Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сумен қамтамасыз ету керегін, таза су әрбір үйде, әрбір отбасында болуын міндеттеген тапсырма жүктеген болатын. Сол тапсырмалардың орындалу қарқыны қазір жаман емес. Ал өткен жылдың мамыр айында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңірлердің әкімдіктері сумен жабдықтаудың кешенді жоспарларын тез арада қайта нақтылап, апатты жағдайдағы су құбырларының шұғыл түрде жөнделуін қамтамасыз етуі қажеттігін баса айтқан. Онда Үкімет басшысы: «Ауыз су мәселесі тұрғындар үшін өте өзекті. Сондықтан әрбір шешім уақытылы қабылданып, нәтижелі болуы керек», – деген еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында Әулиеата өңірінде істеліп жатқан жұмыс аз емес.
Ауыз сумен қамтудың ауқымы кеңейді
Жамбыл ауданына қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде 88 мыңнан астам халық тұрады. Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар округтеріне су құбырын жүргізу жұмыстары қолға алынған. Соңғы деректер бойынша бүгінгі таңда Жамбылдағы 42 елді мекеннің 34-іне орталықтандырылған ауыз су жүргізілген. Бұл жалпы тұрғындардың 83,7 пайызы немесе 74 мыңға жуық адам тіршілік нәріне қол жеткізіп отыр деген сөз. Бұл көрсеткішті арттырып, таза су тұтынатын тұрғындар қатарын арттыру мақсатында өткен жылы Құмсуат, Сеңгірбай, Әулиекөл және Көлқайнар елді мекендеріне жеке модульдік қондырғылар орнатылған. Биыл сапалы су тартылған ауылдар қатарына Қаракемер де қосылды. Бұл мақсатта қазына қаражатынан 39,5 миллион теңге жұмсалған. Ал жыл аяғына дейін тағы 3 елді мекен ауыз сумен қамтылмақ. Атап айтқанда, Бесағаш пен Түрксіб ауылдарына су жеткізуге 80,5 миллион теңге қарастырылса, Кемел ауылына су тарту жұмыстары 11,8 миллион теңгеге тең болмақ. Нәтижесінде, аудандағы ауыз сумен қамтылған елді мекен саны 38-ге, қамтылу деңгейі 90,4 пайызға жетеді екен.
Бұдан бөлек, Бектөбе, Қызылшарық және Жаңаөткел ауылдарына су жүргізу үшін қажетті құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Сонымен қатар Жұма ауылын ауыз сумен қамту үшін жобалық құжаттары әзірлену үстінде болса, Ерназар ауылындағы ауыз су жүйесін қайта жаңғырту үшін құжаттар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Сол секілді Өрнек ауылындағы су құбырларын жаңарту да жоспарланып отырған көрінеді.
Ауылдарға табиғи отын толықтай жетеді
Бұдан бөлек, аудан тұрғындарын табиғи газбен қамту бойынша жұмыстар да қарқынды жүруде. Қазіргі таңда қаладағы жайлы өмір – ауыл азаматтарына жат емес. Соңғы бірнеше жылда Мемлекет басшысының бастамасымен Жамбыл ауданында қыруар жұмыс атқарылып, 42 елді мекеннің 38-і табиғи газ жүйесімен қамтылған. Бұл істе магистральды газ құбырының құрылысы аяқталуы үлкен серпін бергенін де айта кету қажет.
Аталған бағыттағы жұмыстар әсте тоқтап тұрған жоқ. Мәселен, алдағы уақытта Тоғызтарау, Жаңаөткел және Құмсуат елді мекендеріне ауылішілік газбен қамту жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Бұл мақсатқа 446,6 миллион теңге сұралып отыр. Сондай-ақ осы 3 ауылға магистральды газ құбырын тарту үшін жасалған құжаттар қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұдан бөлек, Сеңгірбай ауылына магистральды газ құбырын және ауылішілік газ құбырын салу жобасының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Аталған 4 елді мекен табиғи газға қосылған жағдайда аудан тұрғындарының табиғи отырмен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетпек.
