Жамбылда тау-кен металлургия комбинаты салынады

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Monterra Qasaqstan» ЖШС басшылығымен кездесу өткізді. Жиында тау-кен металлургия комбинатын салу және алтын кен орындарын игеру жөніндегі жобаны іске асыру барысы талқыланды.

Комбинат құрылысына Қордай ауданынан жер телімі бөлінген. Жаңа комбинатта Доре қорытпасы (алтын-күміс қорытпасы) өндіріледі. Комбинат толық қуатына шыққан кезде 10 мың келіге дейін бағалы металл өндіреді деп көзделуде.
Құны 1,7 миллиард еуроны құрайтын жоба үш кезеңде жүзеге асады. Компания 1 900 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті. Олар үшін вахталық қалашық салу жоспарлануда.
Германиялық «Monterra Group AG» компаниясының өкілі Иоганн Штоль тау-кен металлургия комбинатында өндірістің экология- лық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін озық технологиялар қолданылатынын атап өтті.
– Жоба бірнеше жылдан бері жүзеге асуда. Оның тезірек іске қосылып, нақты нәтиже көрсетуі маңызды. Жергілікті билік тарапынан қолдаулар жалғасады, – деді облыс әкімі.
Ербол Шырақпайұлы жамбылдық кәсіпкерлерді тарта отырып, болашақ тау-кен металлургия комбинатының жанында шағын және орта өнеркәсіп нысандарын іске қосу керектігін жеткізді. Сонымен қатар аймақ басшысы жаңа кәсіпорынның қажеттіліктерін ескере отырып, мамандарды даярлау жұмыстарын алдын ала жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ бұл күні облыс әкімі мен «Korcem» ЖШС атқарушы директоры Станислав Щербаков Қордай ауданында жылдық қуаттылығы 1,3 миллион тонна өнім өндіруге қауқарлы цемент зауытын салу жобасын талқылады. Жоба құны – 50 миллиард теңге. Биыл сәуір айында іргесі қаланған зауыт 2025 жылдың желтоқсанында іске қосылады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарына барлығы 1 900-ге дейін адам тартылып, жоба іске қосылғаннан кейін 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Кездесуде инфрақұрылым жүргізу, теміржол желісін салу мәселелері де назардан тыс қалмады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Comments (0)
Add Comment