Жамбылдық жастар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуда

Өткен аптада «Таза Қазақстан» республикалық акция аясында өңірде «Таза ауыл. Таза өлке. Таза ел!» экологиялық науқаны басталған болатын. Бұл игілікті іске жамбылдық жастар белсенді атсалысуда.

Аталған науқан аясында тарихи-мәдени ескерткіштерге, облыс орталығынан бастап, ауыл-аймақтағы көшелер мен арық-атыздарға дейін тазалық жұмыстары жүргізілуде. Науқан бес аптаға созылып, оның аясында әр аптада бекітілген тақырыптар бойынша аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасады.

Экологиялық акциясының екінші аптасы — «Киелі мекен» деп аталады, яғни, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы абаттандырылады.

Бұл күні Т. Рысқұлов ауданында мәдениет саласының мамандары «Социалистік Еңбек Ері» ескерткішінің аумағын тазартса, қордайлықтар К.Әзірбаев атындағы мемориалды музейінің ауласына көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

Оған музей қызметкерлері, 30-дан астам ерікті жастар атсалысты.

Шу жастары «Ерке сылқым» күйіне арналған ескерткіш аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, Шу ауданының барлық ауылдық аймақтарында мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділері мен тұрғындар тазалық жұмыстарын жүргізуде.

Мойынқұм ауданында мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру, көгалдандыру, ағаш отырғызу жұмыстары атқарылып, оған 250-ге жуық ерікті қатысқан.

Айта кетейік, дәл осындай бағыттағы шаралар Тараз қаласы мен өзге аудандарда да жүргізілуде. Шара барысында өңірдегі арықтар мен каналдарды тазалау мен абаттандыруға баса назар аударылады. «Таза Қазақстан» акциясына «Жас ұлан» және «Жасыл ел» жасақтары да белсене атсалысуда.

Comments (0)
Add Comment