Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға ерекше екпін түсірілуде. Әсіресе, шалғай елдімекендердегі жол, ауыз су, жарықтандыру мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бір кездері қаңырап бос қалған ауылдар бүгінде адам танымастай өзгерген. Мұның барлығы жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені айқын.
Осыған орай өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуді көздейтін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қабылданған еді. 2025 жылға дейін іске асырылатын Ұлттық жоба базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көлік байланысты қамтамасыз ету және көліктік-транзиттік әлеуетті жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құруды көздейді.
Жалпыұлттық жобаны жүзеге асырудың азаматтар үшін ең айқын әсері өмір сүру жайлылығының артуы болмақ. Бұл негізінен көлік, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымына бағытталған. 2025 жылға қарай қол жеткізетін маңызды нәтижелердің бірі – қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау қызметтеріне 100 пайыз қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде тиімдірек болады. Өйткені, қазір «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымның барлық түрлерін жаңғыртуға қомақты инвестициялар бағытталуда. Жалпы қалаларда инфрақұрылымның жағдайы жақсырақ. Дегенмен ірі шаһарлардағы нөсерлі кәріз құбырларын қайта құру, «ескі орамдарды» жөндеу және апатты тұрғын үйлерді бұзу секілді өзекті мәселелер әлі де аз емес. Жобаның бірінші бағыты – инфрақұрылымды кешенді дамытып, сапалы әрі жайлы тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру. Бұл бағытта Жамбыл облысында жан жадырататын жарқын істер жетерлік.
«Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидасы жандануда
Айталық, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру бойынша қабылданған жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 143-тармағын орындау мақсатында тұрғын үй шаруашылығын басқару реформасы жүзеге асып жатыр. Бұл бағытта 2020 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғаны белгілі.
Құнды құжатта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқарудың жаңа тетіктері қарастырылған. Мұндағы ең басты қағида – «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот». Бұрынғы пәтер иелері кооперативі жүйесінде ашықтық жоқ болатын. Соның салдарынан қаражаттың қайда жұмсалып жатқаны беймәлім-тұғын. Оның үстіне ПИК құрамында бірнеше үй болғандықтан оны басқару қиынға соқты. Сондықтан тозығы жеткен үйлер жөнделмей қалып жатты. Күрделі немесе ағымдағы жөндеу көрмеген соң үй де тоза береді. Ал тұрғындар жинаған ақшаның есебін біле алмады. Міне, осындай олқылықтарды жою үшін елімізге тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесі қажет болды. Сол себепті салада жаңа реформа қабылданды. Жұмысын ашық түрде, жоғары деңгейде атқарған пәтер иелері кооперативтерін тұрғындар қалауы бойынша басқарушы компания немесе сервистік ұйым ретінде қалдыруға болады. Осының арқасында ең әуелі көпқабатты үйлерді күтіп-ұстау жүйесі жақсарады. Халықтың қаражаты бақылауға алынып, нақты жөндеу жұмыстарына, басқа да керекті дүниеге жұмсалады. Реформаның түпкілікті көздеген мақсаты міне – осы.
Осы орайда айта кетерлігі, негізі 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін пәтер иелері кооперативтерінің орнына мүлік иелері бірлестігі (МИБ) мен жай серіктестіктер (ЖС) орнауы керек еді. Алайда тұрғын үйлер басқарудың жаңа формасына толық өтіп болған жоқ. Сол себепті ҚР Үкіметі МИБ пен ЖС-ға көшу мерзімін 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы 1 785 көппәтерлі тұрғын үй жаңа басқару органдарына көшкен. Оның ішінде 176-ы мүлік иелері бірлестігі, 1 609-ы жай серіктестік. Қазіргі таңда құрылған жай серіктестіктерді мүлік иелері бірлестіктеріне ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 24 ақпанында басқарманың бастамасымен барлық мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтері, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі, кірістер басқармасы және облыстық статистика департаменті қатысуларымен көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа формалары бойынша дебат өткізілді. Соның барысында аталған саладағы көптеген кемшіліктер анықталды.
Тұрғын үйлер жаңаша кейіпке енуде
ҚР «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңда кондоминиум мәселелерін шешу, коммуналдық жүйелерді жаңғырту мен дамытудың маңыздылығы айрықша атап көрсетілген. Сондықтан да қалалық жерді мекен ететін тұрғындар тиісті мекемелер тарапынан жоғары сапада ұсынылатын коммуналдық қызметтерді алғысы келеді. Әйтпегенде ше? Тұрғын үйден шығатын кәріз жүйесі ескірсе, тұрғын үйге дейінгі жылу, ауыз су құбыры тәуелсіздік алғалы ауыстырылмаса, тозығы жетсе де нысанға күрделі жөндеу жүргізілмесе онда біздің тіршілігімізді қала мәдениетіне сай деп кім айта алады? Тек қала ғана емес ауылдық елді мекендердің де ажары ашылып, жаңарып, жасара түскен. Келбеті келіскен өңірлер Жамбылда да баршылық. Әсіресе, тұрғын үйлерді жаңғыртуға барынша ден қойылуда.