Инвесторларға жайлы жағдай жасалған
Тараз қаласын айнала қоршай орналасқан Жамбыл ауданы климаты жұмсақ, сулы да нулы өңір екені баршаға мәлім. Табиғаты мен жер жағдайы ауыл шаруашылығынан бөлек, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға да өте ыңғайлы. Осыған орай бәрінен бұрын ауданда қолайлы инвестициялық ахуалдың қалыптасып отырғаны қуантады.
Бүгінгі күні аудан бойынша 15 өнеркәсіп нысаны жұмыс істеп тұр. Аталған өндіріс ошақтары алғашқы жартыжылдықта 12 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Мәселен, «Амангелді ГӨЗ» ЖШС 57 мың тонна мұнай өнімдерін шығарып, 7,5 миллиард теңге пайда түсірген. Ал «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-де 413,2 миллион теңгеге 203,2 мың тонна гипс өндірілсе, «Суперфарм» ЖШС 716,4 миллион теңгенің 12,3 миллион дана медициналық бұйымдарын шығарған.
Жоғарыда атап өткеніміздей, ауданда инвесторларға жайлы жағдай жасалған. Осының арқасында өңірге қаражат құйып, өз ісін жүргізгісі келетін кәсіпкерлердің саны артып келеді. Бүгінгі күннің өзінде жүзеге асыру жоспарланып отырған 115 жоба өз кезегін күтіп отыр. 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс оларға жұмсалатын жалпы қаржының көлемі 30,8 миллиард теңгені құрамақ. Нәтижесінде, ауданда жаңа 793 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жекелей тоқталар болсақ, ауыл шаруашылығы бағытында 2,2 миллиард теңгеге 58 жоба іске асырылып, 267 жұмыс орны ашылады. Оның 15 жобасы биыл іске асады. Ал өнеркәсіп саласында жалпы құны 28,6 миллиард теңге болатын 57 жоба жүзеге асып, 526 жұмыс орны құрылады. Оның 60 жобасы биыл іске қосылады деген жоспар бар.
Сондай-ақ 2027 жылға дейін шартты құны 34 миллиард теңге болатын 148 бюджеттік инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 624 жұмыс орнын ашу көзделуде. Оның ішінде 2023 жылы 7,3 миллиард теңгеге 75 жоба іске асырылып, 495 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында 251,1 миллион теңгеге 15 жоба іске аспақ.
Олардың бірқатарына тоқталып өтсек. Аудандағы ірі құс фабрикасы «Алель Агро» ЖШС қосымша құс сою алаңы құрылысын жүргізуге ниетті. Сол секілді «Аса Агро» серіктестігі де тауық еті бағытындағы құс фабрикасын салуды жоспарлап отыр екен. «АТБ» шаруа қожалығы сүт фермасын салса, «Кеңесбай» шаруа қожалығы көкөніс өңдеу цехы мен жылыжай кешенін дамытуға ден қоймақшы. Ал «Жамбыл өнім» ЖШС дорпер асыл тұқымды қойын өсіріп, көбейтуге бел байлап отыр.
Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында жүзеге асатын 60 жобаның құны 7,1 миллиард теңгені құрап, 461 жамбылдыққа жұмыс табылмақ. Оның ішінде «Аян холдинг» ЖШС асфальт шығару зауытын ашса, «КазФос» ЖШС натрид гексаметофосфатын өндіретін желісін кеңейтуді көздеп отыр. «Азия Ботлерс» ЖШС алкогольді және алкогольсіз өнімдер шығаратын цех салуға ниеттенсе, «АЕК АСА» ЖШС жылына 50 МВт энергия өндіретін күн электр станциясын кеңейтпек.
Инвесторлар аудандағы туризм саласын дамытуға да мүдделі болып отыр. Осылайша, алдағы уақытта Жамбылда «Фортис Констракшен» ЖШС «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралінің бойынан демалыс орнын ашпақ. Сондай-ақ «Атамекен» ЖШС мен «РН-Транспорт» жеке кәсіпкерлігі балық өсіретін ферма жұмысын жүргізгелі отыр.
