Жанарларға жарық сыйлаған мекен

Адам өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі – көру қабілеті. Жарық әлемнің бояуын, жақын жандардың жүзін, туған өлкенің табиғатын көз арқылы қабылдаймыз. Көру – тек физиологиялық мүмкіндік емес, ол – өмір сапасы, қауіпсіздік, сенімділік, болашаққа деген үміт. Осындай баға жетпес құндылықты сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған өңірдегі жетекші медициналық ұйым – Жамбыл облыстық офтальмологиялық орталығы.

Жуырда Жамбыл облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының бастамасымен аталмыш орталықтың тыныс-тіршілігімен, заманауи диагностикалық жабдықтарымен, хирургиялық және лазерлік операциялар жүргізілетін бөлімдерімен танысып қайтқан едік.
Тарихы 1996 жылдан бастау алатын орталық бүгінде халықаралық сапа стандарттарына сай келетін, жоғары технологиялармен жабдықталған заманауи медициналық кешенге айналған. Коммуналдық кәсіпорын деңгейінен кәсіби, көпбейінді, инновациялық орталыққа дейінгі жол – жүйелі еңбектің, стратегиялық дамудың және медицинадағы үздік тәжірибелерді енгізудің нәтижесі. Осы жылдар ішінде мекеменің басты мақсаты өзгерген жоқ. Жамбыл облысы тұрғындарына және еліміздің азаматтарына қолжетімді, сапалы, қауіпсіз офтальмологиялық көмек көрсету – мекеменің күнделікті жұмысы.
Орталық қызметі профилактикадан бастап, дәл диагностикаға, тиімді емдеуге және оңалтуға дейінгі толық циклді қамтиды. Заманауи диагностикалық база көз ауруларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жоғары дәлдіктегі Verion, Argos, IOL-Master аппараттары, OCT-ангиография, электрофизиологиялық зерттеулер, лазерлік жүйелер – барлығы диагнозды нақты қойып, әр пациент үшін жеке ем тактикасын таңдауға жағдай жасайды. Бұл жерде әрбір көз – ерекше, әрбір жағдай жеке қарастырылады.
Бүгінде орталық офтальмологиялық көмектің барлық негізгі бағыттарын ұсынады. Пациенттер жетекші мамандардың консультациясын алып, дәрі-дәрмекпен және физиотерапиялық ем қабылдай алады, заманауи лазерлік операциялар мен микрохирургиялық араласулар жасатады. Катаракта мен глаукоманы хирургиялық емдеу, рефракциялық мақсатта көз бұршағын алмастыру, факикалық линзаларды имплантациялау, кератоконус кезінде интрароговицалық сегменттер орнату, кросслинкинг, тор қабық ауруларында ангиогенез ингибиторларын интравитреальды енгізу – барлығы өңір тұрғындары үшін қолжетімді.
– Соңғы жылдары орталықта витреоретиналдық хирургия енгізілуі үлкен серпіліс болды. Көздің ең терең құрылымдарына жасалатын аса күрделі операциялар бұрын тек ірі мегаполистерде орындалатын. Енді тор қабықтың ажырауы, гемофтальм, макулярлық жыртылу секілді ауыр диагнозы бар пациенттер облыстан шықпай-ақ жоғары технологиялық көмек ала алады. 2025 жылдың наурыз айынан бастап МӘМС аясында жүзден астам витреоретиналдық операция жасалуы осы бағыттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Операциялық бөлімдерде орнатылған Centurion және Constellation жүйелері микрохирургиялық дәлдікті жаңа деңгейге көтерді. Бұл жабдықтар операция кезінде қауіпсіздікті арттырып, оңалту мерзімін қысқартады. Нәтижесінде операциядан кейінгі асқынулар деңгейі бірнеше есе төмендеп, хирургиялық белсенділік 100 пайызға жетті. Жыл сайын мыңдаған адам жоспарлы және шұғыл түрде ота жасатып, көру қабілетін сақтап қалуда.
Орталықтың тәулік бойғы шұғыл қызметі – өңір үшін стратегиялық маңызы бар бағыт. Көз жарақаттары мен жедел қабыну аурулары кезек күттірмейді. Мұндай сәтте уақыт – шешуші фактор. Травматологиялық пункт жылына 15 мыңнан астам пациент қабылдайды. Кезекші дәрігерлер тәулік бойы қызмет көрсетіп, ең күрделі жағдайларда да көру мүшесін сақтап қалуға бағытталған операцияларды жүзеге асырады. 2025 жылдан бастап орталықта витреоретиналдық хирургия енгізілді. Бұл – көздің ең терең құрылымдарына жасалатын аса күрделі операциялар. Бұрын өңір пациенттері үшін қолжетімсіз болған бұл қызмет енді Жамбыл облысынан шықпай-ақ көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді, – деді облыстық офтальмологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Жансая Сыдықова.
