Халықтың үлкендігі – хан көтерген тұлғаларымен өлшенеді. Бірегей ғана емес, бірталай болсын. Біріне бірі ұқсамасын, айналып келгенде, бір арнадан тоғыссын. Осы тұрғыдан алғанда, Жамбылдың ұлылығы неде? Күні бүгінге дейін біздің түсінік ескі ұғымдар шырмауында тұр.
Біз ең алдымен бір нәрсеге бейіл беруіміз керек. Өзінен бұрынғы барлық ірі қайраткерлер сияқты, Жамбыл да ұлттың рухы. Қазақтық қана емес, әлемдік деңгейдегі өзгеше құбылыс. Жәкеңнің өз тұсында қаншалық атақты болғаны, совет кеңістігіндегі, одан шалғай аймақтардағы жұртшылық санасына қалай әсер еткені, неге әсер еткені жаңаша байыпталуға тиіс. Анық ақиқат – ол заманда Жамбыл қазақ деген ұлттың тұлғасы, көрнекі бейнесі болды. Сол кейіпте тарихқа енді, санаға орнықты. Біз мұның бәрін сызып, өшіріп тастай алмаймыз, керісінше, нығыздай, бекіте түсуіміз керек. Ұлылар туады, бірақ Жамбыл қайталанбайды.
Өзім куә болған бір мысалдан бастайын.
1983 жылы сонау қиырдағы саха елінде – Якутияда қазақ әдебиетінің декадасы өтті. Ол кезде мені тәуір тізімге жуытпайтын еді: қазір де іліне бермейміз, бірақ талап етіп, сұранып жүріп, қатарға қосылдым. «Шақан-Шері» деген роман жазуға дайындалып жатыр едім, бас кейіпкерім ақыр аяғында итжеккенге айдалуға тиіс болатын, романның әлде прологы, әлде эпилогында Якутияда, Вилюй деген өзеннің жағасында отыруы керек еді. Сол жерді, елді көріп қайтуым қажет болды. Бірақ кейін шығарма шешімі басқаша құрылды…
Содан Якутияға бардық. Жарқыраған жасыл күндер, ғажайып сырлы ақ түндер. Саха бауырлар құдайындай қарсы алды. Саха астанасындағы құрмет, рәсімдерден соң алыс аудандарға бөліндік. Кім қайда барады дегенде, сол жердегі бір ағайын: анау, түстік тараптағы ауданға барыңыз, сондағы нағыз сахалар, нағыз якуттар біз боламыз, – деп айтқан Қоңырат екен. Ал мынау – сіз барайын деп тұрған жердегі жұрттың көздері қысықтау, түрік, тегінен айырылған, өңіне дейін бұзылып кеткен деді. Енді бір туысымыз айтты: терістік жаққа барыңыз, басқалары бұзылып кеткен, ежелгі дәстүр-салтты сақтаған – біз боламыз деді. Сөйтсек, әлгілер адайлар екен, жаңылыс естімесем.
Ақыры, бөлініп-бөлініп кеттік. Біз – бір тобымыз поляр белдеуінің арғы жағына, терістікке қарай аттандық. Сунтар деген аудан. Өзіміздің еліміздегідей, қаптаған қазақтың ортасында жүрміз. Әсіресе жастары, томпаңдап ойнап жүрген балалары қазақтан аумайды екен. Қонақжайлығы да қазақ. Ауылдарды араладық. Екінші, әлде үшінші күні сол, мен іздеп барған Вилюй өзенінің бойымен, кемеде келе жатырмыз. Өзеннің қабағы биік, бірақ топырақты жар емес, түйетайлы көк шым екен. Бір уақытта, жағалауға жақындасақ, қабақ қаптаған халық. Қаптаған қазақ-сахалар. Күн ыстық, жер құрғақ. Біз кемеден түскенде қабақтағылар жағалауға, аяғымыздың астына даланың ақ, сары, қызыл гүлдерін лақтыра бастады. Гүлдің үстімен тайқы, жасыл қабақтан шықтық.
Шықсақ, шағын ауыл, бергі жақ шетінде, қарсы алдымызда үлкен ағаш үй тұр. Ақсұр қарағай қима. Сол ағаш үйдің оң жақ… жоқ… сол жақ қапталында сақал-мұртсыз, көзі қысықтау бір қартаң қазақтың әйдік суреті тұр. Ал оң жағында… жарықтық, аруағыңнан айналайын Жамбыл атам – Жәкемнің суреті тұр. Тұтас бір қабырғаны тіреп. Бөркін оқшырайтып, сақалын төгілдіріп, аппақ қылып әдемі салынған. Сөйтсек, бұл келген жеріміз – саханың Сергей Зверев дейтін, атақты халық жыршысының ауылы екен. Анау соның музей-үйі екен. Осы Төбей ауылында бізді айрықша құрмет тұтып, атақты жыршының бедерлі сөлкебайын тартты. Содан қаншама әңгіме айтылды. Зверевті мақтағанда ең биік мақтау: біздің осы Зверев – Жамбылдың шәкірті деді. Жамбылдың өзін көрген жоқ, бірақ сол кісінің үлгісін, өнегесін алып, осындай дәрежеге жетіп, біздің саха жұртының халық даналығын бүкіл Совет Одағына, қала берді, бүкіл дүниеге танытты. Сөйткен керемет жыршымыз – Сіздің Жамбылдың шәкірті еді деп мақтанды.
Мінеки, жердің қиыр шетінде, поляр белдеуінің арғы жағында, жарық түн, қараңғы күн, тоғыз ай қыс, үш ай жаз – мәңгі тоң аймағында біздің алдымыздан Жәкең шықты. Якут елі, Сунтар Ұлысы, Төбей ауылы, 1983 жылы.
Жәкең қазақты бүкіл әлемге танытып кетті. Қалыптасқан ұғымға, нанбыс ұғымға қарап, заманындағы шындықты бұрмаламау керек. Қазақты, қазақтың әдебиетін, қазақтың рухын бүкіл дүние жүзіне ең алдымен танытқан Жамбыл болды. Әуезов емес, Абай емес. Біздің ұлы фольклорлық мұраларымыз емес. Жамбыл. Арыстар атылған, халық қырылған, елдің еңсесі түсіп, аруағы төмендеген ең бір қиын кезеңде Жамбылдың ұлт ұранындай көтеріліп, соншама атақ-даңққа жетуі – үміт сәулесі, болашақ жақсы күндер жоралғысы сияқты көрінді. Азаматқа күш берді, кейінгі ұрпаққа тыныс қосты. Міне, сол Жәкең – алаштың ұлы перзенті, қазақтың даңқын шығарған ғажайып тұлға екендігіне ешқандай күмән тумауға тиіс. «Құдай жоқ болса, ойлап шығару керек» деген сөз бар. Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жырауларының ең соңғы сарқыты болды, орта ғасырлық сақара дүлдүлін жиырмасыншы ғасырдағы империя төріне шығарды. Сол үшін де біз Жәкеңнің аруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашанда қастерлеуіміз қажет.
Ал енді, Жәкеңнің тағы бір ғажайып, айрықша ақындық шеберлігі, өзгеше өрнегі болды. Ол – мадақ жырлары. Біз Сталинге арналған, Ленинге арналған, сол кездегі партияға арналған өлеңдерді бір түрлі қоңылтақсып, қалай екен деп, кешіріммен қарағымыз келіп тұрады. Ал шын мәнісінде, бұл да Жамбылдың ұлылығы, қазақ поэзиясының биік дәрежедегі бір көрінісі еді.