Облыстағы 4 қалада 2011-2022 жылдары 16,8 миллиард теңгеге 557 үй жөндеуден өткізілді. Ал 2023 жылға республикалық бюджеттен жалпы 79 үйге күрделі жөндеу жүргізуге бюджеттік өтінім берілді.
Бұл жұмыстарды кезең-кезеңмен жүргізу мақсатында 2023-2026 жылдары облыс бойынша 690 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ, тұрғын үй қатынастары саласындағы соңғы өзгерістерге сәйкес, қазіргі уақытта елді мекенге бірыңғай келбет беру мақсатында көппәтерлі үйлердің шатыры мен қасбетін жергілікті бюджет есебінен қайтарымсыз қаражат бөлуге мүмкіндік берілді. Осының арқасында Тараз қаласындағы Абай көшесі, Жамбыл даңғылы, Қазыбек би, Әйтеке би және басқа да көшелердегі үйлердің қасбеті мен шатырын қазіргі заманануи стильде жаңарта отырып, қала көркіне ерекше стиль беру бойынша 11 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу жоспарлануда. Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы 44 көппәтерлі тұрғын үйдің техникалық және сейсмикалық жағдайларына сараптама жұмыстарын жүргізуге Тараз қаласы әкімдігі тарапынан бюджеттік өтінім берілген.
Сонымен қатар тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы электрондық ақпараттық ресурстарды орталықтандырылған жинау және сақтаудың «Е-Shanyraq» ақпараттық жүйесі іске асырылуда. Аталған ақпараттық жүйе көппәтерлі тұрғын үйлердің саны, олардың техникалық жай-күйі, үйлерді басқару органдарынан алынатын есепке алу аспаптары бойынша талдамалық деректерді қалыптастыруға, сондай-ақ табиғи монополия субъектілерімен және үйді басқарудың нарықтық IT-қосымшаларымен интеграция жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда облыс бойынша жалпы 1 806 көппәтерлі тұрғын үйдің паспорттары енгізілген.
Халық сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Президент жүктеген тапсырма облысымызда кезең-кезеңімен орындалып келеді.
Бүгінде облыстағы қалаларда сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші 425,3 мың, ауылдарда 635 мың адамды құрады. Ағымдағы жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 43 сумен жабдықтау нысанының құрылысына 9,7 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Соның ішінде, 43 жобаның барлығын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар жалпы құны 5,4 миллиард теңгені құрайтын 7 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынды. Аталған жобалар биыл республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылады. Сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттің қалыптастырылуына жалпы құны 5,1 миллиард теңген құрайтын 10 жоба ұсынылды. Бұдан бөлек, ауыз сумен қамтамасыз ету қажет ететін 23 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұған қоса 2022 жылы 5 елді мекенге суды тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылды. Қалған 26 ауылдық елді мекенге 2023-2025 жылдары орнату көзделген.
Осылайша облыс елді мекендерін 2025 жылға дейін 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтудың жоспары бекітіліп, соған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.
Тазалық – ортақ игілік
Наурыз айы келісімен жылдағы дәстүр бойынша барлық аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері тарапынан жергілікті жерлерде көктемгі абаттандыру-көгеріштендіру және санитарлық тазалық бойынша атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, ағымдағы жылдың 1 наурызы мен 1 мамыр аралығында көктемгі екі айлық жұмыстары жүргізілуде.
Тазалық айлығын өткізу туралы қабылданған қаулылар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындардың назарына жеткізілді. Бүгінгі күнге дейін облыс аумағында бірнеше сенбілік ұйымдастырылып, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жасалды.
Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, биыл облыс бойынша 24 850 түп тал-терек отырғызу, 2 690 шаршы метр көгалды алаң орналастыру, 1 129,6 шақырым арық пен канал, 3 004,9 шақырым көше тазалау, 735 355 шаршы метр саябақ, скверлерді көріктендіру және 6 659 тонна күл-қоқыс шығару жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда өткізілген 4 сенбілік барысында облыс бойынша жалпы 30 053 түп тал-терек отырғызылып, 868 шаршы метр көгалды алаң орналастырылды. Сондай-ақ 1 252,4 шақырым арық пен канал, 3 027 шақырым көше тазаланып, 553 484 шаршы метр саябақ, сквер көріктендіріліп, 4 622 тонна күл-қоқыс шығарылды. Аталған жұмыстарды атқаруға облыс бойынша 64 788 адам жұмылдырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен наурыз айының басында республика көлемінде, қала және аудан әкімдіктері, мемлекеттік ұйымдар, кәсіпорындар мен жоғарғы оқу орындарын, еріктілерді тарта отырып, кең ауқымды «Бірге Таза Қазақстан» және облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастамасымен облыс көлемінде «Жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» атты акциялар өткізілді. Аталған шаралар барысында барлық мекеме, ұйым ауласы, айналасы күл-қоқыстан тазаланып, елді мекендердің, қалалардың тиесілі аймақтарында жаппай ағаш егу жұмыстары жүргізілді.
Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында облыста атқарылған оңды істердің бір парасы ғана. Алдымызда атқарылар жұмыс ауқымды, жоспар жұмыр. Бастысы елдімекендердің тынысын кеңейту жолындағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса беретін болады.
Құдайберген Қорғанбаев,
Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және тұрғын-үй
коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы