Жарқын болашаққа бастайтын жол

Биылғы Жолдау «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген аса үлкен мақсаттарды белгілеген тақырыппен шығып отыр.

Жалпы бес бөлімнен тұратын Жолдаудың түпкі мақсаты – мемлекетімізді дамыту мен халқымыздың жағдайын жақсарту. Оның ішінде «Заман талабына сай тиімді мемлекет», «Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету», «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика», «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі», «Қуатты өңірлер – қуатты ел» сияқты басты бағыттар мен міндеттер ерекше маңызға ие болып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жаңашылдыққа толы Жолдауында көптің ойында, жұрттың көңілінде жүрген жер мен мемлекеттік тілдің келешегіне де үлкен көңіл бөлді. Жасыратыны жоқ, көптен бері ата-бабамыздан аманат болып қалған қасиетті жерімізді сату мәселесіне орай ел ішінде жүрген алып-қашпа сөзге Қ.Тоқаев нақты нүкте қойды. Бұл тұста Президентіміз: «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді», – деп қалың елді толғандырып жүрген мәселенің түйінін шешті.
Екінші, тіл мәселесіне келгенде Президент қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ана тіліміздің мәртебесін көтеру алғы шепке шығып отырғандығын көпшілік аса зор қуанышпен қабылдап отырғаны ақиқат.
Сонымен қатар Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру міндеті қойылып отыр. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату алдағы уақыттағы атқаратын жұмыстың басым бағытына айналуына аса зор ықпал етері сөзсіз. Өйткені азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу бүгінгі таңда аса маңызды екені көпке мәлім. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аударуды мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтарына айналдыруды қолға алды.
Сондай-ақ Президент митингілер туралы заңнаманы жетілдіру мәселесіне ден қоя отырып, Ата Заңымызға сәйкес азаматтардың өз ойын еркін айтуға құқығы бар екендігін баса айтты. Алдағы уақытта мемлекеттік құрылысқа кері әсері жоқ, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнама аясында бейбіт акциялар және наразылық шараларын ұйымдастыру тәртібі мен өткізу орындары қайта қаралмақ.
Биылғы Жолдауда азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтерген Қ.Тоқаев елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларына кеңінен тоқталып, қоғам дертіне айналып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті аяусыз жүргізудің басты бағыттарын айқындап берді. Бұл орайда, Мемлекет басшысы «сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ» деп ашық мәлімдеді.
Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздік мәселесін көтерген Мемлекет басшысы сот шешімдерінің сапасын арттыру, полиция жұмысының тиімділігін көтеру, бүгінде келеңсіз жағдаймен көрініп жүрген браконьерлік проблемасын да назардан тыс қалдырмады.
Жаңа Жолдауда ел экономикасын дамытуға тың серпін беру мақсатында Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясы мен Ұлт жоспарын іске асыру айрықша маңызға ие болды.
Сонымен қатар жылдың бас құжатында тиімді шағын және орта бизнесті өркендету арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне қол жеткізу жолдары нақтыланып көрсетілген.
Сондай-ақ Президент елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету мақсатында Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінгендігін мәлімдеді. Тағы да бір назар аударатын мәселе – 2020 жылдың қаңтарынан бастап шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешім күшіне енбек.
Әрине, барша қоғам Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауынан мемлекет алдында тұрған басты міндеттерді ашық көре отырып, бағытымыздың айқын екеніне толық көз жеткізді деп ойлаймын. Өйткені Президент Жолдауы еліміздің жарқын болашағының шамшырағы іспетті. Ал іргесі бекіген еліміздің жаңа белестерге жету жолындағы барлық мақсатты істері халқымыздың игілігі мен мемлекетіміздің өркендеуі үшін жасалғалы отырған табанды тірліктер деп білемін.

Қаржаубай Бекболатов,
Тараз қалалық қоғамдық
кеңесінің төрағасы

Comments (0)
Add Comment