Жас мұғалім қыздың суициді: Білім басқармасының қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдемесі

Батыс Қазақстан облысында суицид жасаған мұғалімге қатысты облыстық білім басқармасы пікір білдірді.

«Әріптесіміздің отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетін болады. Қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып, оның құрамына білім басқармасының, білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің және құқық қорғау органдарының өкілдері енгізілген»,- делінген хабарламада.

Мектеп директорының берген мәліметі бойынша, қайғылы оқиға болар алдында бірнеше күн бұрын мұғалім науқастанып аудандық ауруханаға түскен.

«16 қаңтарда денсаулығына байланысты мұғалім жұмысқа келмеді. Келесі күні таңертең мектеп директорына қайғылы оқиға туралы хабар түскен. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жедел тексеріс шараларын жүргізуде. Мектеп жұмысы, ұжымдағы ахуал тексерілетін болады. Осы уақытқа дейін ұстаздар атынан шағым түскен жоқ», – делінген облыстық білім басқармасының хабарламасында.

Қайғылы жағдай 17 қаңтар күні Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында болған. Жақындарының айтуынша оны мұндай қадамға әріптестері итермелеген болуы мүмкін, деп хабарлайды  «Мой город» порталы.

Назым Өмірзақова педагогикалық колледжді бітіріп, бірден ауыл мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Алайда келген күннен бастап басшылықпен қарым-қатынасы жақсы болмапты.

«Директордың орынбасары оған ескертулер жасап жүрді, кейде тіпті басқа мұғалімдердің көзінше дөрекілік танытқан кездері болды. Ол «жалақыны қысқартамын, бұйрық шығарамын, жұмысқа орналаса алмайтындай боласың» деп қорқытты. 2022 жылдың желтоқсан айының ортасында олар декреттік демалыста болған мұғалімді жұмысқа шығарып (Назым оның орнына жұмыс істеп жүрген) және Назымды алты сағаттық оқу жүктемесімен қалдырды. Ол соған да қуанды», – деді қаза тапқан мұғалімнің туысы Бекбол Мырзабаев.

bugin.kz

Comments (0)
Add Comment