Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жамбыл облысының орталығында Қырғыз Республикасының Талас және Шу облыстарының күндері өтті,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
«Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде қырғыз ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Көрмені Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қырғызстан Президентінің Шу облысындағы уәкілетті өкілі Эркін Тентишев және Талас облысындағы уәкілетті өкілі Бақытбек Нарбековпен бірге аралады. Өнім түрлерімен танысып, сатушылармен және тұтынышуларды әңгімеге тартты.
– Қазақ мен Қырғыз – бауырлас халықтар. Бізді көпғасырлық ортақ тарихымыз, берік достық пен тату көршілік қарым-қатынас байланыстырады. Екі ел арасындағы бірлікті одан әрі нығайта түсу –біздің ортақ міндетіміз. Ежелден келе жатқан дәстүрлі мәдени байланысымызды жалғастыру қажет. Жақында ғана Қырғыз Республикасының Талас облысында өткен дәстүрлі «Ұраным Манас» манасшылар фестиваліне қатысып қайтқан болатынбыз. Бішкекте ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бүгін Сіздер Тараз қаласының тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйладыңыздар. Біздің қарым-қатынасымыз бұдан әрі де тереңдеп, кеңейе беретініне сенімдімін. Өңірлер арасында түрлі салаларда, оның ішінде мәдениет пен сауда-саттықта өзара ынтымақтастықтыра арттыратын боламыз. Биыл Қазақстан да, Қырғызстан да Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Елдер арасындағы достық біздің ортақ игілігіміз негізінде нығая беруіне тілектеспін, – деді Бердібек Сапарбаев қонақтарға.
Э.Тентішев пен Б.Нарбеков қонақжайлық танытқан жамбылдықтарға ризашылықтарын білдіріп, елдер арасындағы ынтымақтастық қашаннан үзілмей келе жатқанын, одан әрі күшейте түсуге ниетті екендіктерін атап өтті.
Қонақтар 130,8 миллион теңгені құрайтын 128,6 тонна азық-түлік өнімдерін әкелген. Оның ішінде 21,7 тонна картоп, 19,1 тонна қырыққабат, 15 тонна сәбіз, 2 тонна пияз, 30,1 тонна алма, 40 келі кептірілген жеміс және 0,5 тонна сүт өнімдері бар. Көпжылдық гүлдердің сұрыптары, ағаш көшеттері де тұтынушыларға ұсынылды.
– Үш тоннадан астам көкөніс, бір тоннадан астам картоп әкелдік. Картоптың келісін 130 теңгеден өткердік. Барлығы дерлік екі сағатта сатылып кетті. Мұндай жәрмеңкелер біз үшін де тиімді, себебі өнімдерімізді делдалсыз тікелей өткіземіз, – дейді қырғызстандық «Ынтымақ» шаруа қожалығының жетекшісі Мәдина Қалыбаева.
Жәрмеңкеде азық-түліктер нарықтағыдан 10-20 пайызға төмен бағата сатылды.
– Мұнда көкөністер мен жемістер базардағыдан әлдеқайда арзан болғандықтан, бірден бірнеше келісін сатып алдым. Сапалы өнімді арзан бағада алуға мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Медет Бисембай.
Қырғыз Республикасының шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы шараның сәнін аша түсті.
Қырғыз делегациясы өңірдегі «Super Pharm» ЖШС, көркем гимнастика және үстел теннисі спорт кешенін, «Анаға тағзым» орталығы мен «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін аралап, танысты.