Әлем әдебиетін саралайтын болсаңыз, сонау арғы заманнан бастап, эллин-рим заманынан бергі ақындардың арнау жырларын, одан кейінгі Шығыстың ұлы ақындарын қарасаңыз, орыстың кешегі ХVІІІ-ХІХ ғасырын, Пушкиннің өзін қарасаңыз, мына мадақ дейтін жанр – әдебиеттегі ерекше сипаты бар, өзіндік заңы бар, ежелгі жанрлардың бірі. Қазақ импровизаторларының құдіреті сондай, сараңды – жомарт деп, кедейді – бай деп, қорқақты – батыр деп, кереметтей толғап, жырлап шығара алатын болған. Өйткені мадақ жырлардың мән-маңызы оның әлеуметтік тұрғысында, деректік нақтылығы, саяси не басқадай мазмұнында емес, өлеңдік өрнегінде, шеберлік өнегесінде. Мадақталып отырған кісінің шын мәнісінде кім болғаны ұмытылады, заман көмескіленеді, жағдай өзгереді, ал ақын қиялынан туған асыл сөз тозбайды, уақыт озған сайын түрленіп, жаңара береді. Біз Жамбыл толғаған мадақ, марапат жырлардың бәрін қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының ескірмес озық үлгісі деп қарауымыз керек, қазақ сөз өнерінің мәңгілік ескерткіші деп тануымыз керек. Анау бір жылдарда Жамбыл толғауларынан Сталин есімі аласталды, енді Ленин мен Компартия аласталды, сонда ақынның дәстүрлі арнау жырларынан не қалмақ. Жәкеңнің жаңа басылымдары мұндай тазартуға түспеуге тиіс.
Осыдан он шақты жыл бұрын Мәскеуде, әріптестермен бас қосқан әдепкі отырыста, бір үлкен орыс жазушысы: «сіздер Жамбылды әлі де құрметтейсіздер ме?» – деді. Мен айттым: «құрметтеп жеткізе алмай жатырмыз, бағасын біле алмай жатырмыз», – дедім. «Қалайша, ол Сталинді мақтаған ғой», – деді. Сонда мен айттым: «Сталинді XX ғасырдың ұлы ақыны Анна Ахматова мақтаған. XX ғасырдың ұлы жазушысы Пастернак мақтаған. Бүкіл дүние таныған Мандельштам мақтаған. Басқаларын айтпай-ақ қояйын, – дедім. – Бірақ солардың бәрінен де Жамбылдың арнауы артық болды. Өйткені Жамбылдың ақындық таланты артық еді», – дедім.
Жәкеңнің өлеңдерін кейінгі дүниежүзілік соғыс кезінде де бүкіл халық қабылдады. Майдан даласына жетті, блокададағы Ленинград көшелерінде ілулі тұрды. «Ленинградтық өренім» деген өлеңін білесіздер. Бұл соғыс – қазақтың соғысы емес еді. Қырғыздың, өзбектің соғысы емес еді. Герман тайпалары мен славян, ағылшын-саксон тайпаларының арасындағы соғыс, батыстағы кәпір қауымының өзара қырқысы еді. Ал біз, отар ел болғаннан кейін, бұл соғысқа зорлықпен тоғытылдық. Байқап қарасаңыздар, Жәкең сол соғыстың ұранын өзінше, қазақша түсінген. Жәкеңнің соғыс тақырыбындағы толғаулары – майдандағы балаларына жолдаған тілек, бата, биік адамгершіліктен туған шығармалар. Қазақтың намысын, аман-саулығын ойлағандықтан айтылған жырлар. Менің бала кезімде жатталған бір өлең бар еді, әлі есімде қалыпты. Соғыс кезіндегі патриоттық өлеңі қазақтың:
Домбырам басы дың,
Немістен өлсін мың,
Орыстан өлсін бес-алтау,
Қазағым қайтсын аман-сау!
Совет заманындағы қазақтың идео-логиясы, қазақтың соғысқа деген көзқарасы. Жәкеңнің танымы да осы – қанды қырғыннан қазағым, балаларым аман-есен қайтсын деп, майданға сағынышты сәлем жолдаған.
