Күні кеше әулиеаталықтар Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Иорданияның Амман қаласында өткен Азия чемпионатынан алтынмен оралған Асланбек Шымбергенов пен күміс жүлдені қоржынға салған Дулат Бекбауовты салтанатты түрде қарсы алды.
Жалпы биылығы Азия чемпионаты отандық былғары қолғап шеберлері үшін табысқа толы болды. Дүбірлі доданың жалпыкомандалық есебі бойынша ел құрамасы көш бастады. Байрақты бәсекенің финалында ерлер арасында 9 оғланымыз қолғап түйістіріп, оның 3-і жеңіс тұғырынан көрінді. Оның ішінде 71 келідегі жерлесіміз, Халықаралық дəрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы, 2018 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік əскери ойындардың жеңімпазы Асланбек Шымбергенов те бар. Ол финалда 2019 жылғы Әлем чемпионатының ширек финалисі, иорданиялық Зеяд Ишаишты сенімді ұтты. Сонымен қатар тағы бір жамбылдық, Қазақстан чемпионы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Тайланд өкілі Бунжонг Синсиримен алтын жүлдені сарапқа салған болатын. Тартысқа толы болған жекпе-жектің қорытындысы бойынша төрешілер пікірі қақ жарылды. Осылайша тайландтық боксшы өкілі 3:2 есебімен жеңіске жетсе, жерлесіміз күміспен күптелді.
Қос жампозды салтанатты күтіп алу шарасында сөз алған облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков спортшыларды жарқын жеңісімен құттықтады.
– Аталған Азия чемпионатында еліміздің құрамасы қыздар мен ерлерді қоса алғанда 6 алтын, 7 күміс, 8 қола медальмен алға озды. Бұл байрақты додаға да әлемнің ең үздік спортшылары қатысады. Сондықтан жамбылдық екі боксшымыз Асланбек пен Дулаттың жеңісі – үлкен олжа. Екі боксшыны және жеке бапкерлерін осы жеңістерімен құттықтап, дүйім елдің атынан алғыс білдіремін. Алдағы Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында осы жігіттерімізді жеңіс тұғырынан көретінімізге сенімім зор, – деді ол.
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков жерлес- теріміздің сәтті өнер көрсеткенін, еш аянып қалмағанын айтты.
– Бергеніне береке берсін. Бұйыр- ғаны бір алтын, бір күміс медаль болды. Алдағы Олимпиада, Әлем чемпионаттарында тек жеңіс жолында тер төге береміз. Жеңісті күндер әлі алда, – деп сенім білдірді ол.
Ал Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов алтын медаль барша жамбылдықтардың жеңісі екенін айтып ағынан жарылса, күміс жүлдегер Дулат Бекбауов әулиеаталықтарға қолдаулары үшін алғысын жеткізді.
Әлемнің 15 мемлекетінен 300 боксшы бас қосқан додада саңлақтары- мыздың олжалы оралғаны – мақтануға тұрарлық зор жетістік. Өткен жылдарға көз жіберсек, Азия чемпионатының алтын медалін жамбылдықтар арасынан 2015 жылы Олжас Сәттібаев иеленген болатын. Күні кеше сол биікті Асланбек Шымбергенов бағындырды. Қазақ боксы туралы сөз қозғаған да әуелі Жамбыл жері ойға оралатыны анық. Әулиеата спортшылары әлі талай биіктен көрінеді деп сенеміз.