Өткен жылдың қараша айында елімізде жаңа «Baytaq» партиясы тіркелген болатын. Бүгін аталмыш саяси ұйымның Жамбыл облысындағы филиалы өз жұмысын бастап, жергілікті төрағасы мен атқарушы хатшысы таныстырылды. Осыған орай өткізілген баспасөз конференциясына партия төрағасы Азаматхан Әміртай арнайы қатысты.
Жиында сөз алған Азаматхан Сайлауұлы жасылдар партиясының басты міндеті – экологияны қалпына келтіру, қазақстандықтарды таза ауамен қамтамасыз етіп, қауіпсіз қоршаған орта мен өзге де әлеуметтік құқықтарға жол ашу екнін айтты.
– Кеше Тараз қаласында өткен отырыста ұйымның облыстық филиалын құру мәселесі талқыланып, есеп комиссиясының құрамы бекітілді. Сондай-ақ партияның облыстық және қалалық саяси кеңестерінің мүшелері мен облыстық және қалалық филиалдарының төрағалары тағайындалды. Саяси бюроның 12 мүшесі қабылданып, сайланды. «Baytaq» жасылдар партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы болып Серік Қойбақов сайланды. Атқарушы хатшысы болып Ықтияр Мырзахметов тағайындалды.
– «Жасылдар партиясын құру – барша Қазақстан халқының жеңісі. Қоршаған ортаны және адамдардың денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау – біздің қызметіміздің ең маңызды бағыты. Бұл біздің басты құндылықтарымыз. Сондықтан біз әр өңірдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге баса назар аударамыз, – партия төрағасы.
Жиында партияның жамбылдық мүшелері аймақтағы химилық өндіріс орындарынан бөлінетін зиянды қалдықтар, жан-жануарлар дүниесі және өзге де экологиялық мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолын бірге іздеуге шақырды.