Жамбылдықтар жыл басын айрықша қарсы алды

Жамбылдықтар жыл басын  айрықша қарсы алды

Жамбыл облысында жаңару мен жаңғырудың бастауы – Наурыз мерекесі кең көлемде тойланды. Бұл күні Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары орталық алаңда өткен «Құс қанатындағы Наурыз» атты мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады.

Көрермендерге ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын, салт-дәстүрді дәріптейтін, қазақы болмысты айшықтайтын театрландырылған қойылым ұсынылды. Сонымен бірге Қ. Рысқұлбеков саябағына дейін ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, алтыбақан орнатылды. Ұлттық тағамдар әзірленіп, тұрғындар наурыз көжеден дәм татты.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев зиялы қауым, ардагерлермен бірге Наурыз алаңын аралап, жамбылдықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл көктемнің шуақты мейрамы Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Әз-Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, береке мен бірліктің бастауы. Күн мен түн теңеліп, жер жүзі қайта түлейтін шақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кеше өткен Ұлттық құрылтайда «Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз» деп атап өтті.
Өткен жылы ел Президентінің бастамасымен Наурыз мерекесін тойлаудың жаңа тұжырымдамасы енгізілген болатын. Наурызнаманың онкүндігі биыл да жарасымды жалғасын тауып отыр.
Баршаңызды ұлттық салт-дәстүріміз бен құндылықтарымызды дәріптеп, өңіріміздің дамуы жолында аянбай еңбек ете беруге шақырамын!
Әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын! – деді аймақ басшысы.
Көңілді думан барысында көпшілік назарына қолөнершілер көрмесі, театрландырылған қойылым, салт-дәстүрлерден көріністер, қазақ ертегілерінің кейіпкерлерінен фотоаймақ, ұлттық ойын түрлерінен бәсекелер, ұлттық тағамдардан сауда-саттық ұсынылды.
Сондай-ақ «Қоңыр» тобы, «Жігіттер» квартеті, Гүлнұр Оразымбетова, Қырғыз Республикасының ел артисі Саламат Садыкова секілді танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар әсем әндерді әуелетіп, жиналған қауымға естен кетпес әсер сыйлады.

Comments (0)
Add Comment