Ал «Ленинградтық өреніме» келетін болсаңыз, Жәкеңе айтқан кезде сондай үлкен, әсем қала, неше мың сан адам қоршауда қалды, халық аштан қырылып жатыр деген кезде, қарт ақынның адамгершілік сезімі толқып, шын жүректен толғаған. Ал енді, сол өлеңді бүгінгі орыстың қарсы алуы қалай? Орыстың үлкен жазушыларының бірі Астафьев өзінің бір шығармаларында Жәкеңді мазақ қылады. Қазақтың ақыны қарны тоқ ақын, көкірігі азып жатып, ерігіп жатып шығарған өлеңдер деп бағалаған. Каверин бе, тағы бір орыс жазушылары да осылай бағалаған. Жалпы, біздің Жәкеңе тиісе сөйлеу, кекету, мұқату орыстың қазіргі баспасөзі, қазіргі әдебиетінің үйреншікті сарынына айналған. Бұл бүгінгі орыста берік қалыптасып отырған астамшылықтың, қазақты жамандаудың бір тармағы, ақын есімі тек ілгішек қана.
46-жылы Жәкеңнің үлкен қызыл кітабы шықты. Үлкен том. Мен енді мақтанайын: мектепке бармаған едім, Абай атамның өлендерін түгелге жуық жатқа білетін едім. Жәкеңнің жаңағы толық жинағы Абайдың мерекелік толық жинағынан кейін қолға түсті. Менің алғаш сауат ашқандағы оқыған кітаптарымның бірі осы еді. Абайдың, Жамбылдың үлкен-үлкен бір томдығы және Мақтымғұлының Ғали Орманов аударған шағын жинағы. Сонда, қазір ойлап отырсам, бізге кім ұстаз болды, біз кімнен үйрендік, үлгі алдық десем, алғаш рет әдебиет әлемінің есігін ашу, мына менің қазіргі көркемдік танымым, тарихи сананың қалыптасуына, ұлтшылдық сананың қалыптасуына Жамбылдың да әсері мол болыпты.
Жамбылдың төңкеріске дейінгі, басқа бір шығармаларына қарайтын болсақ, біз Жәкеңді оқу арқылы қазақтың елдік тарихының бір бөлігін таныдық. Саурық батыр кім болды, Сұраншы батыр кім болды, Домалақ ене кім еді? Бүгінгі тарих әлі жазылмай жатқан кезде, қазақтың ұлттық рухы жанышталып жатқан кезде Жәкең қазақтың ескілігін ұмыттырмаған. Ерлікті айтқан, елдікті айтқан. Сонымен бірге қазақты кім сатты?.. Сондай сатқындардың болатындығын, сондай сатқындардың опасыздығы нәтижесінде ер – қазаға ұшырап, ел – кіріптар жағдайға түсетінін де алғаш айтқан Жамбыл еді. Жәкең Сұраншы, Саурыққа сүйсінген. Кенесары, Наурызбайды пір тұтқан.
Енді, қазақтың ұлттық өнері қандай болды, қазақтың айтысы қандай болды, бұрынғы суырып салма ақындар қандай болды деген тұрғыдан келетін болсақ, ол кезде біз үшін әдебиет тарихының мазмұнды беттері түгел жабық жатты. Дәстүрлі әдебиетті тек айтыс арқылы ғана таныдық. Айтыс дегенде, Біржан-Сараның айтысынан басқа айтыс атаулы тағы бүркеулі қалды. Және ол, қалай дегенмен де, әлеуметтік, махаббат айтысы ғой. Ал тарихи тұрғыдан, қазақтық тұрғыдан, ұлттық дәстүрді, ұлттық сананы, көне шежіре, ескі әңгімелерді насихаттайтын айтыстың үлгісі Жамбылда болды. Жамбыл айтысы – қазақтың ежелгі сөз өнерінің озық үлгісі, ол сонысымен қазақтың бұрынғы әдебиетіне, көне эпосына деген көзқарасымызды қалыптастырды. Айналып келгенде, біз Жәкеңнің айтысы арқылы қазақтың ақындық рухын таныдық. Ескіше ойлау жүйесін аңдадық, байырғы тілін бойымызға сіңірдік.
Мұхтар МАҒАУИН,
Қазақстанның халық жазушысы