Жампоздарымыздың жарқын жеңісі

Мәскеу қаласында WSF каратэден түндігін түрген әлем кубогінде №7 облыстық мамандандырылған жасөспірімдер спорт мектебінің жампоздары жасындай жарқырап, абыроймен оралды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

– Біз 2020 жылдан бастап бұл жарысқа дайындалдық. Алайда карантинге қатысты былтыр бара алмадық. Биылғы әлемдік додаға облысымыздан жалпы 38 спортшы қатысты. Ал оның ішінде №7 спорт мектебінен 8 спортшымыз бақ сынап, алтауы алтын, екеуі күміс медаль жеңіп алды, – дейді спортшылардың бапкері Бағлан Нұрланұлы.
Пандемияға байланысты көп мемлекеттер келе алмай қалса да, байрақты бәсекеге 15-тен аса елдің спортшылары қатысқан. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан ұлттық құрамасы жеке-дара көш бастаса, екінші орынға Ресей, үшінші орынға Қырғызстан мемлекеті табан тіреген.
– Бұл – менің алғашқы үлкен жарысым. Мен бұл спорт түрімен 1-сыныптан бастап айналысып келемін. Міне, соның нәтижесінде алғашқы үлкен жарыста алтыннан алқа тақтым. Алда Стамбулда өтетін жарыста да жақсы нәтиже көрсетуге барымды саламын, – дейді каратэден әлем кубогінің иегері Ерболсын Байсейтұлы.
Иә, бұл – сөз жоқ, Жамбыл спорты үшін үлкен олжа. Жерлестеріміздің жеңісті жорығы жалғаса бергей.

Comments (0)
Add Comment