Жансая Әділханқызының айтуынша, торлы қабықшаның сылынуы, қант диабетінің салдарынан көздің шыны тәрізді денесіне қан құйылулар, жарақаттан болған көзбұршағының торлы қабықшаға люксациясы, көздің барлық қабықшаларының қабынуы, макулярлық жыртылу диагноздары бар пациенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылған. 2025 жылдың наурыз айынан бастап МӘМС аясында 100-ден астам витреоретиналдық операция сәтті жүргізілген.
Жыл сайын 1 500-ден астам пациент МӘМС және ТМККК аясында ауруханаға жатқызылады екен. Консультативтік-диагностикалық бөлімде 16 мыңнан астам адам тексеруден өтеді. Күндізгі стационарда 2 000-нан астам, тәулік бойғы стационарда 1500-ден астам операция жасалады. Ақылы бөлімде 5 000-нан астам хирургиялық араласу орындалады. Бұл көрсеткіштер – халық сенімінің және көрсетілетін медициналық көмектің жоғары сапасының айқын дәлелі.
Соңғы жылдары орталықта эстетикалық және функционалдық бағыттағы хирургия да қарқынды дамып келеді. Соның ішінде қазіргі заманғы блефаропластика ерекше сұранысқа ие. Блефаропластика – қабақтың артық терісін, май тіндерін түзету арқылы көз аймағының эстетикасын қалпына келтіретін, сонымен қатар көру аймағын кеңейтуге мүмкіндік беретін операция. Көп жағдайда жоғарғы қабақтың салбырауы көру өрісін тарылтып, адамның күнделікті өмір сапасына әсер етеді. Мұндай жағдайда блефаропластика тек косметикалық емес, медициналық көрсеткіш бойынша жасалады. Орталықта блефаропластика заманауи микрохирургиялық әдістермен, жоғары дәлдіктегі құрал-жабдықтар арқылы орындалады. Тілік сызықтары табиғи қатпар бойымен жүргізіліп, операциядан кейінгі тыртықтар барынша байқалмайтындай етіп жасалады екен. Кей жағдайларда трансконъюнктивалдық әдіс қолданылып, теріге сыртқы тілік жасалмайды. Бұл әдіс оңалту кезеңін жеңілдетіп, науқастың қалыпты өмірге тез оралуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар төменгі және жоғарғы қабаққа бір мезгілде кешенді түзету жүргізу тәжірибесі кеңінен қолданылады.
– Блефаропластика орталықта тек эстетикалық нәтижеге ғана емес, қауіпсіздік пен функционалдық тиімділікке бағытталған. Операция алдында толық офтальмологиялық тексеру жүргізіліп, көз жасының жағдайы, қабақтың анатомиялық ерекшеліктері, көру өткірлігі ескеріледі. Бұл кешенді көзқарас операция нәтижесінің ұзақ мерзімді әрі тұрақты болуына ықпал етеді. Орталықтың басты күші – оның кадрлық әлеуеті. Біздің орталықта 150-ден астам маман еңбек етеді. Жоғары және бірінші санатты офтальмологтар, тәжірибелі хирургтар, кәсіби мейіргерлер мен техникалық қызметкерлер бірлесе отырып, бір мақсатқа қызмет етеді. Көптеген дәрігерлер шетелдік клиникаларда тағылымдамадан өтіп, заманауи әдістерді меңгерген. Мекеменің директоры – «Құрмет» орденінің иегері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Қайрат Әбдікұлов. Оның стратегиялық басқаруы мен жаңашыл бастамалары орталықтың үздіксіз дамуына жол ашты. Бас дәрігер, жоғары санатты офтальмохирург Бақыт Досжанова да өңір офтальмологиясының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Кәсіби команда мен мықты басқару жүйесі – орталық табысының негізгі тірегі, – дейді бас дәрігерінің орынбасары Жансая Сыдықова.
Жамбыл облыстық офтальмологиялық орталығы – жай ғана емдеу орны емес, бұл – үміт қайта жанатын, сенім нығая түсетін мекен. Мұнда әрбір операция – жаңа мүмкіндік, әрбір сәтті ем – жаңа өмір сапасы. Заманауи технология мен адамға деген жанашырлық ұштасқан бұл орталық өңір медицинасының мақтанышына айналып отыр. 24/7 режимінде жұмыс істейтін орталық кез келген уақытта тұрғындарға көмек қолын созуға дайын.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Comments (0)
Add Comment