Қазіргі заманда рухани ізденіс, жүректің тыныштығын табуға деген талпыныс – әр адам үшін ортақ құбылыс. Сансыз мәдениет пен ұлттың тоғысқан кең әлемінде Ислам дінін таңдаған өзге ұлт өкілдерінің тағдыры ерекше назар аудартады. Олар үшін Ислам – тек жаңа сенім ғана емес, жаңа өмір салты, жаңа құндылықтар әлемі, жүректі байытқан рухани жаңғыру.
Хақ дінді ұстанған хандар
Қазақ халқының рухани болмысы ғасырлар бойы Ислам дінімен ұштасып келе жатқаны белгілі. Дегенмен, «Қазақ хандығында ең алғаш Исламды қабылдаған хан кім?» деген сауал жиі қозғалады. Бұл сұраққа жауап іздеу үшін уақыт табалдырығын аттап, тарихтың тереңіне үңілген жөн.
Ислам дінінің Ұлы Далаға келуі – кенеттен болған құбылыс емес. Әл-Фараби заманынан бері бұл өлке ғылым, өркениет пен руханияттың тоғысқан орталығы болған. Түркі тайпалары Х ғасырдан бастап біртіндеп мұсылмандықты қабылдап, жаңа мәдениетке бейімделді. Ал Шыңғыс хан дәуірінен кейін Исламның даладағы ықпалы едәуір күшейді. Оның Жошы ұрпақтары – болашақ қазақ хандарының арғы тегі – XIV ғасырдан бастап түгелдей Ислам дінін ұстанды. Осы ұрпақтың ішіндегі ең маңызды тұлғалардың бірі – Алтын Орда билеушісі Берке хан. Ол – Шыңғыс әулетінен шыққан ең алғашқы мұсылман хан. Оның Исламға келуі кейінгі ғасырларда Жошы ұлысының рухани бағытын өзгертіп, қазақ хандарының діни дүниетанымына айқын әсер еткен. Сондықтан қазақ хандарының бәрі өз бастауын мұсылман дәстүрінде тәрбиеленген билеушілер қатарынан алды.
XV ғасырдың ортасында құрылған Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар да осы Ислам өрісі мен мәдениетінің мұрагерлері еді. Олар хандықтың туын көтерген тұста Жетісу мен Дешті Қыпшақ даласында Ислам діні баяғыдан орныққан.
Күнделікті өмір, құқықтық қатынас, салт-дәстүрдің көп бөлігі мұсылмандық түсінікпен астасып жатты. Сондықтан Қазақ хандығының алғашқы қадамдары мұсылмандық өркениетпен бірге жасалды деуге толық негіз бар. Дегенмен, Ислам дінін мемлекеттік деңгейде нығайтып, ел басқару ісіне жүйелі түрде енгізген тұлға ретінде тарихшылар Қасым ханды ерекше атап өтеді. Оның «Қасым ханның қасқа жолы» атты заңдар жинағы сол кезеңдегі шариғатқа, әділдік пен адамгершілік қағидаларына сүйеніп жасалған. Бұл заңдар қазақ қоғамының исламдық дүниетанымына сүйенген алғашқы толыққанды мемлекеттік ереже болды.
Қазақ хандары Исламды Қазақ хандығы құрылғанға дейін-ақ қабылдаған, ал хандықтың негізін қалаған Керей мен Жәнібек мұсылман билеушілер ретінде танылған. Қазақ хандығының қалыптасу жолы мен Ислам дінінің таралу тарихы – бір-бірімен ажырамастай бірігіп кеткен рухани сабақтастық. Ұлы Даланың төрінде көк байрақты тіккен хандар тек елді біріктіріп қана қоймай, халықтың діни санасының кемелденуіне де жол ашты. Бүгінгі қазақ қоғамының рухани келбеті осы тарихи сабақтастықтың жарқын жалғасы.
Парыз: нені білген жөн?
Ислам діні – ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-бабаларымыздың ұстанған, қастер тұтқан жолы. «Аллаңа жағам десең, азанды бол, ағайынға жағам десең, қазанды бол» деген халқымыз ғасырлар бойы мұсылмандықты ұстанып, дін үкімдерін орындап келеді.
Мұсылман сөзі – Алла Тағаладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беру және оған шын жүрегімен сену деген сөз. Яғни мұсылман – Ислам дінін ұстанушы адам деген сөз.
– Алла Тағала қасиетті Құранда: «Алла бұрын да, осы Құранда да пайғамбардың сендерге куә болуы, сендердің де адамдарға куә болуларың үшін «Мұсылман» деп атады. Енді намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер де Аллаға берік байланыңдар, Ол сендердің Иелерің! Ол нендей жақсы ие, нендей жақсы жәрдемші!» – деп айтқан («Хаж» сүресі, 78-аят).
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына мұсылмандықты үйретумен қатар, оның рухани тәлімдерін өзгелерге жеткізуді, олардың да мұсылмандықты қабылдауына себепші болуды үндеген. Хадисте: «Аллаға ант етемін, егер Жаратушы сенің себебіңнен бір адамды тура жолға салса, сен үшін бұл қызыл түйеден де артық», – деген (имам Бұхари, Мүслим). Мұндай мағынадағы хадистер өте көп жеткен. Осындай мақсатты Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз заманында өзге елдімекендерге арнайы сахабаларын жіберіп отырған. Мысалы, Муазды (Алла оған разы болсын) Йеменге жіберген кезде былай деді: «Сен Кітап иелеріне бара жатырсың және оларды ең бірінші кезекте шақыратын нәрсең «Алладан басқа құдай жоқ» деген сөз болсын. Егер олар саған бағынса, онда Алла күніне бес уақыт намаз орындауды міндеттегенін білдір. Егер олар саған бағынса, Алла байларға кедейлерге зекет беруді міндеттегенін айт», – деп Исламға қалай шақыру керектігін үйреткен. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние салғаннан кейін де Хақ дінді тарату мақсатындағы сапарлар тоқтаған жоқ. Осылайша Ислам түркі даласына да келіп жетті. Соның ішінде қазақ даласына да 751 жылдан кейін Ислам қанат жая бастады. Ұлы даланы мекен еткен бабаларымыз Ислам дінін қабылдап, мешіт медресе салып, Алланың хақ жолымен жүріп, діні мен дәстүрін сабақтастыра білді, – дейді «Кеңесхан қажы» мешітінің ұстазы Зейнеп Жәдігерқызы.
Қай дәуірде болмасын адам баласы жүрек тыныштығын, жан тазалығын, өмір мәнін іздеген. Сол рухани ізденістің бір тармағы – Исламға бет бұру. Алайда Ислам дінін қабылдау – жүрдек шешім немесе жеңіл таңдау емес, ол – адамның өз жүрегімен сөйлесіп, санасымен саралап барып жасайтын үлкен қадам. Сондықтан иманға келуді ойлаған жанның білуі тиіс бірнеше маңызды жайт бар. Ол жайында ұстаздар не дейді?
– Ең алдымен, мұсылмандыққа кірер есік – шәһада, яғни иман келтіру сөзі. «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деп айту – Исламға бастар негізгі тірек. Бұл сөздің салмағы тек тілде емес, жүректе жатуы тиіс. Өйткені Ислам – сенімнің тазалығын, ниеттің шынайылығын талап ететін дін. Исламға бет бұрған жан ең алдымен діннің бес парызын түсініп алғаны дұрыс. Ол – иман келтіру, намаз, ораза, зекет және қажылық. Жаңадан мұсылман болған адамнан осы амалдарды бірден мінсіз орындау талап етілмейді. Дегенмен, олардың мәнін біліп, болашақ міндет ретінде қабылдау – рухани сапардың бастамасы.
Иман келтіру деген – Алланың барлығына, Мұхаммед пайғамбардың оның соңғы елшісі екеніне сену ғана емес, періштелерге, қасиетті кітаптарға, тағдырға, қиямет күніне де шынайы иман ету. Бұл – мұсылмандықтың іргетасы, сенімнің алтын арқауы. Сонымен қатар Ислам жолына түскен жан Құранды құрметтеп, Пайғамбар сүннетін өмір бағдарындай қабылдауы қажет. Бұл – қатаң талап емес, рухани тәрбие, адамдық кемелдікке апарар жол. Өйткені Исламның өзегі – адамгершілік, әділдік, сабыр, тазалық, ата-ананы қадірлеу, аманатқа адалдық. Мұсылман адам осы қасиеттермен көрікті болмақ.
Исламға кіру – ешқашан зорлықпен қабылданатын нәрсе емес. Діндегі негізгі қағида: «Дінде зорлық жоқ». Яғни әр адам бұл шешімді өз еркімен, өз ерік-жігерімен қабылдауы тиіс. Сондай-ақ Исламға келу бір ұлттан бас тарту немесе бір мәдениетті екіншіге алмастыру деген сөз емес. Керісінше, әр халық өз дәстүрін сақтай отырып, Исламның рухани құндылықтарын бойына сіңіре алады.
Қорыта айтқанда, мұсылман болу – ең алдымен жүректің таңдауы, жанның жаңғыруы, рухтың тазалығы. Ислам дінін қабылдауға ниет еткен әрбір жан бұл жолдың салмағын түсініп, сенімін жүрегімен бекіткенде ғана осы рухани дүниенің шынайы нұрын сезіне алады, – дейді «Кеңесхан қажы» мешітінің ұстазы Зейнеп Усенова.
Жүректерді жақындатқан дін
Бүгінгі көпұлтты, көптүрлі әлемде әр адамның рухани жолы – өзінше бір тарих, өзінше бір тағдыр. Сол тағдырлардың ішінде жүректің шынайы ізденісімен, жанның тыныштыққа ұмтылысымен Ислам дінін қабылдаған өзге ұлт өкілдерінің тағдыры ерекше әсер қалдырады. Бұл – тек дін өзгерту емес, ішкі дүниенің жаңаруы, өмірге басқа көзқараспен қарау, рухани биікке ұмтылу.
Жүздеген мәдениет пен ұлт тоғысқан қазіргі қоғамда Исламға келіп жатқан жандар аз емес. Солардың бірі – неміс ұлтының өкілі Александр есімді азамат. Ұзақ жыл бойы түрлі кітаптарды зерттеп, түрлі дүниетанымдарды салыстырған ол жүрегіне жақын болған шынайылық пен әділдікті Исламнан тапқан. Алғаш мешітке барған күні ол жандардың тыныш жүзінен, сәлемдесу мәдениетінен ерекше жылулық сезгенін айтады. «Маған ешкім дінді күштеп ұсынған жоқ, тек көрген мейірім мен қарапайымдылық мені ойландырды», – дейді ол.
Уақыт өте Александр Құран аяттарының терең мағынасына үңілді. Адамгершілікке шақырған ойлар, ата-анаға құрмет, жақсылық жасау, сабырлылық пен әділдікке үндеген қағидалар оның жүрегінен орын тапқан. Исламның тек ғибадаттар жиынтығы емес, толыққанды өмір салты екенін түсінген сайын, бұл жолдың оның табиғатына жақындай түскенін сезінді. Ақыр соңында бір күн мешіт имамының алдында жүрек қалауымен шәһада айтып, Исламды қабылдады. «Бұл – өмірімдегі ең маңызды әрі ең тыныш сәт болды», – деп еске алады ол.
Александрдың Исламға келуі – оның ұлтынан, тілінен немесе мәдениетінен бас тартуы емес. Керісінше, ол өзінің шыққан тегін құрметтей отырып, рухани дүниесін Ислам құндылықтарымен байыта түсті. Бүгінде ол қоғамға пайдалы болуды, жақсылық жасауды, өз ортасындағы адамдарға үлгі болуды басты мақсат санайды. Алексндрға өзінің қалауы бойынша есімін «Ескендір» деп өзгерткен.
Бұдан бөлек Тараз қаласындағы Кеңесхан қажы мешітінде Рада есімді өзге дін өкілі Ислам дінін қабылдап, мешіт имамының алдында кәлима-и шәһадат айтты. Имам оған мұсылмандықтың негізгі шарттарын түсіндіріп, жаңа өмірге қадам басқанын атап өтті. Мешіт ұстазы Зейнеп Усенова Рада ханымға әйелдерге қатысты діни үкімдерді түсіндіріп, орыс тіліндегі діни кітап пен орамал сыйға тартыпты. Ол мұсылмандардың қарапайымдылығы, қонақжайлығы, олардың жүректен шыққан «ассалаумағалейкум» амандасуы мен мейірімге толы көзқарастары жанына жылу ұялатқанын айтады. Уақыт өте Исламды терең зерттеп, Құран тыныштығын сезініп, жүрек қалауымен мұсылман болуды таңдаған Рада қуанышын жасыра алмады.
– Мен бұл күнді көп күттім. Жүрек тыныштығы енді орнағандай болды. Қазақ жерінің кеңдігі мен кеңпейілді халқына бауыр басып, тазалық, шынайылық, ата-ананы қадірлеу секілді қағидаларды өмірлік ұстаным еттім. Мұсылман болу – ұлттан бас тарту емес, жүректің өз бағытын табуы, – дейді Рада.
Ал Анна есімді тараздық ару өз туған күнінде мешітке аяқ басып, мұсылман болғысы келетінін жеткізеді. Аннамен «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстаздары тілдесіп, кәлима-и шәһадат айтқызады. Анна Астана қаласына барған сапарында бас мешітке кіріп, аралаған екен. Кейіпкеріміздің айтуынша, мұсылмандықтың көркем көрінісі толғандырып, сол сәтте Алла жүрегіне иман нұрын сеуіп, хидаят берген-ді. Мешітте тұрып Анна «Таразға оралсам, міндеті түрде Исламды қабылдаймын» деп өзіне серт беріпті. Осылайша Таразға келген соң туған күніне сыйлық жасап, хақ дінге қадам басыпты. Және кейіпкеріміз бұл жағдаймен «ТikTok» әлеуметтік желіcіндегі парақшасында бөлісіп, «Мен жаңадан өмірге келдім» деп жазба қалдырады.
Сол секілді Руслан Әмиржанов, Тимурлан Сергейович, Руслан Серікқалиұлы сынды азаматтар да мешітке арнайы келіп, Ислам дінін қабылдаған. Руслан Серікқалиұлының анасы орыс, әкесі қазақ. Алайда бала кезінде шешесінің діні христиандықпен тәрбиеленіп, нағашы апасы оны шіркеуге апарып шоқындырған екен. Ержетіп, иманды ортаға тап болған Руслан Алласын тауып, мұсылмандықты қабылдады. Сондай-ақ соңғы әрі хақиқи Ислам дінімен қауышқандығына өте риза екендігін білдіріп, мешіт имамдарына алғыс айтты.
– Қасымдағы жүрген достарым мұсылмандар. Көпшілігі намаз оқиды. Олардың иманжүзділігіне қатты қызықтым. Сонан соң Ислам жайлы ақпарат, білім мен ілім жинай бастадым. Сөйтіп, жақсы ортаның әсерінен Исламды тани алдым. Осылайша өз қалауыммен, жан жүрегіммен мұсылман болғым келді. Осы ниетпен мешітке бардым, – дейді Руслан.
P.S.
Өзге ұлт өкілдерінің Исламды қабылдауы – бір адамның жеке таңдауынан бөлек, діннің адамзатқа ортақ, мейірім мен әділдікке негізделген құндылық екенін дәлелдейді. Әрі әр адамға ашық, әр жүрекке жол таба алатын Ислам – адамзатты бірлікке, татулыққа, рухани кемелдікке бастайтын нұрлы жол екенін тағы бір мәрте көрсетіп тұрғаны хақ.
Арайлым ШАБДЕНОВА