Жас көшбасшы – тәуелсіз елдің тірегі

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ел дамуының негізгі қозғаушы күші – білімді, бастамашыл және жауапкершілігі жоғары жастар. Кеше Тараз қаласында өткен «Жас көшбасшы – Тәуелсіз елдің тірегі» атты көшбасшылар форумы жас буынның бойындағы көшбасшылық құндылықтарды ашуға, азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және ел келешегіне үлес қосатын жаңа буын жетекшілерін тәрбиелеуге бағытталды.

Форумға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, қалалық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаева және облыстық, қалалық ата-аналар комитетінің мүшелері, өңірдің белсенді жастары, білім беру ұйымдарының үздік оқушылары, еріктілер қозғалысының мүшелері мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Шара барысында қатысушыларға мектептердің әртүрлі бағыттағы жобалары таныстырылды. «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының бірінші қабатында арнайы көрме ұйымдастырылса, екінші қабатта білім беру ұйымдарының үздік бастамалары көпшілік назарына ұсынылды.
– Қазақстанның болашағы – бүгінгі ұрпақтың қолында. Осы тұрғыдан алғанда мұндай форумдар жастардың ой-санасын дамытып қана қоймай, оларды қоғамдық өмірге белсене араластырып, тың идеяларын жүзеге асыруға бағыт береді. «Жас көшбасшы» мәртебесін иеленген әрбір жас – ел тәуелсіздігін нығайтудың басты күші, мемлекеттің дамуына үлес қосатын тұлға. «Жас көшбасшы – Тәуелсіз елдің тірегі» форумы – ел болашағына жауапты тұлғаларды қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Жастардың жаңашыл идеясы, серпінді ойы мен қажырлы еңбегі тәуелсіз Қазақстанды алға жетелейтін қуатты күш болмақ. Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда, – деген қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекқызы барлық қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Бұдан бөлек, форумда №16 орта мектептің «Литмонтаж» шығармашылық тобының оқушылары патриоттық әндер айтып, «Жас дәурен» балалар хореографиялық ансамблі мың бұрала биледі. Ал «Камертон» эстрадалық студиясының бүлдіршіндері «Бейбітшілік болсын әлемде!» вокалдық нөмірін көпшілікке паш етті.
Сондай-ақ шара барысында қалалық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаева «Үздік сынып жетекшісі-2025» қалалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Содан соң форум арнайы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Бұл іс-шара жас буынның ынта-жігерін арттырып, олардың жаңа бастамалар мен жетістіктерге жетуіне жол ашатыны сөзсіз.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment