26 тамызда дүйім елді дүрліктірген Байзақтағы жарылысқа бір жыл болды. Қазалы күнге орай апаттан ажал құшқан азаматтарды ет жақындары мен қаруластары аза тұтты. Апаттан 17 адам қаза тауып, жүзден астам адам жараланған еді. Енді олардың есімдері ескерткіш тақтайшаға ойылып жазылды. Тек олардың қатарында жарылыс кезінде із-түзсіз жоғалған әскери бөлімнің қызметкері Бауыржан Дәуітбаевтың есімі жоқ. Бірақ баласының не тірі не өлі екеніне көзі жетпеген әке үміті әлі сөнген жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 2021 жыл 26 тамызда кешкі уақытта Байзақ ауылында алапат жарылыс болды. Жарылысқа қатысты тергеу ісіне нүкте әлі қойылмады.
“Әлі күнге дейін әкелерін іздейді. Әкелерін сұрап. Ондай кезде не айтарыңды білмейсің”, – деді марқұм Ерлан Қырғызалиевтің жары Назгүл Рахметова.
“Айдын күннің аманында баламыздан айрылдық, қыршын кетті. Бойдақ. Үйленемін деп жүр еді. Өмірінің бәрі алда еді. Ештеңе айта алмаймын басқа”, – деп қосты марқұм Кеңес Әлібидің анасы Гүлмира Бәйдібекова.
Алапат апатқа бір жыл толуына орай, бүгін екі жерде ескерткіш ашылды. Бірі өрт сөндіруге барып жазым болған төтенше жағдай департаментінің сегіз қызметкеріне аудан орталығында тақтайша қойылды. Ал оқиға болған әскери бөлімде қаза тапқан күштік құрылымдардың есімдері мәрмәр тасқа қашалды. Әр түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталғаны жазылған. Бірақ бұл жерде де әскери Бауыржан Дәуітбаевтың есімі жоқ.
“Тым болмаса өлді міне деп сүйегін көрсетсе, жүрегім орнында болатын еді”, – дейді Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі Талғат Дәуітбаев.
«Баламның сүйегін көрмей сенбеймін» деген әке үмітін еш үзген емес. Ресми анықталмаған соң оған ешқандай да мемлекеттен көмек көрсетілмеген.
“Бала әлі табылмай жатыр. Аяғым таусылды мында келе беріп. Кімге баратынымды, кімге жалынатынымды білмеймін. Тауып берсін баламды қайсысы болмасын. Жан-айқайды үкімет естіп жатқан жоқ шынымды айтсам”, – деп қосты Талғат Дәуітбаев.
Іздеу шараларына көңілі толмаған әке өз бетінше де әрекет еткен. Бірақ көрдім, білдім деген жан жоқ. Дегенмен баласын өлдіге қимайды. Екі ай бұрын етікпен табылған ер адамның аяғы үмітін үкілей түскен. Бірақ табылған аяқ кімдікі екенін экспертиза дөп басып айта алмапты.
“Өткенде екі жарым ай бұрын аяқ табылды. Берсимен, ішінде сүйегі бар. Шымкентке жіберді. Ол жақтан ешқандай дерек жоқ. Құрамы жоқ, анықталмай жатыр дейді. 100 жыл болған аталарымыздың сүйегін тауып, көкпар шауып той беріп жатыр ғой. Неге табылмайды? Неге алты айда сүйек жоқ боп кетеді? Жанып кетсе түсінем. Ол жанбаған. Етік ішіндегі сүйек”, – деп ашынды Талғат Дәуітбаев.
Айта кетсек, апаттан 159 тұрғын үй, 12 комерциялық, 4 әлеуметтік нысан зардап шеккен еді. Бүгінде олар мемлекет тарапынан толық жөнделген. Ал жарылыстың себебі әлі күнге тергеуде. Алғашында отызға жуық күдікті тартылса, кейін олардың саны алтауға азайған. Қазір апат болған әскери бөлімде қауіп жоқ. Дегенмен қару қалдықтары осы жылдың соңына дейін күніне екі мезгілде жарылып, жойылып отырады.