Жарық күнде жол сілтеген

Мен Рахым ағамен сонау 89-жылдың аяғында, жетпіс жылдан аса өмір сүрген алып Кеңес үкіметінің тағдыры қыл үстінде тұрған кезде, ел ішінде дүрбелең туып, тұрмыс пен болмыс жағаласып, бірде ол, бірде бұл жеңіп, итжығыс түсіп жатқан кезде таныстым.

89-шы жылы Жамбыл педагогика институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімін дайындау жөнінде министрліктің қаулысы шығысымен, кафедраның меңгерушілігіне бекітілген Рахым аға облыстың түкпір-түкпірінен кадр жинауға кіріседі. Табиғатынан қағылез, жүріс-тұрысы ықшам, аңғарымпаз Рахым аға облысқа танымал педагог кадрларды жинап, олардың әрқайсымен тілдесіп, Жамбыл қаласына шақыра бастайды. Мен де осы «ұлы көштің» қатарынан қалмай, Жамбыл қаласы қайдасың деп жөнеп бердім. Осы жерде маған педагогика институтына келуімді құдамыз, Рахым ағаның үзеңгілес серігі Тұрдалы аға ұсынғанын айта кеткен жөн. Сөйтіп, мен институттың табалдырығын аттадым.
Кафедра ол кезде ықшам, небәрі бес-алты оқытушы ғана жұмыс істейді екен. Менің алдымда ғана ол кезде Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін жаңадан тәмамдаған бірнеше маман келіпті. Кафедраны тауып, ағайға жолықпақшы болдым. Жүрегім әлденеге толқиды. Қорқыныш та бар сияқты. Қанша дегенмен институт қой!
Кафедраға кіріп ағайды сұрағанымда, бойы ортадан биік, шағын денелі, қоңыр дауысты, қимылы сергек, дөңестене біткен мұрны жараса біткен, кісіге мейірлене қарайтын, шамалауымша, елулер шамасындағы жігіт ағасы қарсы жүріп, қолын ұсынды. Бұл менің ағаймен алғаш қол алысуым болатын. Содан бері отыз жыл уақыт өтсе де, күні бүгінге дейін мұғалімдер дайындайтын қасиетті оқу ордасының табалдырығын аттаған кездегі ішкі толғаныс пен тебіреніс, Қапаш, Алтай ағалармен, Мақтагүл апаймен кездескен сәттегі толқулар бойымды шарпып өтетін тәрізді.
Бірнеше сын сабақтарын өткізіп, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының білдей оқытушысы болып шыға келдім. Ол кезде институтта жұмыс істейді дегеннің өзі дәреже. Ауылға барғанда «қайда жұмыс істейсің?» десе, кеудеңді кере «институтта!» деп жауап бересің. Жеке оқу орындары деген, ақылы оқу деген жоқ. Бүгінгідей оқытушылар ата-ананың соңынан емес, ата-аналар оқытушылардың соңынан жүгіретін кез. Дегенмен Рахым ағаның қасында жүру – мен үшін ертекпен пара-пар дүние. Өзгелерді қайдам, өз басым ағайша сөйлеп, ағайша жүріс-тұрысты қабылдауға тырысамын. Ағай «Әдебиеттануға кіріспе», кейіннен «Абайтану», «Әдебиет теориясы» сынды пәндерден лекция оқиды. Мен мүмкіндігінше ағайдың лекцияларына қатысуға тырысамын. Бірде Қапаш ағаның, бірде Рахым ағаның лекциясына қатасып жүрдім.
Ағай оқыған лекция ешкімге ұқсамайды. Тіпті негізгі оқулық «Сөз өнері» кітабының авторы З.Қабдоловтың өзі таң қалады-ау. Әдебиеттің бағыттары мен ағымдары, көркем шығарманың тілі, образ және образдылық, типтік бейне, көркем шығарманың композициялық құрылысы, өлең ұйқасы, тағы басқа толып жатқан теориялық түсініктерді жіктеп, жүйелеп түсіндіруде ағай тың мысалдармен өрнектеп, тыңдаушысының өзін еліктіріп әкетеді. Әдебиетті оқытудың өзіндік әдісін қолданады. Студенттер ағайдың сабағында еркін отыруға дағдыланған. Оның басты себебі, оқытушы мен студент арасындағы танымдық айырмашылықты ағай сылып тастап, олармен тең тұрғыда сөйлесуге жағдай жасай біледі. Қажетті тұста жеңіл әзілмен тыңдарманын өзіне тарта отырып, әңгіменің өзегін тиісті арнаға бұрып отыру ағайдың басты қаруы болса керек.
Ал Абай жөнінде лекция оқығанда ағай тіптен басқаша, бейне бір жаңадан түлеп, айналасынан тоят іздеген қыран құстай екі қанатын қомдап тілдің тізгінін ағытқанда, одан асқан шешен, одан асқан көсем жоқ па деп қаласың.
Қараңғы түнде тау қалғып,
Сәулесі суда дірілдеп, – деп бір түйіндеп алады да, Абайдың табиғат тақырыбындағы өзіне ғана тән суреткерлік шеберлігін шабыттана толғай жөнеледі. Одан әрі Пушкиннің Татьянасына соғып, жас қыздың аянышты сәтін «Амал жоқ, қайттым білдірмей» жолдары арқылы айтқанда, көкірегін керген күрсінісін жасырмастан құбылта оқиды да:
