Жанұя жарасымы – бейбітшіліктің бастауы

Ақтаудағы қаныпезер әкенің үш баласын айуандықпен өлтіргені естіген адамның тұла бойын түршіктірді. Соңғы кездері мұндай тосын әрі адам баласына жат іс-әрекеттер қазіргі қоғамда жиі орын алуда.

Қоршаған ортадағыны, айналадағыны қаз қалпында көшіріп көз алдыңызға әкеліп, айна-қатесіз көрсетіп беретін әлеуметтік желілердің бетінде небір сұмдықтар қаптап жүр,«жарнамалап» таратудың қайнар көзі – «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып», гипноздай арбайтын смартфондар мен гаджеттер болып тұр. Жат көріністердің көптігі соншалық, қайсыбіріне тіпті селт етпейтін де аудитория, елең етпейтін немқұрайлы топ пайда болды. Меніңше, осының бәрі тым «ашықтықтан». Біздің тыйым мен тағылымға толы қазақы тәрбиеміз бірте-бірте табалдырығымызда қалып, алғашында босағамыздан сығалаған бөгде елдің бөстекі тірліктері, соңғы кезде тіпті төрімізге алшаңдай шығып, ес-ақылымызды алып, ой-санамызды сансыратып тастады. Арзанның сапасы жоқ. Бардың қадірі жоқ.
Бұрын арман болған нәрселерге адамдар мақсат қоя ұмтылатын. Қазір бәрі оп-оңай қолжетімдіге айналды. Дап-дайын.
Бұрын құпия көрінген нәрселер тәтті болатын. Бүгіндері бесіктен белі шықпаған балаға да беп-белгілі болды. Жиіркенішті.
Бұрын сыбырлап та айтылмайтын сөздер болатын. Қазір түйсікпен ғана сезінуі тиіс нәрсенің де өзі пірім жария. Лас.
Бұрын кеңестік қысымшылықтан зардап шектік деп демократияны аңсадық. Бірақ сөз бостандығы еркін ойлылықтан еркінсу қылығына ауысып, охлократияға ұласты. Өрескел.
Бұрын үлкенді кіші сыйлайтын, кішіні үлкен тыңдайтын. Қазір кішілер кәрілердің бетінен алып, төсіне шабатын, үлкендер кішіні баласынып, жерден алып, жерге салатын тенденция етек алды. Ұят.
«Бұрын, бұрын… өмір – алда сияқтанатын, бәрі қызық еді. Қазір түк қызық емес». Астапыралла!.. Құдай сақтай көр! Мен мына «түк қызық емес» деген соңғы сөйлемімді «асарын асап, жасарын жасап қойған» егде адамдардың атынан айтып отырғаным жоқ. Керісінше, бұл сөз – он екіде бір гүлі ашылмаған талшыбық жастар мен жасөспірімдердің кейбірінің ойы. Иә. Олардың көбі осылай дейді. «Адам деген оптимист болу керек» дейміз, біздер пессимистік көзқарастағы оларды жұбатып. Бірақ қалай?
Шетелдің өркениетін меңгереміз деп өзіміздің ұлттық көркем ниетімізден айырылдық. Зайырлы мемлекет ретінде Қылмыстық істер кодексінен өлім жазасын алып тастағанымыз да дұрыс болмады ма екен деп ойлаймын кейде.
Осыдан аз-ақ жыл бұрын бүкіл елді дүрліктірген сәтбаевтық педофильдің жантүршігерлік зорлық-зомбылығы қалай естен шықпақ? Ең ауыр үкіммен түрмеге қамаудан бүкіл педофильді ауыздықтай аламыз ба?«Өмір бойы бас бостандығынан айырылу» арқылы кісі өлтіруші қылмыскерлер қатыгездіктен тыйыла ма? Мемлекеттің «асырауымен» абақтыда күнелтіп жатқан олардың жауыздығы «жазылып кететініне» кім кепіл? Шегіп алып дүниенің астан-кестеңін шығаратын нашақорларды да «емдеп», «қамқорлығымызға алудамыз». Адекватты емес қылмыскерлер қаншама. Терроризмге шалықтаған содырлардың жанкештілігіне қандай дауа бар? Тізе берсең, зұлымдықтың ұшы-қиыры жоқтай. Қайтпек керек?
Өзінің өзегінен шыққан үш бірдей балапанының өмірін шімірікпестен о дүниеге қиған ақтаулық әкенің ісі – осындай кесапаттардың барып тұрған сорақысы. Діни ағымның деструктивті жетегінде жүрген жан болса, оған тіпті кешірім болмауы тиіс. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегенді атамыз қазақ бекер айтпаған. Өлім жазасын қолданысқа енгізу керек. Бір-екі қылмыскерді дүрелеп емес, ажал аузына жүрелеп әкелдірсек, осындай бір-екі мысалдан соң, есалаң заманда есіргендер, жан керек болса, естерін жылдам жияр ма еді, бәлкім. Содан кейін, ата дәстүрдің ізіне түсіп, бабалар салған түзу сүрлеуді қайта тапсақ, әлгі «өлім жазасын» кезі келген уақытта өзгерте салу қиын емес қой.
Қандай дегенде де, үш баласын өз қолымен өлтірген жауыз әкеге жұмсақтық таныта алмаймыз. Бұл жауыздықтың түп тамыры отбасынан бастау алып отырғаны мәлім. Отбасынан кеткен қателікті ешбір мектеп, балабақша мен жоғары оқу орындары түзете алмайды. Отбасы әуелі неке құрудан, екі жастың отау құруынан басталады. Ал біздің ап-ашық, тіпті тыр жалаңаш қоғам не істеді?
Оң босағадағы қызыңды құтты орнына қондырғанша пәктігін көздің қарашығындай сақтау ата-ананың парызы емес пе еді? Сөйтіп, оң жақта отырып-ақ жүкті болып қалған қыздар көбейіп, жаңа туған шаранасын далаға тастайтын жауыз аналар пайда болды. Тастанды балаларды немесе қызылшақа күйінде жантәсілім еткен шараналарды туғандардың әлгі жауыз әкеден несі артық? Оларға да аяушылық болмау керек.
Құрылған жаңа отау ақ некеден ғана сәтті салтанат құрмақ. Заңды неке ғана тату-тәтті, үбірлі-шүбірлі жанұяға ұласады. Осы жерде, заңды некеге антоним ретінде қабылданып кеткен азаматтық неке деген де дүдәмал тіркес қазір модаға айналған… Азаматтық некеге қатаң тыйым салынуы тиіс. Тыйым салынса, әке мен ананың балаға деген жауапкершілігі әлсіремейді. Бұл сөзімнен ши шығарғысы келгендер мұсылмандықтары ұстап, демографиялық саясатты желеу етіп, «Бәйбіше, тоқал мәселесін қайда қоясыз?» деп сұрақ суыртпақтатар. Оған бір-ақ жауап: Құран Кәрімде: «Бір ғана әйелмен қанағаттану – қиянатқа бармаудың тура жолы», – деген Жаратқанның сөзі бар. Сосын (әмеңгерлік, соғыс жағдайындағы мәселені қоспағанда) «еркекке кемінде төрт әйел алу парыз» емес. Пайғамбардың (с.ғ.с) кезінде сансыз әйелдің қойнына бара берушілікті шектеу үшін «ары кетсе төрт әйелге үйленуге болады» деген пәтуа жасалған…
Тақырыптан ауытқығандай болмайық. Сонымен, сүйіп қосылмаған немесе сүюдің не екенін білер-білместен үйлену оңай болғанымен, үй болудың қиындығын сезінбеген ер мен әйелдің ортасынан саналы, сапалы сәбидің дүниеге келуі неғайбыл. Әрине, баланың бәрі бақытты болуы үшін жаралған.
Әңгіме осындағы әке мен анада, ерлі-зайыптыларда. Қазақ атамыздың «Ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» деген мәтелі көптеген отбасы мүшелеріне өздерін-өзі ақтауға әбден жақсы сөз болған. Бұл өте қауіпті. Ыдыс-аяқ сылдырап тұруы керек екен деп ұққан жас отбасы бір-бірімен үй ішінде ғана емес, бейсауыт жұрт көзінше де қырқысып, қырылысып, жанжалдасуға бейімделіп кетеді. Күнде ырың-жырың болатын күйбең тірлікте сосын күйеуінің жұдырығы әйеліне қате тиіп кетуі немесе керісінше де болуы ықтимал. Қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі де осындай себептермен ушыға бермек. Мұндайға көбіне иманы әлсіздер (орысша мұны «сила воля» дейді) ұшырайды. Иманы әлсіздер жат діни ағым жетегіне де жылдам ереді. Ал адасқандардың «алды, бұрынғыдай – жөн, арты – соқпақ» емес, қазір, міне, жоғарыдағыдай, үш баласын өлтірген әкенің ісіне әкеледі: «Адасқанның арты – мұнар, алды – қатер».
Бұл қатердің алдын алу тек мемлекет басындағылардың қолынан келмек. Құқық қорғау, заң шығару органдарының белсенділігі қажет. Осы орайда қазіргі уақыттағы өзбек, тәжік, түркімендердің көп нәрсеге қатты тыйым салып жатқан тәртіптерінің үлгісінің тозығын емес, озығын алсақ, сауап болар еді.
Бірінші рет ұрлықпен ұсталғанның саусағын, екінші рет ұсталғанның қолын кесетін Қытайдың баяғыдағы заңын пайдалана тұрсақ та жаман болмас еді. Өзімізде де телі мен тентегінің жаман атын сыртқа шығармай, дер кезінде тыя білетін талай шаралар бар болатын. Дала академиясы ерекше дамыған дана қазақтың қазіргі ұрпағында отбасы, аналар, әкелер институттарының нашар жұмыс істеуі осындай қаныпезерліктердің тууына әкеліп соғып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, не нәрсенің де ашық ақпарат көздерімен талғамсыз таратыла беруіне ел болып, жұрт болып, билік пен бұқара болып шұғыл арада тосқауыл қоюымыз керек. Жаман нәрсенің жалауы жылдам желбірегіш келеді. Жаман хабар жұқпалы аурудай көбейгіш болады. Әдепсіз қылықтар әсем дүниені алабажақтайды. Соқыр сенімдер сана сәулесін бітейді. Сосын бұл жалған қайдан қызық болсын өмірге келгеніне өкініп жүргендерге…

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
«Құрмет» орденінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің және ҚР Мәдениет саласының үздігі

Comments (0)
Add Comment