Тараз қаласы «Ұлы дала» (15) шағынауданында №67 мектеп балалар игілігіне берілді. Бұл білім беру нысанының құрылысы Президенттің тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында жүргізілді.
Білім ошағы 1 200 орынды құрайды.
Жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, балалардың алаңсыз білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау – негізгі міндет екенін атап өтті.
– Білім – шамшырақ, ғылым мен ілімнің бастау көзі. Болашағын ойлаған кез келген мемлекет білім беру ісіне айрықша мән береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи үлгіде жабдықталған тағы бір мектеп балаларды қабылдауға дайын. Бұған дейін Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында және Тараз қаласы «Бәйтерек» шағынауданында дәл осындай білім беру нысанының құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді, – деген облыс әкімі оқу ордасынан білімді, болашағы жарқын азаматтар шығатынына сенім білдірді. Әлеуметтік нысанның салынуына, құрылыстың сапалы жүргізілуіне зор үлес қосқан «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «Integra Construction KZ» ЖШС-не ризашылығын жеткізді.
– Бүгін «Ұлы дала» шағынауданында мерейлі күн. Қуанышымызда шек жоқ. Жайлы мектептің бірінші кірпіші қаланған сәттен бастап бақыладым. Сапасы өте жақсы, көңілімізден шықты. Жаңа мектептің табалдырығын 4 немерем аттап отыр, – дейді зейнеткер Алмаш Ауғанбаева.
Жайлы мектеп ең озық технологиялармен жарақтандырылған. Оқушылардың қауіпсіз білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылып отыр.
Ғимаратта интерактивті тақтасы бар 59 оқу кабинеті, 3 асхана, 2 спортзал, мәжіліс залы, кітапхана, 2 лингафон, 2 компьютер кабинеті бар, сондай-ақ 3 зертхана мен 3 шеберхана, 10 коворкинг-орталық қарастырылған.
Айта кетейік, Жамбыл облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 12 мектеп салу жоспарланған. Бұл бастаманың арқасында оқушы орнының тапшылығын жоюға, үш ауысымды оқытуды және апатты мектептерді болдырмауға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ облыста ағымдағы жылы құрылысы басталған 36 білім беру нысанының 10-ы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Келер жылы 26 білім ошағының құрылысы бастау алады.