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс, – деп барып, махаббат майданындағы ұлы трагедияны Абай поэзиясының биік шоқтығы екендігін ұғындырып өтеді.
Ағай кандидаттық диссертациясын қазақ тілінен қорғағанымен, оның жан дүниесі, ішкі сезімі әдебиетпен қабысып жатыр. Қазақтың маңдайалды ғалымдары М.Әуезовтен, Т.Нұртазиннен, Б.Шалабаевтан, З.Қабдоловтан, т.б. ұстаздардан алған білімі ағайдың үлкен әдебиетші, дарынды ұстаз болуына игі ықпал еткендігі сөзсіз. Ағай өзінің ұстаздары жайлы әңгіме қозғағанда ерекше рухтанып, олардың айтқан сөздері мен қылықтарын майын тамыза әңгімелейді. Ол әр уақытта М.Әуезовтің алдын көрген шәкірт екендігін мақтанышпен айтып отырады. Әуезовтің алдынан дәріс тыңдау ерекше бақыт екендігін сонда барып түсінеміз.
Соның ықпалы болу керек ағай соңғы жылдары Абай шығармашылығымен тығыз айналыса бастады. Әсіресе, Абай мұраларында сөз қолдану ерекшелігіне қатысты тың зерттеулер жүргізді. Мәселен, Абай бір ғана «жүрек» сөзін бірнеше рет құбылтып, түрлі мағынада қолданатынын ағайдың зерттеулері арқылы білдік.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек, – ақын дүниетанымының негізгі арнасы болса, осы бағытта шешуші рөл жүрекке беріледі. Ал Рахым ағай осы «жүрек» сөзінің мағыналық шексіздігін тұшымды оймен жүйелеп көрсетеді. Мысалы, «жас жүрек», «ыстық жүрек», «суық жүрек», «мұз жүрек», «сұм жүрек», «кірсіз жүрек», «ақ жүрек», т.б.
2000 жылы университетке танымал ғалым М.Мырзахметұлы келді. Кафедра меңгерушілігіне тағайындалған Мекемтас аға өңірдегі әдебиетші ғалымдардың әлеуетін арттыруды қолға алды. Жас оқытушыларға ғылыми тақырып беріп, ғылым жолына салса, ал ғылыми бағыты айқындалған Рахым ағаға докторлық диссертация қорғауды жүктеді. Ол кісі әр уақытта «Рахым дайын ғылым докторы ғой» деп айтып отыратын. Кейде әзіл-шыны аралас: «Рахым, докторлық қорғамасаң, пенсияға шығарып жіберемін», – деп риясыз күліп қоятын. Ірілердің әзілдері де ірі, көңілдері кең ғой, шіркін!
Соңғы кездері Рахым аға үзеңгілес серіктері Тұрдалы, Алтынбек, Назар т.б. ағалар жайлы мақала жазып, артта қалған ұмытылмас кезеңдерден сыр шертіп, достарының көңіл қошын көтеріп жүр.
Ұстаз адамның жүрегі нәзік болады ғой, тегінде. Рахым аға бірнеше жақын адамдарынан айырылғанда, оның нәзік болмысы сыр бере ме деп те қорықтық. Сырлас ағасы Қапаштан, ізін басып келе жатқан інісі Төленнен, сүйікті жары Сағымкүлден, сыйлы ағасы Әкім ағадан қапияда көз жазып қалғанда, ағайдың қабырғасы қайыса егіліп жылады-ау. Неге жыламасқа?! Сол кезде біз де үнсіз егілумен болдық, Жаратушыдан ұстаз ағамызға күш-қуат бере көр деп тілеумен болдық. Жарық күнде жол сілтеген Темірқазығымыздан айырмаса екен деп тілеулес болдық.
Айтпақшы, аспан көгінде миллиондаған жұлдыздар болғанымен, соның ішінде тек Темірқазық қана бір орнынан тапжылмастан қозғалмай тұрады екен. Қалған жұлдыздар уақытпен санасып жылыстап, келесі түнге дейін көзден жоғалады. Ал Темірқазық ондай емес. Тұрақтылық қой!
Рахым аға да сол Темірқазық іспеттес. Отыз жыл бойы қандай болса, қазір де сондай. Өзгерген, құбылған, сатқан, сатылған, түрленген жоқ. Тек аздап шау тарта бастаған тәрізді. Бұл да тұрақтылықтың белгісі. Адамзат арасындағы тұрақтылық.
Қапаш аға сексен жасқа толған дүбірлі жиында баяндама жасаған Рахым аға: «Қапеке, сексеннің биігінде тұрып, төменге көз салыңызшы. Біз қалай көрінеді екенбіз?», – деп тебірене сөйлеп еді. Біз де Рахым ағаның сексен жасқа толған мерейлі тойында төменнен жоғары қарап: «Рахым аға, төменде тұрған бізге Сіз баяғы қалпыңыздан өзгермей, Темірқазық болып жол көрсете беріңіз!», – дегіміз келеді. Лайым солай болғай!

Темірбай Мұқашев,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті

Comments (0)
Add Comment