10 қазан – Мүгедектігі бар адамдар күні. Әрине, айналасындағылардан жылулық іздеп, мейірім күтетін, өзгелердің ықыласынан бойларына қуат алатын ерекше жандар үшін бұл атаулы күннің маңызы зор. Барлығымызға қайтпас қайсарлығымен, жалынды жігерімен үлгі болып жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қай-қайсысы да құрметке лайық.
Айтулы күнге орай №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында «Жан жылуы» атты мерекелік кеш өтті.
Әуелі орталық директоры Жалын Ғалымжанұлы сөз алып, қызмет алушыларға жүрекжарды тілегін жеткізді.
Шара барысында орталықтың қызмет алушылары – Ахат Бурбеков «Менімен биле», Әсем Мукажадинова «Анашым, қартаймашы», Руслан Сорсенов «Белые розы», мекеме қызметкерлері – Құралай Егембердиева және Дәурен Халиев «Жаным», Нүризат Мыңбосын «Жақсы адамдарым», Мәди Жүнісов «Нурикамал» әндерін әуелете шырқаса, мекеме мамандары қызмет алушылармен бірге «Вальс», «Кукарелла», «Флешмоб» билерін биледі. Сондай-ақ шарада өзге де ерекше жандар көңіл көтеріп, айрықша әсерге бөленді. Мекеме қызметкері Нүризат Мыңбосын мен ерекше жан Әліби Бакажановтың кешті екі тілде жүргізуі де шараның көркін қыздырды.
Көңілді думан соңы жалпы бимен және мерекелік дастарқанмен жалғасын тапты.
Шырайлым Дүйсенәліқызы,
«№6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ мәдени ұйымдастырушысы