Жарқын болашаққа жол салған «Жайлы мектеп»

Еліміз егемендігін еншілеген сәттен бастап білім саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта қолға алынған баянды бастамалар мен жарқын жобалар да жетерлік. Осының нәтижесінде, білім биігін бағындырған дарынды өрендердің де қарасы көбеюде.

2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды. Ол орта білім беру саласындағы апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды жою және оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған.
«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жайында.
Жалпы, «Жайлы мектеп» жобасы – еліміздің білім беру саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба аясында салынған жаңа оқу орындары өңірлердегі білім беру инфрақұрылымын нығайтып, оқушыларға қолайлы ортада сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы өткен жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да оқу-ағарту саласын назардан тыс қалдырмады. «Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын», – деген Президент осы бағытта атқарылатын жұмыстардың әлі де ауқымды екенін баса айтты.

Әу баста ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 842 мың оқушыға арналған 401 мектеп тұрғызу қарастырылды. Жалпы бюджеті де мол – 2,6 трлн теңге болды. Кейін бюджет тапшылығына байланысты жоспар түзетіліп, барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу міндеті белгіленді.
Алайда ел Үкіметінің 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №1079 қаулысымен қаржыландыру сомасы 1,5 трлн теңгеге дейін кеміп, ашылатын жаңа оқушы орындары 460 400-ге дейін, салынатын мектеп саны 217-ге дейін, яғни екі еседей қысқартылды. Нақтылағанда, Samruk-Kazyna Construction компаниясы іске асырып жатқан «Жайлы мектепке» Ұлттық қордан 2023-2025 жылдары 1 триллион 493 млрд теңге бөлінді: 2023 жылға – 500 млрд, 2024 жылға – 646 млрд, 2025 жылға – 347 млрд теңге.
Ұлттық жоба аясында бой көтеретін білім ордаларының жалпы саны 401-ден 217-ге дейін күрт азайса, онда Президент қойған міндет – «апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындары тапшылығын жою» мәселесі қалай шешіледі?
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, «Жайлы мектеп» аясындағы мектеп санының елеулі азайтылғанына қарамастан, еліміз бойынша кейінгі екі жылда тұрғызылған орта білім ордаларының жалпы саны ұлттық жоба көрсеткіштерінен айтарлықтай асып түсті. Себебі құрылысы ұзаққа созылып кеткен бұрынғы біраз мектептің ғимараты ақыры іске қосылды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен жемқорлардан тәркіленген қаражат та мектеп салуға бағытталады. Білім инфрақұрылымын қолдау қорынан 100 мыңдай оқушыға арналған 89 мектептің құрылысы қаржыландырылыпты.
«Нәтижесінде, 2023-2024 жылдары республикада «Жайлы мектепті» қоса алғанда, жалпы саны 422 мектеп салынды. Оларда 510 мың оқушы орны қарастырылған. Тарата айтсам, 2023 жылы 137 мың орындық 165 жаңа мектеп қолданысқа берілді. 2024 жылы 373 мың оқушы орны бар 257 жаңа мектеп ел игілігіне тапсырылды», – дейді Ғани Бейсембаев.
Министр екі жылда 422 мектептің іске қосылуы ел тарихындағы рекорд болғанына назар аудартты. Бұл 32 апатты мектеп пен 71 үш ауысымды мектептің проблемасын, сондай-ақ 200 мектептегі оқу орнының тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берген.
Сөйтіп, республикалық және жергілікті бюджеттердің, сондай-ақ бюджеттен тыс көздердің есебінен жаңа мектептер саны жөнінен жоспар асыра орындалды. Оқушы орны жөнінен (842 мың орнына 510 мың) кемдеу, бірақ статистикаға әзірге 2025 жылдың көрсеткіштері кірген жоқ, онымен оқушы орны бойынша да жоспар артығымен орындалуы мүмкін. Оқу-ағарту министрі биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 112 орта білім ұйымы шәкірттерге есігін ашатынын айтты. Мемлекет тек мұнымен шектелмейді: осы жыл аяқталғанша елде шамамен 300 мың оқушыны сиғыза алатын 200 жаңа мектеп салу жоспарланған.
Осылайша 2024 жылы АО «Samruk-Kazyna Construction» 208 мектептің 104-ін аяқтап, 217 300 оқушыға екі ауысымда білім алуға мүмкіндік берді. Жаңа білім мекемелері қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасын теңестіруге бағытталған, балаларға заманауи және қолайлы ортада жан-жақты даму мүмкіндігін ұсынады.
«Жайлы мектептің» айырмашылығы неде? Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған.
Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады.
Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.
Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.
Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.
Сонымен қатар жайлы мектептердің ауданы қарапайым білім ошақтарына қарағанда 15-20% кеңірек, ал техникалық жабдықталуы 4 есе артық болады. Жалпы білім беретін мектептерден айырмашылығы – жаңа мектептерде 3-4 спорт залы бар. Мектеп аумағында спортпен шұғылдануға және басқа да іс-шараларға арналған алаңдар жасалып, ерекше балалар үшін кедергісіз орта қамтамасыз етіледі. Пандустар, лифттер, арнайы дәретханалар және инклюзивті білім беру кабинеті қарастырылады. Сыныптарда заманауи компьютерлер мен интерактивті тақталар орнатылып, бейнебақылау және кіріп-шығуды бақылау жүйелерін орнату арқылы мектеп аумағы мен ішіндегі қауіпсіздік қамтамасыз етіледі.
Ал 2025 жылдың соңына дейін тағы 104 мектептің құрылысы аяқталып, мыңдаған қазақстандық оқушылар жаңа, сапалы білім ордаларына қадам баспақ. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті: «Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Елімізде заманауи талаптарға сай келетін тірек мектептер желісі құрылады. Менің тапсырмам бойынша үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде тағы 1 300 мектеп жаңғыртылады. Сонымен қатар Үкімет жеке инвестицияларды тартып, заманауи мектептер салуға жағдай жасауы қажет.»
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылда елде 422 жаңа мектеп салынса, оның 105-і – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген. Бұл 510 000 жаңа оқушы орнын қамтамасыз етіп, 32 апатты мектептің және 71 үш ауысымды мектептің мәселесін шешті. Сонымен қатар 200 мектептегі оқушы орындарының тапшылығы азайды. Жайлы мектептер мәдени, шығармашылық және спорттық даму орталықтарына айналып, балалардың жан-жақты қызығушылықтарын арттыруға және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді.
Ұлттық жоба – жай ғана мектеп ғимараттарын салу емес, балалардың болашағына арналған инновациялық білім беру ортасын қалыптастыру. Егер қоғамның бар бөлшегі бұл бастамаға қолдау көрсетсе, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мемлекеттік бағдарлама аясында ғана қалып қоймай, ел болашағын жарқын ететін ауқымды қозғалысқа айналмақ.
Мемлекет басшысының білім саласындағы бастамаларын жүзеге асыру шеңберінде Жамбыл облысында 2023 жылы 7 жайлы мектептің құрылысы басталып, оның 3-еуі 2024 жылы пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Байзақ ауданында – 1 мектеп, Тараз қаласында «Бәйтерек» және «Ұлы дала» шағынаудандарында 2 мектеп оқушылар игілігіне берілді. Нәтижесінде Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейінде үш ауысымда оқыту мәселесі шешілді.
Солардың қатарында №66 білім ордасы балғындарға есігін айқара ашты. Жаңа мектептің құрылысын «Integra Construction KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Samruk-kazyna construction» акционерлік қоғамының үйлестіруімен жүргізген. Мектепте білім алушылар мен педагогтарға қауіпсіз және жайлы жағдай жасалған. Соның арқасында республикалық байқауда топ жарған оқушылар саны артқан. Оқу ордасында бастауыш сыныптар басқа блокта, ал жоғары сыныптар өз алдына бөлек білім алады. Екіншіден, барлық пән кабинеттері панельдік тақталармен жабдықталған. Үшіншіден, спорт залы – екеу. Әр спорт залында ұлдар мен қыздар киім ауыстыратын 4 бөлме қарастырылған. Төртіншіден, компьютер кабинетінде арнайы жабдықтар, әр балаға жайлы креслолар берілген. Бесіншіден, әр қабатта 3 коворкингтен бар. Алтыншыдан, мәжіліс залы, кең 265 адамға арналған. Сахнасы заманауи экрандармен жабдықталған. Бұдан бөлек асханасы өте кең. Бір мезгілде 350 оқушы тамақтана алады. Үлкен бассейні бар. Кітапханасында да барлық жағдай жасалған. Шахмат бұрышы бар. Мектеп кітапханасында 29 мыңға жуық кітап қоры бар. Оның ішінде 1 000-нан астам данасы – көркем әдебиет. Бір сөзбен айтқанда, жайлы мектеп – баланың білім алуына өте ыңғайлы, қолайлы білім ошағы.
Ал Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында ашылған жаңа білім ошағының құрылысын «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС жүргізген. Оқу ордасы 600 балаға шақталған. Оқушылар үшін барлық жағдай қарастырылып, кабинеттер техниканың соңғы үлгісімен жабдықталып отыр. Ғимаратта 35 оқу бөлмесі, 2 спорт зал, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана, ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана қарастырылған. Бұдан бөлек, балаларға оқулықтар мен жеке заттарын сақтауға арналған жеке шкафтар қойылған. Жайлы мектепке толығымен бейнебақылау камерасы, сондай-ақ жеделсаты орнатылған.
– Мемлекет басшысының бастамасымен ауылымызда зәулім білім ошағы бой көтеріп, қуанышымыз еселеніп жатыр. Жаңа білім нысаны ауылымыздың ажарын ашып тұр. Мектептерде орын тапшылығы болғандықтан, ұл-қыздарымыз көрші ауылдарға қатынап, білім алуға мәжбүр болды. Ұлттық жобаның шарапаты біздің ауылға жетіп, балаларымыз жайлы мектепте білім алғалы отыр. Ғимаратты аралап, ұл-қыздарымыз үшін заман талабына сай барлық жағдай жасалғанына көз жеткіздім. Бірінші сыныпқа баратын ұлымның жаңа әрі жайлы мектепте білім алатынына шексіз қуаныштымын. Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Гүлзада Мыңжасарқызы.
Облыс орталығында бой көтерген «Жайлы мектептің» бірі – №67 орта мектеп. 1200 орынға арналған білім ошағының құрылысы 2024 жылдың 21 қарашасында аяқталып, шәкірттерге есігін айқара ашқан. Қазіргі таңда мұнда 800-ге жуық оқушы білім алуда. Мектепте 2 спорт залы, 10 коворкинг орталығы, 3 шеберхана, 3 зертхана, 2 лингафон кабинет бар. Еңселі кітапхана, 256 орындық мәжіліс залы мен 344 орынға арналған асхана да көрген кісінің көңілін қуантады. Панельдік тақтамен жабдықталған 59 оқу кабинеті де талапқа сай. Мұғалімдер үшін үш бөлме бар. Ол бөлмелерде де жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылған компьютер, панельдік тақталар қойылған. Мектеп ауласында басқа мектептерден көлемі екі есе үлкен футбол алаңы және ойын алаңдары, бір мезгілде 80 көлік сыятын автотұрақ қамтылған. Тағы бір айта кетерлігі, мектепте «Вокал», «Домбыра», «EasyAgylsһyn», «Робототехника», «Шабыт» би, «Жас қауырсын» ақындар үйірмесі және «Шамшырақ» мектеп театры жұмыс істейді. Сонымен қатар «Reading Time», «Шебер педагог», «Білім» және «Цифрлы мектеп» жобалары жүзеге асып келеді. Оқушылар теннис, тоғызқұмалақ, шахмат, волейбол, футбол футбол секілді спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылдана алады.
Ұлттық жоба аясында биыл «Ұлы дала» шағынауданында 2 000 орындық тағы бір жайлы мектеп пайдалануға берілді. №69 орта мектеп ғимаратының құрылысы «Отау-Строй» ЖШС мердігер ұйымының қатысуымен салынған. Мектептің жалпы ауданы 23 мың шаршы метрден асады. Онда 98 оқу кабинеті бар. Ерекшелігі – ұлттық жоба талаптарына сәйкес бұл мектептегі технологиялық жабдықтау деңгейі стандарттан 4 есе жоғары. Аймақтың сейсмикалық ерекшеліктерін ескере отырып, жобалау және салу кезінде ғимараттың кеңістіктік қаттылығы мен 8балдық жер сілкінісіне төзімділігін қамтамасыз ететін антисейсмикалық шаралар кешені жүзеге асырылған.
Жаңа үлгідегі мектепте 97 кабинет, 3 шеберхана, 6 зертхана, 4 компьютерлік сынып, хореографиялық залдар, коворкинг-орталықтар, үлкен асхана және 4 спортзалы қарастырылған. Сыныптарда интерактивті тақталар орнатылған. Білім ұясында 1 310 оқушы оқиды. Жанында ойын және спорт алаңдары орналасқан. Қауіпсіздік мәселелері басты назарда: нысан заманауи бейнебақылау және кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталған, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі және санитарлық нормаларға толығымен сәйкес келеді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін толық инклюзивті орта жасалып, лифттер, арнайы дәретханалар және инклюзивті оқу кабинеттері орналастырылған. Әр қабатта ауызсу бұрқақтары қарастырылған. Ал оқушылар үшін жеке заттарын сақтауға арналған шкафтар бар.
Ал 2025 жылы 21 білім нысанының құрылыс пайдалануға беріледі деп күтілуде. 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалмақ. Сондай-ақ Мемлекет басшысының үш жыл ішінде еліміздегі 1 300 мектепті қайта жаңартуды жүргізу тапсырмасына сәйкес, 2025-2027 жылдары өңірде 66 мектеп жаңартылмақ.
Жалпы, бүгінде Жамбыл облысында үш ауысымды 1 ғана мектеп қалып отыр. Ол – Қордай ауданы, Қарасу ауылындағы №7 орта мектеп. Мұнда оқушы санының артуына байланысты үш ауысымды оқыту жүйесі енгізілген. 2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептің салынуы бұл мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Осылайша, өңірде үш ауысымда оқыту тәжірибесі толығымен жойылады.
Қорыта айтқанда, жайлы мектеп, жалпы жаңа мектеп – сапалы білім алу және денсаулығын нығайту үшін жас ұрпақ өкіліне берілген зор мүмкіндік. Әрбір баланың оқуы мен жан-жақты дамуына лайықты жағдай жасалғаны жөн. Ендеше Президенттің болашаққа бағдарланған бұл ұлттық жобасының стратегиялық маңызы бар. Оны орындауда туындаған олқылықтарды жою бағытында жұмыс жүргізіліп жатқаны көңілге үміт ұялатады.

Comments (0)
Add Comment