген сұрақтар туындайды. Сол сұрақтардың негізгілеріне жауап беруді жөн санадым.
Сұрақ: Балалармен еңбек шарты қанша жастан бастап жасалады?
Жауап: Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде (әрі қарай – Кодекс) балалар еңбегін заңсыз пайдалануға жол бермеу мақсатында еңбек шартын жасасуға жол берілетін жас айқындалды.
Кодекстің 31-бабына сәйкес, он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
Еңбек шарты:
1) орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен;
2) оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;
3) он төрт жасқа толмаған адамдармен кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысуға құқығы бар.
Сұрақ: 14-18 жасқа дейінгі адамдарға қатысты жұмыс режимі қандай?
Жауап: Еңбек заңнамасында 14 жастан 18 жасқа дейінгі адамдарға қатысты қысқартылған жұмыс уақыты режимі бойынша талаптар белгіленген:
– 16 жастан 18 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын;
– 14 пен 16 жас аралығында қызметкерлер үшін – аптасына 24 сағаттан аспайтын.
Сұрақ: Еңбек заңнамасын бұзған жұмыс берушілерге қандай әкімшілік жауапкершілік көзделген?
Жауап: Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін, оның ішінде балалар еңбегін пайдалану кезінде жұмыс берушілерге қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (әрі қарай – Кодекс) сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Кодекстің 86-бабымен:
1.Жұмыс берушінің адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберуі – лауазымды адамдарға – отыз, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілері- не – сексен, ірі кәсіпкерлік субъектілері-не – бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған әрекет (әрекетсіздік) – лауазымды адамдарға – елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға и- сексен, орта кәсіпкерлік субъекті-леріне – бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Г.Олжабаева,
Тараз қаласы әкімдігі
жұмыспен қамту және
әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы