Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы ертеңге деген сенім тұрғысынан қарағанда, тура осылай бағалауға болатын тарихи құжат болды.
Бұған дейін Қазақстан Президентінің Жолдауы жылына бір-ақ рет жарияланып келсе, биыл ел назарына екі Жолдау ұсынылды. Мұның өзі тарихи реформалар алдында тұрған еліміздің саяси самарқаулықтан арылуға бет бұрғанын көрсетсе керек. Өйткені әлемді абдыратып отырған геосаяси ахуалдың салқыны біздің елді айналып өтуі мүмкін емес. Осы Жолдау осынау сын-қатерлер ықпалына қарсы тұру шараларын қамтуымен дараланды.
Әділетті Қазақстан құрудың сара жолын салмақтаған құнды құжат ел экономикасының тарихи мүмкіндіктерін тамырынан талдап, даму нәтижелерін қарапайым халық көруі керектігін нақтылап берді. Мәселен, Ұлттық қордағы инвестициялық түсімнің 50 пайызын 2024 жылдан бастап еліміздің 18 жасқа толмаған азаматтарының жеке есепшотына аударуы, әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 болып белгіленуі елдегі әлеуметтік теңсіздікті жоюға, ел байлығы игілігін барлық азаматтар көруіне септігін тигізері даусыз. Сондай-ақ сот жүйесі мен құқық қорғау саласын, ауыл шаруашылығы секторын реформалау бойынша ұсынылған негізгі бағыттар Әділетті Қазақстан құру жолындағы тарихи қадамдар болғанын баса айтуымыз керек.
Түйіндей айтқанда, Президенттің осы жолғы Жолдауы ел күткен үмітті еңсерді. Мемлекет басшысының өкілетті мерзімін жеті жылға ұзарта отырып, сайлану мерзімін бір мерзіммен шектеу бастамасы да билікті монополиялау үрдісін ретке келтіру мүмкіндігін тарих сахнасына алып шықты. Жеті жыл – аз мерзім емес. Реформалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне жеткілікті уақыт. Сонымен қатар Президент сайлауы мен Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу мәселесі де – қоғам мен бұқара халық күткен саяси реформалардың алғашқы қадамы.
Ескі мен жаңаның ортасынан жаңғыру жолын айқындап, жарқын сәттердің жаршысына айналған Жолдау билік тармақтарына ғана емес, барша қазақстандықтарға тарихи жауапкершілік жүктейді. Сайлаудағы таңдау еркіндігін пайдалану, нашақорлық және есірткі саудасына тосқауыл болу, жемқорлықтың жолын кесу секілді қоғам серпілісінің нәтижелері – баршамызға ортақ құндылық. Мемлекет басшысы осынша ауқымды міндеттер мазмұнын ұлттық деңгейдегі жауапкершілік санай отырып, өзі үшін де Отанның дамуы мен игілігінен асқан құндылық жоқ екенін қадап айтты.
Жаңғыру, жаңару табалдырығында тұрған Қазақстанның гүлденуі – баршамыздың бақуатты тірлігіміз. Ендеше, Президент айтқандай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жарқын болашақ үшін жұмыла күресейік!
Дауыл БЕЙСЕНҚҰЛОВ, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы