Жамбылдықтардың жемқорлыққа жаны қас

9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен атап өтіледі. 2003 жылы дәл осы күні Мексиканың Мерида қаласында өткен жоғары деңгейдегі саяси конференцияда 2003 жылы 1 қарашада Бас Ассамблея қабылдаған БҰҰ-ның Жемқорлыққа қарсы Конвенциясы қол қою үшін ашылды. Құжат бойынша оған қол қойған мемлекеттер пара, бюджеттік қаражат пен жемқорлық табыстарды кәдеге жарату қылмыс деп жариялауға міндеттеледі. Конвенция барлық құрылымдары ұлттық әл-ауқатқа зиян келтіретін жемқорлық жайлаған елдер үшін өте маңызды.

Бұл күннің мақсаты – бүкіл адамзатты сыбайлас жемқорлықпен күресуге шақыру. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру, алдын алуды, ағартуды және қылмыстық-құқықтық сипаттағы жұмыстарды ұтымды үйлестіру ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шешуші өзгеріске қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Дәстүр бойынша бұл күн Жамбыл жерінде де жыл сайын аталып өтеді. Осыған орай Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы Достық үйінде «Жемқорлықтан бас тарту – тұрақтылық пен дамудың кепілі» атты форум өтті.
Жалпы Әулиеата өңірінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шараларға мемлекеттік қызметшілер қатарынан құрылған спикерлер пулы мен жастар арасында парасаттылық мәдениетін ілгерілету мақсатында облыстық жас көшбасшылар спикерлер пулының мүшелері тұрақты түрде қатысуда.
Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын насихаттау бойынша облыстың зиялы қауым өкілдерінің, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, үкіметтік емес ұйым мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, квазимемлекеттік мекеме өкілдері арасында кеңінен түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілді.
Осыған орай форум барысында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін бірқатар белсенділер марапатталды. Атап айтқанда, облыс әкімінің Алғыс хатымен «Жаңа-Ру» жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қозғалысының Жамбыл облысы бойынша жетекшісі Қасымхан Төлендиев, «Дарын» мектеп-интернаты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Дүйсенбаев, Жамбыл ауданы А.Макаренко атындағы орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Кусёва, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент директоры Алуа Назарбекова, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Жамбыл облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Данияр Медетбеков, «Aulieata-Media» холдингінің SMM бөлімінің оператор-монтажеры Асылбек Жолшыбек аталған марапатқа лайық деп танылды.
Сондай-ақ департамент басшысының Алғыс хатымен «Aulieata-Media» ЖШС, «Jambyl» телеарнасының, «Жамбыл-инфо» ақпараттық агенттігінің ұжымы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас инспекторы Жарқын Сарабек, Ш.Мұртаза атындағы баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі) басшысының орынбасары Ринат Нұрақбаев, «Анаға тағзым» орталығының директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Мырза-Ғали, «77», «Тараз 24» телеарналарының ұжымдары, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Анастасия Сулейманова, «Хабар» агенттігінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Мерей Бает және «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы, «Aiqyn» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Саятхан Сатылғанов марапатталды.
Форум барысында отбасылар мен жас ұрпақтың белсенділері өнер көрсетіп, парасатты қоғам құруға шақырды. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің зерттеулер және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Данияр Нұрмұханбет жемқорлықпен күрес аясында атқарылған жұмыстың нәтижесімен бөлісіп, жиын соңында арнайы роликтер көрсетілді.
Жалпы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және алдын алу бағытында департаменттің бастамасымен әртүрлі мақсатты топтар арасында биылғы жылы 330-дан аса іс-шара (жастармен – 75, мемлекеттік қызметкерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерімен – 114, бизнес және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен – 69, қала-ауыл тұрғындарымен – 62, қоғамдық кеңеспен – 10) өткізіліп, аталған іш-шараларға 20 мыңға жуақ адам қамтылған.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
Жамбыл облысы бойынша департаменті

Comments (0)
Add Comment