Алматыда жас қыз тұрғын үйдің 25-ші қабатынан секіріп өлді. Сұмдық жайт куәгерлердің телефонына түсіп қалған. Мұндай қадамға баруына онкологиялық дертке шалдығуы себеп болуы мүмкін деп топшылайды оқиға куәгерлері. Қыздың суицид жасамас бұрын балконда 30 минут бойы айқайлағанын да көргендер бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Тарс еткен дауыспен бір тағдыр үзілді. Сұмдық көріністі түрін көрсетпеуін өтінген жігіт түсірген.
Айтуынша, 25-ші қабаттағы балконнан үздіксіз айқайлаған дауыс естіліпті.
“Жиырма бесінші қабаттан естілмеді деймін де, жарты сағаттай айқайлады. Артынан полиция кірді, сол кезде секірді ғой”, – дейді жігіт.
Видеода мәйіттің бетін жауып, сырт көзден қалқалап қойыпты. Жедел криминалистика зертханасы түн ортасына дейін жұмыс істеген.
25 қабатты кешеннің біраз тұрғыны түнде болған жағдайдан бейхабар. Оқыс оқиға түнгі сағат он шамасында болған. Қоршалған аумақты таң атқанша ретке келтіргендіктен, бұл жерде адам өлді деп көбі ойламайды.
Тұрғын үй кешеніндегі күзетші марқұмның бұл жерде тұрмағанын айтады. 25-ші қабатта негізінен тәуліктеп жалға берілетін пәтерлер екен. Ал марқұм пәтердің емес, дәліздің балконынан секірген.
26 жастағы қыздың сөмкесінен онкологиялық ауруға шалдыққанын айғақтайтын анықтаманы көрген куәгерлер де бар екен.
“Олай істеме деп бақырғанын естігем. Сөмкесінде онкология анализдері бар екен. Онкологиямен ауырған екен”, – дейді олар.
Полиция осы жайтқа қатысты тергеуді жалғастырып жатыр. Әзірге бір нәрсені дөп басып айту қиын.
“Қайтыс болған азаматшаның жеке басы анықталды. Ол 26 жастағы қыз. Бостандық ауданы полиция басқармасында ҚК 105-бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталып кетті. Болған оқиғаның толық мән-жайы мен себеп-салдары анықталатын болады”, – дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қыз секірер алдында біреуге аудиохабарлама жібергенін естігендер де бар. Жас қызды өлімге не, әлде кім итермелегенін енді тергеушілер анықтайды.