Жасөркендегі жағдай жіті бақылауда

«Апат айтып келмейді» дейді халық даналығы. Расында, кейде табиғат танытқан тосын мінез жұртшылықты сарсаңға салатыны бар. Күні кеше толассыз жауған жаңбыр да Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылының тұрғындарын біраз әбігерге түсірді.

Айталық, 15 сәуір күні сағат 20:35-те Жасөркен ауылында қатты жауын-шашынның салдарынан Жасөркен көшесіндегі №54, 52, 50, 48, 49, 51, 53 тұрғын үйлердің аулаларын және М.Әуезов орта мектебінің аумағын су басқаны туралы ақпарат келіп түскен. Кейін нөсер жауынның салдарынан көлбеу ағын пайда болып, ауылдағы 30-дан астам үй ауласының аумағын, оның ішінде бір тұрғын үй мен уақытша құрылыс нысанына су кіргені анықталды.
Оқиға орнына жедел аттанған жергілікті атқарушы органдар, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 300 қызметкері, 60-қа жуық техника, 6 мотопомпа дереу су басқан аумақтарды тазалауға кірісті. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те ауылға арнайы ат басын бұрып, елді мекен аумағын және оған іргелес аумақтарды тексерді.
Қазіргі таңда ауылдағы барлық аулалар, көшелер судан тазартылған. Жарық, газ тұрақты берілуде. Ауылда ауызсудың сапасын тексеру қорытындысы нақтыланғанға дейін тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету ұйымдастырылуда. Уақытша онлайн оқуға көшірілген М.Әуезов атындағы орта мектеп те балаларды қабылдауға дайын.
Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жасөркен ауылындағы судан тазартылған бірқатар аулалар мен көшелерді аралап, тұрғындардың жай-күйімен танысты. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға зардап шеккен аулалардың бәріне қысқа мерзімде тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар ауыл ішіндегі арықтарды тез арада тазалауды міндеттеді.
Сондай-ақ аудан әкімдігінің шынайы ақпарат беру, көлбеу судың келуін болжай отырып, алдын алу шараларын дер кезінде атқармау, оқиға орнына кешігіп келу секілді сылбыр жұмыстарын сынға алынды. Тиісінше аудан әкіміне қатаң сөгіс, оның салаға жауап беретін орынбасарына қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, ауыл әкіміне қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шара тағайындалды.
Жағдай қайталанбас үшін тау бөктерінен Беларық каналына дейін 2,5 шақырымдық дренаж (сыйымдылығы – 1 текше метр) қазылды.
Ең қуанарлығы, адам шығыны жоқ, мал өлімі фактілері тіркелмеген.

Құрбанәлі Шахабай 

Comments (0)
Add Comment