Таяуда Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрбол Қалдыбаевтың төрағалығымен сыртқы көрнекі құралдардың атауы мен орналасуы туралы зерделеу жұмысының қорытындысы өтті.
Бүгінгі таңда қала бойынша 95 билборд, 38 призматрон, 11 LED-экран, 1 скроллер, 7 шағын архитектуралық нысан мен 12 пилон орналасқан. Бұл – шаһар көшелеріндегі жарнама құралдары.
Алайда бос тұрған, тот басқан, түнгі мезгілде софиттері жанбайтын жарнама құралдары мен ескірген баннерлер қаланың эстетикалық көркін қашыруда. Осыған орай 11-12 шілде күндері Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері қалада орналасқан жарнама құралдарының (билборд, призматрон) жай-күйіне зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Әлеуметтік желілердегі пабликтерде жарнама құралдарындағы мерзімі өткен баннерлердің (мерзімі өткен баннерлердің бетіне жаңа баннерлер іліп, белгіленген мерзімнен соң астынан ескі баннерлердің шығуы) ілініп тұрғаны туралы сыни материалдар жарияланып, қала тұрғындарының пікірлері талқылануда.
Қаланың эстетикалық көркін бұзбау мақсатында анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру және алдағы уақытта әлеуметтік тақырыптағы баннерлердің үстінен жарнамалық баннерлерді орналастырудың алдында қалалық ішкі саясат бөліміне хабарлап, оларды шешу туралы ескерту берілу керектігі айтылды.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