Кәсіпкерлерге жасалған жайлы климат ауданда өз ісін бастауға талпынған тұрғындардың қарасын қалыңдатып отыр. Биылғы 6 айда ауданда 8 668 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Бұл салада 7 915 адам жұмыс атқаруда. Өндірілген өнім көлемі 8,4 миллиард теңгені құрап отыр. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 220,7 миллион теңгеге 7 жобаға несие беріліп, 25 жұмыс орны ашылған.
Құрылыс қарқыны қуантады
Ауданда құрылыс қарқыны да жаман емес. Биыл бюджет қаражаты есебінен барлығы 3,5 миллиард теңгеге 27 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде облыстық құрылыс басқармасының қаржыландыруымен 655,9 миллион теңгеге 3 жоба жүзеге асып жатыр. Ал аудандық бюджет арқылы 2,8 миллиард теңгеге 24 жоба қаржыландырылмақ. Бұдан бөлек, 82,4 миллион теңгеге 20 нысанға жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Құрылыс қарқынын тұрғын үй құрылысы да едәуір арттырып отыр. Мәселен, 2021 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының шеңберінде 5 қабатты 76 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, ауданда 80 пәтерлі 4 үйдің және 60 пәтерлі 2 үй құрылысын жүргізу үшін 4,7 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылып, қаражат бөлінгені күтілуде. Айта кетер жайт, бүгінгі таңда ауданда тұрғын үй кезегіне 1 546 адам тіркелген. Бұл 6 тұрғын үй пайдалануға берілсе, кезектілік 33,5 пайызға қысқарып, 480 отбасы баспаналы болмақ.
Сонымен қатар «Асар» жобасымен беріліп жатқан үйлердің саны да артып келеді. Мәселен, 2023 жылы жоспарға сәйкес, 16 ауылдық округте 16 үй тапсыру жоспарланған. Қазіргі уақытта Гродеково, Қызылқайнар, Шайқорық, Тастөбе, Сулутөр және Қызылшарық ауылдарында 7 үйдің құрылысы жүргізілуде. Аса ауылындағы үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп үлгерген. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде көпбалалы аналарға 5 тұрғын үй берілсе, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 4 тұрғын үй сертификаты тапсырылған. «Дипломмен ауылға» аясында 4 маманға тұрғын үй алуға қаржы берілмек.
Баспанамен қатар ауданда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған жер телімдерін беру жұмысы да жүйелі жолға қойылған. Қазіргі уақытта ауданда жер телімін алуға 15 351 адам кезекте тұр. 2021 жылы Бірлесу-Еңбек, Тастөбе, Бесжылдық, Айша бибі, Бектөбе және Қызылқайнар елді мекендерінде жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, су, газ тарту жұмыстары жүргізіліп, кезектілікке сәйкес барлығы 1 053 жер учаскесі берілсе, биыл Аса ауылы бойынша кезекте тұрған адамдарға 811 жер телімі берілді. Жалпы алғанда, 1 864 жер телімі өз иелерін тапты.
Жол жөндеу жұмысы жалғасуда
Ауылдың жайын қозғағанда, ауызға жолдың жайы түсетіні жасырын емес. Осыдан он шақты жыл бұрын ұзақ уақыт жөндеу көрмеген жолдардың ауыл арасында қатынайтын халықты да, көлікті де қажытқанын айтатын болсақ, бүгінде асфальт атаулыны атымен көрмеген көшелердің тақтайдай тегіс болып жатқаны жайында жайдары жаңалықтар жер-жерден жетіп жатыр. Мұндай жұмыстар Жамбылда да жетерлік.
