Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Masdar» компаниясының өкілдерімен кездесті. Компания өңірде энергия сақтау жүйесі бар 1 ГВт жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруда.
Басқосуда «Masdar» жобасының менеджері Ернұр Жиенбаев аралық нәтижелер туралы баяндады. Оның айтуынша, жобаның алдын ала құны – 742 млрд теңге. Қазіргі таңда жел электр станциясының аумағында геотехникалық жұмыстар жүргізілуде. Ірі ЖЭК объектісінің құрылысын 2026 жылы бастау жоспарлануда. Е. Жиенбаев өз сөзінде Жамбыл облысында компанияның ауқымын кеңейту және «жасыл» энергетика саласында инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарларына да тоқталды.
Облыс әкімі жел паркінің еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Компания өкілдерімен әңгімелесу барысында Ербол Қарашөкеев кадрларға деген қажеттілікті алдын ала сараптап, өңір тұрғындарының арасынан мамандарды даярлау мақсатында жергілікті жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату қажеттігін баса айтты.
Қолайлы инвестициялық ахуал мен мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде ЖЭК секторы өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Қазіргі уақытта жалпы қуаттылығы 571,3 МВт болатын 22 ЖЭК нысаны жұмыс істейді.