Жарты ғасыр жыр тілінде ұғысқан

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өнер мен әдебиетті дамыту мақсатында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын-журналист Қайырбек Асановтың «Нұрлы дүние» атты әдеби-сазды поэзия кеші ұйымдастырылды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Сыршыл кеш Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат беретін кітап көрмесінен бастау алды. Өңірге өздерімен бірге ізгілік, іңкәрлікпен қатар өлең ала келген қос ақынның бір шаңырақтың аясында ғұмыр кешкеніне 50 жылдың көктемі өтсе, ал Қайырбек аға 75 жасқа толып отыр екен. 1970 жылдары алғашқы тырнақалды туындыларымен көзге түскен Қайырбек ақынның 1978 жылы «Тұңғыш» атты кітабының тұсауы кесілген.

Кеш барысында ҚР мәдениет саласының үздігі, композитор Әуезхан Салабеков пен танымал композитор Сәрсенбек Бәкір сөз алып, ақынға шығармашылық табыс тілеп, ән тарту етті. Студенттер ақынға өз көкейіндегі сауалдарын жолдап, жаңа өлеңдерін оқыды. Көрермендерге, әсіресе Қайырбек пен Күләштай қос ақынның қалай танысқаны, өмір мен өнер иірімінде бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін қалай білдіретіндіктері қызықтырды.

– Біз танысқанда тым жас едік. Күләштай талдырмаш, көркем, нәзік қызға ғашық болмау мүмкін емес еді. Бір көргеннен ұнатып қалдым. Кейін түрлі сылтау тауып, кездесуге шақырып жүріп, жүрегін жаулап алдым. Күләшқа арнаған өлеңдерім арқылы менің оған деген шынайы махаббатымды сезінуге болады, – деп ақын жүрек тебірене үн қатты.

Қалам ұстаған қос ақын бүгін де тотыдай таранған Тараз төрінде ғұмыр кешуде. Олардың өнегелі өмірінің, ізінің жалғасы Жазира мен Жарқын есімді ұл-қызы бар. Жамбыл топырағының жұрты қос ақынның жырын жатқа оқып, ақындар отбасына деген ниеттері ізгі екенін ақжарма тілек, ыстық ықыласымен танытты.
Көрермендер арасынан ерекше ілтипат білдіріп, жанары оттай жарқылдап, ақынның әр сөзінен әсерленіп жүрген студент қыз ара-тұра ақынға сұрақ қойып отырды. Кейін ақынға бір ауыз жылы лебізін білдіргісі келетінін жеткізді.

– Мен де бала күнімнен өлең жазуға құмармын. Күләш апам сияқты болашақ жолдасымның ақын болғанын, менің жанымды түсінгенін қалар едім. Қайырбек Асанов сынды ақынмен өткен кездесу менің өлең жазуға деген құштарлығымды оята түсті. Бұл екі ақынның бойындағы тазалық, іңкәрлік оқырманға қатты сезіледі. Мен қос ақынның бірнеше өлеңдерін жатқа білемін, – деді колледж студенті Нұргүл Қуанышқызы.

Өлеңмен өрілген кеш соңында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Жанар Орынбаева ақынға ақжарма тілегін арнап, сый-сияпат көрсетті.

Comments (0)
Add Comment