Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша баспасөз конференциясын өткізуде.
Жиында сөз алған аймақ басшысы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды тиімді іске асырудың арқасында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсуі қамтамасыз етілгенін айтып, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған міндеттерді тиімді іске асыруда күш салынып жатқанын жеткізді.
– Жалпы өңірлік өнім ағымдағы жылдың бірінші жартысындағы қорытынды бойынша 1,3 трлн теңгені құрап, 6,1 пайызға артты. Бұл – республика бойынша 8 орын.
Экономика салалары бойынша атап айтқанда, байланыс көлемі 2022 жылдың тиісті кезеңіне 8,1 пайызға, құрылыс жұмыстары – 11,1 пайызға, сауда – 2,6 пайызға, тұрғын үй пайдалануға беру – 2,2 пайызға, өнеркәсіп өндірісі – 0,6 пайызға, көлік – 0,1 пайызға артты, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі төмендеуіне байланысты жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6,1 пайызға төмендегенін, 365 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңіне 12 пайызға артқанын айтты.