Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен бюджеттің атқарылуы талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Әбдіралиева, қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек баяндама жасады.
Алдын ала мәліметке сәйкес Жамбыл облысының 7 айдағы экономикалық өсімі 103,3 пайызды құрады.
Ауыл шаруашылығы, негізгі капиталға тартылған инвестиция, құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларында өсім бар.
Өңдеу өнеркәсібінде 319,8 миллиард теңгенің, ауыл шаруашылығы саласында 142,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.
Бүгінде шаруалар егін жинау науқанын жүргізуде. Аталған жұмыстарға 10 мың техника тартылған. Соңғы мәліметтерге сәйкес 526,3 мың тонна дәнді дақылдар, 18,5 мың тонна картоп, 93,6 мың тонна көкөніс, 57,6 мың тонна бақша дақылдары жиналды.
Өсімдік шаруашылығының өсімі 42,9 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға артық.
Негізгі капиталға 247,3 миллиард теңге инвестиция тартылды.
140,4 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сауда айналымы 502,9 миллиард теңгені, көлік қызметтері 331,2 миллиард теңгені құрады. Жүк тасымалдау – 7,9 пайызға, жүк айналымы – 3,7 пайызға, жолаушыларды тасымалдау 13,8 пайызға, жолаушы айналымы 18,2% пайызға артқан.
Басқосуда облыс әкіміне жылдық жоспардың орындалуы туралы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары мәлімет берді.
Бұдан бөлек, көрсеткіштері төмен қалыптасқан Тараз қаласы мен Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов, Шу ауданының әкімдерінен есеп алынды.
Ербол Қарашөкеев өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, бөлшек және көтерме сауда, құрылыс жұмыстарының көлемі – экономиканың негізі екенін атап өтіп, жауаптыларға даму көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жұмысты жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ халықтың табысын арттыру, жұмыссыздыққа жол бермеу бағытындағы мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалануды, бюджет қаражатын жоспарлы игеруді міндеттеді.