Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы ашылды. Орталық бұрын мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының Жамбылтану бөлімі еді. Енді өз алдына басқармаға қарасты мекеме болып қалыптасты.
Тараздың қақ төрінде, әсем ғимаратта орналасқан орталықтың ашылуына ақын, ҚР Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, басқарма басшысының орынбасарлары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аталған орталықтың 1-ші қабатында «Жыршы-термешілер» бөлмесі мен «Жас айтыскерлер» клубы орналасса, 2-ші қабатында қызметкерлер бөлмесі мен мәжіліс залы бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта аталмыш ғимаратта аудио жазба студиясын ашу жоспарланған.