Статистикаға сүйенсек, аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзынды-ғы 321,6 шақырымды құрайды екен. Оның ішінде республикалық маңызы бар – 72, облыстық маңызы бар – 85,7, аудандық маңызы бар – 163,9 шақырым жол бар. Осыған орай Жамбылда аудандық және ауылішілік жолдардың жағдайын жақсартуға баса назар аударылып отыр. Нәтижесінде биыл жалпы ұзындығы 9,2 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жол жөнделуде. Атап айтқанда, Бесағаш және Көлқайнар ауылдарына кіреберіс, Қызылқайнар-Жасөркен, Қапал-Бесжылдық бағытындағы автомобиль жолдары жаңартылуда. Бұл мақсатқа 351,2 миллион теңге жұмсалмақ. Сонымен қатар Аса ауылында «Аса» станциясында темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің құрылысы басталмақ. Ол үшін аудандық бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп отыр. Ал құрылыстық жалпы жобалық құны 262 миллион теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, ауылішілік жолдарды оңдауға да көңіл бөлініп отыр. Жалпы ауданға қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде жалпы ұзындығы 427,9 шақырымды құрайтын 539 көше мен бұрылыстар бар. 2023 жылы 30 елді мекеннің жалпы ұзындығы 72,4 шақырым болатын 88 көшесін жөндеуге 1,6 миллиард теңге бөлініпті. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 6 елді мекеннің – 37, аудандық бюджет есебінен 22 елді мекеннің – 49, облыстық бюджет есебінен 2 елді мекеннің 2 көшесі жөнделуде.
Қуат беру жүйесі жаңартылады
Бүгінгі заманда тұрмысымызды электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Жарық жарты сағатқа өше қалса, тіршілік толықтай тұралап, жұмысымыз жүрелеп қалады. Осындай келеңсіз жағдайды болдырмау мақсатында Жамбыл ауданында кешенді шаралар қолға алынуда. Өйткені аудандағы электр желілері мен трансформаторлардың 50 пайыздан астамының тозығы жеткен. Ескіріп, қызмет ету уақыты аяқталған мұндай құрылғылардың ертеңгі күні апатты жағдай туғызып, арты қайғылы оқиғаға ұласпасына кім кепіл? Осы мақсатта биыл 10 елді мекендегі ауылішілік бағаналар мен желілері тартылып, трансформаторлары мен жарықтандыру құрылғыларын ауыстырып, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр екен. Ол үшін қазынадан 116,9 миллион теңге де қарастырылып қойған. Сонымен қатар 14 елді мекеннің 16 көшесіне 81,2 миллион түнгі жарықтандыру орнатылмақ.
Жалпы аудандағы 42 елді мекендегі трансформаторлардың жалпы саны – 355 дана. Ал бағаналар саны 14 359 дананы құрайды. Ауылдық округтердің ұсынылған ақпараттарына сәйкес, аудан бойынша қуаттылығы төмен 25 трансформатор бар екен. Сол секілді 5 144 бағананың тозығы жеткен. Аудан халқының айтатын негізгі өтініші – электр жарығы қуатының төмендігі және ағаш бағаналар мен сым желілерінің тозуы болып отырғандықтан, аталған мәселені шешуге де назар бөлініп отыр.
Атап өтер жайт, Аса, Шайқорық, Жұма станцияларында электр энергия төлемі жоғары болуына байланысты теміржол тұйығынан ажыратып, аудандық электр торабына қосу қажеттілігі туындап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу үшін аудан тарапынан жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыру көзінің табылғаны күтіліп отыр.
Жүйелі істері жан жадыратып отырған Жамбыл ауданындағы істеліп жатқан жұмыстың жайы осындай. Әрине, бұл атқарылып жатқан ауқымды жоспарлы тірліктің бір парасы ғана. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың болашақтың бағдаршамына айналған жыл сайынғы Жолдаулары ауқымды істерге тың серпін беріп, халық үшін жасалған игіліктер кең қанат жайып жатқанына байланысты деп білеміз. Олай дейтініміз, саяси құжаттан туындаған тапсырмалар аясында жүзеге асқан жобалардан кейінгі оң өзгерістерді жергілікті халық шындап сезініп отыр. Мұраты айқын елдің қашанда келешегі жарқын екенін ескерсек, жамбылдықтар алға қойған мақсаттарға жету үшін бірлігі мен берекесін сақтап, қабырғалы істер атқаруға жұмыла кіріседі деп санаймыз.