Жамбыл облысында қылмыстық топ ұсталды

Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері өсімдік тектес есірткі құралдарын (марихуана, гашиш) дайындаумен, тасымалдаумен және еліміздің басқа өңірлеріне өткізумен (ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап) айналысатын Жамбыл облысы Шу ауданының 5 тұрғынынан тұратын қылмыстық топты құрықтады.

2022 жылдың 14 қазанында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық қатысушыларын бір мезгілде ұстау жүзеге асырылды. Тінту жүргізу нәтижесінде жалпы салмағы 100 келiден асатын есірткі құралдарының (марихуана және гашиш) ірі партиясы, сондай-ақ «Ақсу» автоматы және 5,45 мм калибрлі 30-дан астам патрон тәркіленді.

Аталған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелеріне қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу), ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігімен(есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз жұмыс істеу) және ҚР ҚК 287-бабымен (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру)сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта ұсталғандардың барлығы ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұдан басқа, Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері 2022 жылдың 16 қазанында облыс орталығының аумағында «Калашников» маркалы автоматы, «ТОЗ-63» қос ұңғылы аңшылық мылтығы, «ИЖ-58» 16 калибрлі қос ұңғылы мылтықтың және 5.45 калибрлі 90-нан астам патронның кесіндісі тәркіленген қару-жарақ қоймасын анықтады. Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды.

Жалпы Жамбыл облысы ПД қызметкерлері жыл басынан бері заңсыз айналымнан 605 бірлік атыс қаруын тәркіледі. Оның 376-сы ІІО-нан ұрланған, ал 229 бірлігi өзге де қылмыстық қаруға жатады.

Барлығы 130 автомат, 219 түрлі тапанша (оның ішінде 60 ПМ), 7 граната атқыш, 1 пулемет, 58 мылтық және 190 тегіс ұңғылы мылтық, 154 граната және 22 990 оқ-дәрі тәркіленді.

Жұмаш Жолболды

Comments (0)
Add Comment