Жамбылда 2 800-ден аса жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Жиында еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов еңбек қатынастарын реттеу барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аймақта әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты ахуал тұрақты.

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек жағдайларының ахуалын тұрақты бақылауда ұстау мақсатында облыстағы ұйымдар мен кәсіпорындарға жоспардан тыс 47 тексеру және 9 профилактикалық бақылау жүргізді.

Нәтижесінде 112 заң бұзушылық анықталып, жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 29 нұсқама берілді. Заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 2 ескерту жарияланған. 9 әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы шығарылды. 1,3 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл толық өндіріліп, 105 еңбек заңнамасының бұзушылықтары жойылды.

Сондай-ақ бейресми жұмыспен қамтылған 2 583 адамның еңбек қатынасы заңдастырылып, көлеңкелі экономикадан шығарылды.

Өңірдегі 12 194 ұйымның 11 740-да ұжымдық шарттар жасалған. 369 ірі және орта кәсіпорынның 219-да ұжымдық шарттар цифрландырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Есепті кезеңде мемлекеттік еңбек инспекторларымен 4 кәсіпорындағы 280,6 млн теңгенің жалақы қарыздары анықталып, олар толғымен төленген. Жалпы, 2800-ден аса жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.

Облыс әкімі Тараз қаласы мен бірқатар аудан әкімдерінен жалақы қарыздарын өтеу, еңбек қатынастарын реттеу бағытында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.

Аймақ басшысы жауаптыларға өңірдегі ұйымдар мен кәсіпорындардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізуді, еңбек шиеленістерінің алдын алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

– Жұмыскерлерге уақтылы еңбекақы төлеу, олардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғау мәселесі назардан тыс қалмауы қажет, – деп түйіндеді Е. Қарашөкеев.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Жамбыл облысының әкімдігі, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және Жамбыл облысының жұмыс берушілерінің өкілі арасындағы 2024−2026 жылдарға арналған келісіміне қол қою рәсімі өтті.

Comments (0)
Add Comment