Медицина саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі. Тәуелсіздіктің 30 жылында салаға серпін беретін баянды бастамалар мен жарқын жобалар табысты жүзеге асқаны белгілі. Алайда мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілсе де, саладағы кадр тапшылығы әлі күнге өзекті болып отыр.
Айталық, бүгінгі күні бір ғана Жамбыл облысында 80 дәрігер жетіспейді. Оның 32-сі Тараз қаласы бойынша болса, ауылдарға 48 дәрігер ауадай қажет.
Десе де, Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова өңірде дәрігер тапшылығы 2022 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге азайғанын айтады.
– Тапшы дәрігерлердің басым бөлігі – терапевтер. Бұдан бөлек, практикалық дәрігер, акушер-гинеколог, аллерголог, иммунолог, анестезиолог-реанимотолог, гастроэнтеролог, гематолог, дерматовенеролог, балалар хирургі, инфекционист, кардиолог, клинфармаколог, невролог, неонатолог, хирург, онколог, онколог-радиациялық, оториноларинголог, офтальмолог, психиатр, радиолог, травматолог-ортопед, уролог, фтизиатр, провизор және эпидемиолог сынды мамандарға сұраныс жоғары. Олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті бюджет есебінен 98 резидент оқуға тапсырды. Нәтижесінде, 2022 жылы – 16 дәрігер, 2023 жылы 19 дәрігер өңірге жұмысқа келді. Қазір 56 дәрігер резидентурада оқуда. Резидентураны тәмамдаған соң 2024 жылы – 30, 2025 жылы – 16, 2026 жылы 10 дәрігер облыстағы емдеу мекемелеріне жұмысқа орналасады деп жоспарлануда, – дейді Жанар Мықтыбекқызы.
Бұған қоса елді мекендерге келген жас мамандарға жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңге көлемінде ақшалай көтерме ақы берілген. Сондай-ақ биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 204 маманға 1 миллиард теңге қаржы қаралып, тұрғын үймен қамту үшін жұ- мыстар жүргізілуде екен.
Осыдан 4 жылға жуық уақыт бұрын Тараз қаласындағы Жамбыл жоғары медициналық колледжінің базасында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы ашылған болатын. Жамбыл облысы әкімдігі мен оқу ордасы арасында жасалған меморандум өңірдегі кадр тапшылығын жойып, білікті мамандарды даярлау- ға сеп болады деп көпшілік бөркін аспанға атып қуанған. Тіпті аталған филиалда бастапқы кезде шамамен 100 адам оқуды бастап, кейін резиденттерді белсенді түрде тарту көзделген еді. Сондай-ақ колледжде Қазақ ұлттық медицина университетінің ең білікті профессорлары дәріс беріп, өз тәжірибелерімен бөлісетіні де айтылған. Алайда осы бір сүйіншілеген бастама сағымға айналғандай. Өйткені мұнда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы мүлде ашылмаған екен.
– Негізі, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы бізде ашылған жоқ. Тек біздің колледжді университетке сенімгерлік басқаруға берді. Сондықтан бізде жоғары білімді дәрігерлер келіп оқыған жоқ. Ал 2023 жылы Қазақ ұлттық медицина университетінің басшылығы ауысты да, келісімшарт күшін жойды. Осылайша орта буынды мейірбикелеріміз біліктілігін арттырғаны болмаса, бұл сенімгерлік басқару бізге еш пайда әкелген жоқ, – дейді Жамбыл жоғары медициналық колледжінің директоры Жәмила Сарыбекова.
Дәрігер жетіспеушілігі шалғайдағы елді мекендерде айрықша байқалып отыр. Мәселен, Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылдық округіне соңғы 15-20 жылдың бедерінде бірде-бір жас дәрігер келмеген.
– Адам болған соң ауырмай тұрмаймыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған сәттерде білікті дәрігерлердің тапшылығы айқын сезіледі. Әрине, ауылымызда екпе салып, дәрі егіп беретін мейірбикелер баршылық. Алайда тамырыңды тап басып, диагнозыңды дәл қоятын дәрігердің жөні бөлек екені белгілі. Айталық, ауылдық амбулаториямызда қазіргі таңда қызмет етіп жүрген медицина мамандарының дені зейнет жасына аяқ басты. Олардан кейінгі толқынның өзі сол жасқа жетіп қалды. Уақыт бір орнында тұрмайды. Ертеңгі күні олардың орнын кім басады? Осы мәселе ауылымыздың тұрғындарын қатты алаңдатып отыр. Мықты дәрігерлер аз болғандықтан қандай да бір дертке шалдықсақ, аудан орталығына немесе Тараз қаласына қатынауға мәжбүрміз. Біздің ауылымыз ол екеуінен қашықта орналасқан. Сондықтан қарияларымызға ары-бері қатынау қиынға соғады. Шыны керек, соңғы 15-20 жылдың ішінде ауылымызға бірде-бір жас дәрігер келген жоқ. Сұраныс бар болғанымен, жас мамандардың шалғай ауылға баруға құлқы жоқ көрінеді. Әзіл-шыны аралас айтар болсақ, бүгінгі күні «ауылымызға дәрігер келін түссе екен» деп тілейтін болдық. Енді осы саланың тізгінін ұстағандар түйткілдің түйінін тарқатып берсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ауыл ақсақалы Аманкелді Есенбаев.
Расында, медицина мамандарының жетіспеушілігі алаңдататын мәселеге айналып отыр. Алдағы уақытта жергілікті билік ең әуелі осыған баса назар аударып, кешенді шараларды қолға алар деген үміттеміз.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