Жан жарасын еңбекпен емдегендер

Елімізде 1 қазан – Қарттар күні ретінде аталып өтеді. Осы орайда №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына бас сұқтық. Бұл орталықты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мекен етеді. Аталған мерекеге орай, қол қусырып отыруды жат санайтын еңбекқор қариялармен тілдесуді жөн көрдік.

Мұндағы еңбек бөлмесі көздің жауын алғандай жарқырап тұр. Бұл бөлмеде Гүлмира Нұржанова, Разия Муталиева, Береке Жұмабеков осындағы қарияларды еңбекке баулып, қолөнерге үйретіп жүр екен.

– Орталықтағы азаматтардың барлығы еңбекке құштар. Біз оларға түрлі қолөнер бұйымын жасап үйретеміз. Олар өз білгендерін бізге де үйретіп жатады. Бұл кісілер әлдене жасаса балаша қуанады. Олардың қуанышын көріп, біз де мәз боламыз. Көзі көрмейтін екі жігіт тіпті сезімтал. Бірі жіптен шашақ жасайды. Жіптерді саусағымен сезінеді. Ол шашақтарды біз ойыншықтарға кекіл етіп жапсырамыз. Ал жанарынан айырылған тағы бір азамат газетті орап, құмыра жасайды. Ол да саусағымен сезіп отырып жасайды. Мұндағы адамдар өмірді шын сүйеді және өмірге қосқан әр үлесі үшін өздерін бақытты сезінеді, – дейді Разия Муталиева.


Қағаздан жасалған түрлі көйлектер, матадан ойып тігілген сан алуан гүлдер, әсем ойыншықтар мен қатты қағаздан жасалған зәулім сарайлар – мұндағы жандардың қолынан шыққан дүниелер. Олар өздеріне ұнаған іспен айналысу мақсатында қолына ине-жіп, желім мен қайшыны алғанда бір сәт бар қиындықтары мен уайымдарын ұмытып кетеді. Қолына алған дүниесі ойындағыдай болып шыққанда, расында, көңілдері көкке көтеріліп қалады.
Мария Мухамеджанова – неміс қызы. 88 жастағы көздері аспан көк Маша әжей жан-жағына күлімсірей қарайды. Жанары сондай нұрлы, жүзі жып-жылы. Анасы 1943 жылы аштықтан көз жұмыпты. Анасы дүние салған бір үйдің бес баласы балалар үйіне өтіп кетеді. Кейін Маша әжей Қазақстанға қоныс аударады. Жиырмасыншы көктеміне аяқ басқан жылы өзбек ұлтының жігіті Полатпен танысады. Сөйтіп, бір-біріне ғашық болып қалады.

– Мен Полатты бір көргеннен құлай сүйдім. Ол да маған бірден ғашық болып, отбасын құруға бел байладық. Алғашында оның ата-анасы қарсы болғанымен, ол мені сүйетінін, менсіз өмір сүре алмайтынын айтып, ақыры үйлендік. Мені бәрі сәнқой келін дейтін. Себебі жас кезімде өз киімімді сәнге үйлестіріп тігіп киетінмін. Күйеуіме де бұл ұнайтын. Біз 50 жыл бірге тұрдық. Түрлі жағдайлар болғанымен, бір-бірімізге деген шынайы махаббат біздің тіккен отауымызды құлатпай ұстап қалды. Сол елу жыл ішінде бір рет ұрысып, қабақ шытып көрмеппіз. Енді міне, Полат менің сағынышыма айналды, – деп көзіне жас алған әжей қамығып қалды.
Бар ғұмырында тігін цехы, ательелерде жұмыс жасап, еңбегі еленген әжейдің бөлмесі Алғыс хат пен Мақтау қағазына толы. Ұзақ жыл бойы еңбегінің жемісі саналған сол қымбат қағаздар бүгінде әжейдің жүрегін нұрландырып тұрады. Енді бүгінде балаларға арнап ойыншықтар мен түрлі жастықшалар тігіп отыр. Сөмке сәндеп, оған гүл де жапсырады. Он саусағынан бал тамған әжей өзінің бір күнін де ине-жіпсіз елестете алмайтынын айтты.
Меркі ауданында дүниеге келген Аман Андагулов атай сал ауруымен дүниеге келген. Аяқ-қолы дамылсыз қалт-құлт етіп, икемге келе бермейді. Алайда қария бұл дертіне мойымайды. Ол осы орталықта өз бақытын тауып, тойын да осы мекемеде өткізгенін мақтан тұтады. Өзі тағдырлас Салтанат есімді келіншекпен бас қосқанына биыл 20 жылға жуықтапты.

