Жатыр мойны қатерлі ісігі – әйелдерде кең тараған қатерлі ісіктердің бірі, ол барлық ісіктердің 5 %-дан астамын құрайды және бесінші орында. Жатыр мойны обыры 40-60 жастағы әйелдерде жиі кездеседі, бірақ соңғы жылдары жасару беталысы байқалады және 20-30 жас аралығындағы әйелдерде де бар,–деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде Жамбыл облыстық көп бейінді онкология және хирургия орталығы директорының міндетін атқарушы Дабыл Шымыров айтты. Ол өңірдегі статистикаға жүгініп, 2020 жылы жатыр мойны обыры диагнозымен 545 әйел тіркелгенін жеткізді. Сол уақытта осы дерттен 46 әйел қайтыс болған.
«Жатыр мойны обырының симптомдары әртүрлі және әр әйел бұл аурудың алғашқы белгілерін білуі керек. Олар әдетте су тәрізді шығындылардың пайда болуы, «ет көлбеуінің» түсіне ие, ерекше иісі бар. Мұндай шығындылар ісік үлкен мөлшерге дейін өсіп, біртіндеп ыдырайтын кезде пайда болады. Қатерлі ісіктің алдыңғы сатысы мен ауруды уақтылы анықтау дерттен 100 % жазылуға мүмкіндік береді. Облыста жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі 2009 жылдан бастап жүргізіліп келеді, әйелдердің нысаналы топтарына 30-дан 70 жасқа дейінгі аналар жатады, олар әр 4 жыл сайын дәрігерге қаралуы тиіс», – деп түсіндірді Дабыл Омарұлы.
Скрининг әдісі – жатыр мойнынан шыққан жағындыны цитологиялық зерттеу, яғни қала мен аудандардың кез-келген емханасында болатын әйелдерді қарау бөлмесінде жағынды алынады. Былтыр жатыр мойны обырынан тексерілуге 49 774 әйел келген. Қауіпті диагнозы бар 18 науқас анықталды. Оның 16-сы бірінші сатыда болса, 2-уі екінші сатысында болған, яғни емдеу нәтижесі жоғары.
«22 қаңтар күні сағат 9.00-13.00 аралығында облыстық онкологиялық диспансердің диспансерлік бөлімінде «Ашық есік» күні ұйымдастырылады және онкогинколог дәрігері қабылдау жүргізеді, қабылдау, УЗИ-ден өткізу және мазок алу тегін», – деп хабарлады спикер.