Жанға дауа жаңа сусын

Елімізде өндіріс саласы жыл өткен сайын өркендеп, шағын кәсіпкерліктің көзін тапқандар шаруасын шалқытуда. Соңғы жылдары осы салаға тың өзгерістер алып келсем дейтін жас өнертапқыштардың да аяқ алысы жаман емес. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Зарина Ахмет итмұрын шәрбатынан сүтқышқылды сусын дайындап шығарған.

Сәндібек Піренов

Жас өнертапқыштың өндіріс саласына тың жаңалықтар әкелсем деген ойы әріректе, мектеп табалдырығында жүргенде пайда болыпты. Ол бала кезден фармацевтика саласына жаңалықтар әкелсем деп армандапты. Кейін ТарМУ-ға оқуға түсіп, болашағын «Тамақ өндірісі мен қайта өңдеу өндірісінің технологиясы» кафедрасының «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығымен байланыстырған. Университетке келгенде ғылыми жетекшісі Әсел Боранқұловамен табысып, зертханада сүт өнімдерін терең зерттеумен айналыса бастайды. Оның осы кішігірім зертханада тың жаңалық әкелемін деген ойы зерттеу жұмысына үлкен серпіліс болған. Ақырында осы бағытта білімін жетілдіріп, сүтқышқылды сусынның жаңа түрін жасаймын деген тоқтамға келген. Жас ғалым өнертабысынан оң нәтиже шығармай тұрып, астық өнімдерінің ішінде сүт, жарма, құрама жем өнімдерін терең зерделеген. Сөйтіп, итмұрын мен сүт қышқылын біріктіріп, сусын ойлап тапқан. Жалпы кез келген салада ғылыми жаңалық әкелу үшін соған қатысты туындайтын барлық сұрақтарға жауабың да дайын болу керек. Жас зерттеуші жұмыс барысында сусынға қатысты жасаған барлық тәжірибесін сүзгіден өткізген. Алдымен Зарина сарысу негізіндегі итмұрын шәрбатының физико-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерін зерттеп, мұнан соң сүтқышқылды сусын дайындау мен ұйытқы мөлшерін анықтауға кіріскен. Итмұрын шәрбатын дайындауда шикізат ретінде 2018 жылы облыс аумағында өсірілген итмұрын өсімдігі таңдалған. Ал ақуыз сарысуды «Галеника» сүтханасынан алған. Әуелі итмұрынды кептіріп, одан соң арнайы сарысудан әзірлеген қоспаны сүзгіден өткізген. Одан кейін қайнатылған қоспаға мөлшермен қант, 60-65 градусқа дейін салқындатып, лимон қышқылын қосқан. Қоспа жасап болған соң, сүтқышқылды сусын дайындауға кіріскен. Сусынның басты ерекшелігі оның қышқылдығында екен. Осыдан кейін сарысу негізіндегі итмұрын шәрбаты мен сүтқышқылды сусынның өзіндік қасиеттерін анықтап, итмұрын шәрбаты қосылған қоспаны өндіру технологиясы жасалғаннан кейін ғана сусын дайын болады.

Итмұрыннан жасалған дәрі-дәрмек медицинада асқазан, бауыр ауруларын емдеуде қолданылса, гүлдерін шайдың орнына пайдалануға болады. Ертеректе Шығыста итмұрын өсімдігі жоғары бағаланып, көңіл-күйді көтеретін қасиеті бар екені айтылып келген. Оны дайындау үшін жас ғалым сүт, сарысу, итмұрын, бактериалды ұйытқы, лимон қышқылын пайдаланған. Сусынның басты қоспасы итмұрын болғандықтан, оның дәмінен итмұрын қосылғанын білуге болады. Жас ғалымның әуелдегі жоспары да осы болған. Жалпы сусын өзінің ойынан шығыпты. Адам денсаулығына зиянды газдалған және энергетикалық сусындарға сұраныстың көптігі жас ғалымның «VITAL-C» деп атау берген С дәруменіне аса бай сусынды ойлап табуына түрткі болған. Қазір оның дәмін татқандар оң бағасын берген. Осы орайда Зарина өзі білім алып жатқан оқу орнында жас ғалымдарға қолдау көрсетілетінін айтып, өзінің осы уақытқа дейін жеткен үлкен жетістігі турасында ой қозғады.
– Қазіргі уақытта елімізде жас өнертапқыштарға мол мүмкіндіктер жасалуда. Университетте тәжірибе жасаймын дегендерге зертхана бар. Бұдан бөлек, арнайы үйірме де жұмыс істеп жатқаны қуантады. Себебі қатарластарымның ішінде ғылыми жаңалық әкелсем деп жүргендер баршылық. Мен де сол бала арманыммен қанаттанып, зерттеу жұмыстарына кіріскенмін. Қазіргі таңда оқу орнының бітіруші түлегімін. Менің мұндағы үлкен жетістігім – өнертабысым десем қате айтпаған болар едім, – дейді жас ғалым Зарина Ахмет.

Зарина осы уақытқа дейін «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған студенттер арасында өткен республикалық ғылыми жұмыстар байқауында екі жыл қатарынан бірінші орынды жеңіп алған. Жалпы зерттеу жұмысының барысымен толық танысқан соң, Заринаның ғылыми жетекшісі Әсел Боранқұлова шәкіртінің алдағы жоспарымен бөлісті.

– Сусын дайындау барысы бір қарағанда оңай көрінгенімен, оның барлық қоспаларын анықтап, зерттеу жүргізу үлкен еңбекті талап етеді. Сол зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бірқатар анализдер алынды. Дегенмен сүтқышқылды сусынның құрамын жүз пайыз білу мүмкін болмады. Себебі оның құрамын Қазақ тағамтану академиясының зертханасынан өткізгеннен кейін ғана толық білуге болады. Ендігі кезекте Зарина осы бастаған істі аяғына дейін жеткіземін деп отыр, – дейді Әсел Сәрсенбайқызы.

Жалпы аталмыш дәруменге бай сусынды дайындаудың өзіндік ерекшелігі бар екенін байқадық. Оны үй жағдайында жасау мүмкін еместігін білдік. Жас өнертапқыш Заринаның болашақта осы сүтқышқылды сусынның құрамын толық анықтап, өндіріске шығару жоспарында бар. Оқуын бітірген соң шағын кәсіпкерлікпен айналысып, осы жұмысымен өндіріс саласына жаңалық әкелсем деп отыр. Заринаның тағам өндірісі бағытында жасаған зерттеулері жолға қойылып, жемісін берсе деген тілегіміз бар.

Comments (0)
Add Comment