Еңбек терапиясы бөлмесіне таңмен таласа тұрып, бірінші болып асыға жететін қария күнұзақ еңбек үстелінен тұрмайды. Үй жасап, оны бояп, әрлеу – оның ең басты мақсаты. Ол өз арманындағы үйді осылай жасап алғанына қуанышты.

– Мен үй саламын. Үй болғанда да ең әсем үлгідегі зәулім сарайларды қағаздан жасап, соларды бояп, әрлегенді жаным сүйеді. Картондарды бір-біріне жапсырып, оларға қызыл-жасыл реңк беріп, жылтыр сеуіп, көздің жауын алардай дүние жасап шығарғанда, өзім де демалып қаламын. Бұл менің ойымды жинақтап, тұрақты бір жұмыспен айналысып, нәтижеге жетуіме ықпал етеді. Зәулім үйлерімнің дайын болған сәтінде бойымды қуаныш кернейді, – дейді Аман ата.

Ал Сергей Висимбаевты мұндағылар танып қана қоймайды, ең қажетті адам деп санайды. Себебі ол бәріне аяқ киім тігіп береді. Ол 15 жасында есту және сөйлеу қабілетінен айырылған жандардың аяқ киім шеберханасына барып, олардың еңбегіне тәнті болады. Олар қолына алған қайысты үлгіге салып, күзеп, қырқып, соңында табан жапсырып, әп-сәтте аяқ киім тігіп шығаратындарын көргенде, өзі де сондай болуды мақсат тұтады.

– Мен аяқ киім тігуді құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын жандардан үйрендім. «Ерінбеген етікші болады» демекші, аяқ киім тігу мұқият әрі сабырлы болуды талап етеді. Олардың көз майын тауысып отырып жасаған аяқ киімдері мен үшін ең қымбат бұйым көрінетін. Олар маған ескі аяқ киімді өңдеуді, өкшесін қадап, жыртылған жерін жамап беруді үйретті. Алдағы уақытта басынан аяғына дейін жаңа аяқ киім тігіп үйретпек болып жүргенде, мені әскерге алып кетті. Сөйтіп, әскерден келгенде, ол шеберхана ауысып кеткенін білдім. Қазір мені Қарттар үйінде бәрі жақын тұтады. Бірі тозған аяқ киімін алып келсе, енді бірі сынған өкшесін салып беруімді өтінеді. Аяқ киімдерін бізбен айналдыра тігіп беремін. Бұл менің сүйікті ісім болғандықтан, ешкімнен ақы сұрамадым. Бірақ олар әрдайым дастарқан жайып, шайға шақырып, түрлі сый-сияпат жасап тұрады. Осы сәтте қазақтың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөзі есіме түседі. Осы еңбегімнің арқасында мені де мұнда бәрі сыйлап, төрге шығарады. Көңілден асқан не бар, шіркін?! Олар маған риза болған сайын өз тірлігімді дұрыс жасап жүргенімді сезінемін, – дейді Сергей ата.

Еңбек – бәрін де жеңбек. Жаралы жанды емдеп, адамды бір сәт мұңнан айыруға еңбектің көмегі орасан. Әсіресе еңбегіңнің нәтижесі көңілге көктем сыйлағандай әсер ететін сәтті сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Ендеше, қазыналы қарттарымыз еңбектен қол үзбесін, еңбектері жемісті болсын!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment