Биыл ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың дүниеге келгеніне 90 жыл толды. Оның құнды шығармалары қазақ әдебиетінің баға жетпес жауһары екені сөзсіз. Жылдар жылжыған сайын ақын туындылары шоқ жұлдыздай жарқырай түсуде.
Поэзияның Хантәңіріне баланған шайырдың туған күні бүгінде жалпыхалықтық мерекеге айналды. Биылғы мерейтойына көптеген тағылымды іс-шаралардың өткізілуі де – сол сөзіміздің дәлелі. Жуырда қаламгердің туған өлкесі Райымбек ауданы мен республикалық «Мұқағали» журналы бірлесе ұйымдастырған «Білгің келсе, алдымен зертте мені» атты ғылыми-танымдық мақалалар байқауы – мерейтой шеңберіндегі шаралардың бір көрінісі.
Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын қаламгерлер белсене қатысып, қазылар алқасының назарына 40-қа жуық еңбек ұсынылған. Мақаланың жаңашылдығы, көркемдігі, тақырыбының өзектілігіне баса назар аударған қазылардың шешімімен жүлдегерлер анықталды. Олардың қатарында жерлестеріміздің бар екенін мақтанышпен айта кетуіміз керек. Атап өтер болсақ, белгілі әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақ «Ұлылар үндестігі» мақаласымен 1-орынды еншілесе, қарымды журналист Мақұлбек Малдарбеков «Мұқағали – мәңгілік сағынышым» туындысымен ынталандыру сыйлығын олжалады. Мерейімізді тасытқан жерлестер 30 қазан күні бәйгенің салтанатты марапаттау рәсіміне қатысады. Рәсім барысында Мұқағалидің туған жеріне саяхаттап, әдеби-мемориалдық мұражайына бас сұғады. Сондай-ақ «Алаш жырының ақиығы» атты ғылыми-теориялық конференцияға және ақын ескерткішінің ашылуына қатысады деп жоспарланған.
Байқауда жүлдегер атанған шығармалар «Мұқағали» журналына жарияланады. Жерлестерімізді жарқын жеңістерімен құттықтаймыз!
Наргиза Тұрақұлова