Жарқын болашақ – жастардың қолында

Жастар – елдің тірегі, дамуға жетелейтін негізгі күш. Сондықтан жарқын болашақ тек солардың қолында.

Жастық шақтың маңыздылығын түсіндіру үшін дінімізде: «Бес нәрсе келместен бұрын бес нәрсені олжалап үлгер (қадірін біл): қарттық келместен бұрын жастық шақты, ауру келместен бұрын денсаулықты, кедейлік келместен бұрын байлықты, қарбалас келместен бос уақытты және ажал келместен бұрын тіршілікті». Бұл жерде олжалау деп уақытында ұстап қалмаса, айырылып қалатын, жоғалтып алатын нәрсе үшін қолданған.
Жастар дүниеге келе салысымен есті болмайды, қоғамда адамдармен араласу арқылы естіп, көріп, дәм татып, естілердің жанында жүру арқылы есіне сақтап қана естілер қатарын толықтырады. Ал осы естілердің қатарынан саналуы үшін күніне немесе айына бір рет болсын өз-өзіңе есеп беріп отыру қажеттілігін айтады. Жастар тәрбиесіне байланысты ұлағатты сөздердің арасында Мәлік Ғабдуллин сынды ғалымның сөздері де кездеседі. Профессор: «Бүгінгі жастарды ұлтжандылық рухта тәрбиелеуде ақын-жыраулардың өнеге сөздерінің белгілі мөлшерде пайдасы бар екені хақ. Мұндағы тәрбиелік мәні бар әңгімелер жастарға жат емес. Халықты сүй, халық үшін ерлік еңбек ет, ел-жұртқа қорған бол деушілік, қазіргі күнде ескірген сөздер емес, қайта мағыналы мәнді сөздер», – деп айтқан. Расында, жастарды ұлтжандылыққа, патриоттық сезімге, елін, жерін сүюді үйрететін болсақ, ертеңгі күні өз елінің нағыз азаматы болып өсері даусыз.
Шыны керек, жастарға тәрбие беру – қазіргі таңда қиынның қиыны. Олармен сұхбаттасу үшін заманауи технологиядан арылулары қажет деген ойға келесің. Өйткені тәрбие беру барысында айтылған әрбір сөз олардың ішкі жан дүниесіне әсер етуі қажет. Ал қазіргі таңда олардың гаджеттері өмірлерінің бөлшегіне айналғандықтан, айтылған сөз иесін таба алмай қалып жатыр. Қазіргі ата-аналардың балаларына көңіл бөлудегі уақыттың болмауы, смартфон секілді құрылғыларды пайдаланудың белең алуы секілді оқиғалар жастар тәрбиесіне кері ықпалын тигізеді. Бұл жастардың ата-анасынан емес, ғаламтордан тәрбие алып жатыр деген сөз. Егер дәл осындай қалыпта жалғаса беретін болса, жастарымыз майдаланып, ұлттық кодтың сақталуына күмәнмен қарайтын боламыз. Сондықтан жастар тәрбиесі баршамыздың иығымызға артылған үлкен бір парыз, жүк болып есептеледі. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, тарихын үйрету, тілін сақтау, дәстүріне берік болу, дінін мықтылап ұстату – баршамызға ортақ міндет.

Д.Құттыбаев,
Тараз қалалық «Әбдіқадір»
мешітінің имамы, дінтанушы

Comments (0)
Add Comment