Жамбылдық кәсіпкерлер жібек өндірісін жандандырмақ

Облысымызда ауыл фермерлерінің «Жер- Ана» корпоративтік қоры жібек құртын өсіруді қолға алған болатын. Жібек құртының негізгі қорегі болатын тұт ағаштары Байзақ ауданында отырғызылып, өсірілген. Бұл жоба ауыл шаруалары және кәсіпкерлер арасында таныстырылған. Алайда жеткілікті қолдаудың болмауына байланысты жоба кеңінен қарқын алмай отыр.

Осы мәселені алға тартып, «Жер-Ана» корпоративтік қорының ұйымдастырушысы Мария Ибраимова бастаған фермер әйелдер Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен кездесіп, осы уақытқа дейін істелген жұмыстарының есебін берді. «Анаға тағзым» орталығында өткен жиында Мария Қалмаханқызы жібек құртын өсірудің табысы мол екенін айтты.
– Бұл іспен үйінде отырған әйелдер де айналысуға болады. Екі айда 2-3 миллион теңге табуға мүмкіндік бар. Бұл кәсіп көршілес Өзбекстанда өте жақсы дамыған. Солардың тәжірибесін көріп, аталған істі қолға алған болатынбыз. Шүкір, алғашқы табысын да алдық.
Осылайша біз бұл жұмысты үйінде бос отырған әйелдерге ұсындық. Бірақ олар бұл кәсіппен айналысса, атаулы әлеуметтік көмектен қағылатындарын алға тартады. Жібек өніміне тапсырыс көп, бірақ оны шығаруға бізде күш жоқ. Істі ілгерілетуге кәсіпкерлердің, депутаттардың қолдауы қажет, – дейді Мария Ибраимова.

Сонымен қатар жиында бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Аналар жібек өндіріп, оны іске асыратын арнайы өндірістің қажеттігін айтады. Сондай-ақ бұл салаға қолдау болмай жатқандықтан, істің кенжелеп келе жатқанын алға тартқан ұйымдастырушылар шаһар басшысына алдағы уақытта қалаға 50-60 мың түп тұт ағаштарын отырғызып беруді сұранды.
– Бүгінгі жиында айтылған ұсыныс-пікірлер ескерусіз қалмайды. «Жақсылықтың жолы ауыр» екенін ұмытпаңыздар. Бүгін істеп, ертең жемісін алатын іс болмағандықтан, бұл тұста үлкен жауапкершілік алып, ата-баба кәсібін дөңгелетуде бастама бастап отырған аналар қауымына, Мария Қалмаханқызы, өзіңізге алғыс білдіремін.
Баршаңызға аян, Тараз – қолөнершілердің қаласы. Бұл халықаралық мәртебе берілген кезде қалада 70-тен астам қолөнерші жұмыс істеген болса, үш жылдың ішінде олардың саны 250-ден асты. Бұған қоса тараздық шеберлер соңғы екі жылда бірқатар халықаралық көрме мен фестивальге қатысып, ел абыройын асқақтатып келеді. Атап айтқанда, «Қоқан-2023», «Қазан-2023», «Милан-2023», «Париж-2023», «Кучинг-2023», «Бұхара-2024», «Уфа-2024», «Нарын-2024» сынды шараларда өңіріміздің қолөнері лайықты деңгейде таныстырылды. Сонымен қатар Жамбыл облысында креативті индустрияны дамыту мақсатында «Қолөнершілер үйі» халықтық өнер және туризм орталығы» креативті хабы ашылды. Бұл қолөнершілерге деген қолдау. Сондай-ақ жылда гранттар бөлінеді. Биыл гранттар бәсекеге қабілетті қолөнершілерге ғана конкурс арқылы тағайындалмақ. Осы орайда сіздердің тараптан көрсететін жұмыстарыңыз болса, бір тамағын осы жібек құртынан өнім жасап отырған аналарға қарастыруға болады, – деді қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы.
Шара барысында Байзақ ауданы әкімінің аппарат басшысы Асылжан Құрманов та өз ойын ортаға салып, пікір білдірді.
Жалпы, біздің елде 50-60 жыл бұрын жібек құрты өсірілген екен. Алайда алынған жібек Өзбекстанға өткізіліп отырған. Ал қазір өсірілсе, жібекті сатып алуға «Ауыл-Жер-Ана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дайын. Бірақ оны өсіріп, өндіруге дейін де қолдаудың қажеттігі, шығарылатын өнімдердің сапасы мен табиғи тазалығы әлі де талқылауды қажет етеді.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment