Жарқыра, жайна, Елорда!

Тараздықтар Тұрар Рысқұлов атындағы орталық саябақта Елорда күнін мерекеледі.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Юрий Ефимов

Осыдан 21 жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мемлекет астанасы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшірілді. Содан бері Қазақстан халқы жыл сайын 6 шілдеде Елорда күнін сән-салтанатымен атап өтуде. Қалың бұқара жаппай тойлайтын мерекеден тараздықтар да қалыс қалған жоқ. Тұрғындар мен балалардың басын қосқан «Ел астанасы – Нұр-Сұлтан» салтанатты шарасына шаһар басшысы Қайрат Досаев арнайы қатысты. Өз сөзінде ол «әлем қаласы» атанған жас астанамыздың тарихи шаһармен бірге біте қайнасып, қатар дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
– 21 жылдың ішінде Елордамыз дамудың озық үлгісін көрсетті. Өзінің әсем ажарымен, көз тартар архитектуралық келбетімен әлемнің ең озық астаналарының қатарын толықтырды. Тарихи шаһардың тұрғындары үшін де бұл мерекенің маңызы зор. Әр қала өз тұрғындарымен бақытты. Әр ел өз астанасымен мақтанады. Баршаңызды еліміз үшін айшықты мерекемен шын жүректен құттықтаймын,– деді Қайрат Әскербекұлы.
Салтанатты жиында қала әкімі бірқатар қала тұрғындарын арнайы құттықтап, белсенді азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында ТарМУ, ТарМПУ, ТИГУ-дің кафедра меңгерушілері Сағат Мұқышев, Гүлнұр Исабекова, Жомарт Күмісбек сынды азаматтар бар.
Мерекелік жиынға келген көрермендер Әсел Уашева, Мадина Бердиярова, Диас Әбілбеков пен Бахром Муминовтың орындауындағы «Город мой» әнін зор ықыласпен тыңдады. Жандос пен Марат Омаровтың «Нұрлы Астана» және «Арман қала Астана» шығармалары көптің көңілін толқытты. Қалалық мәдениет үйі мен облыстық филармонияның өнерпаздары жоғары шеберлік көрсетіп, көрермендердің алғысына бөленді. Ал кішкентай қонақтар үшін осы айтулы күні Тұрар Рысқұлов атындағы саябақ әкімшілігі барлық аттракциондарға 50 пайыздық жеңілдік сыйлады.

Comments (0)
Add Comment