Жамбыл облысында үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді

Жамбыл облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылы өңірде 14 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 10 мектеп бар. Аталған мектептердің төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынса, қалған 4 нысан қолданыстағы мектептерге жапсарлас ғимарат ретінде бой көтерді. Нәтижесінде 1 апатты, 1 үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар 5, тозығы жеткен 6 және асханасы жоқ 1 мектептің мәселесі оң шешімін тапты.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков баяндады.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі толықтай жойылды. Қазіргі таңда облыста 1 апатты, 11 тозығы жеткен және оқушы орны тапшылығы бар 17 мектеп тіркелген.
Биыл 12 білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Соның арқасында оқушы орны тапшылығы бар 2 мектептің, тозығы жеткен 4 мектептің, сондай-ақ спорт залы мен асханасы жоқ 6 мектептің мәселесі шешіледі.
Сонымен қатар Мойынқұм ауданы Күшаман ауылындағы Амангелді атындағы апатты мектептің орнына 80 орындық жаңа білім беру нысанының құрылысын бастау көзделуде.
2025 жылы облыста 16 білім беру нысанына 11 млрд теңге көлемінде күрделі жөндеу жүргізілді. Бұдан бөлек, 26 мектеп, 14 балабақша және 1 арнайы мектеп ағымдағы жөндеуден өтті.
Сондай-ақ 2,2 млрд теңгеге жаңа үлгідегі пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, асхана, кітапхана және спорт құрал-жабдықтары, мектеп жиһаздары, турникеттер мен компьютерлік техника сатып алынды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 750 млн теңгеге 3 мектеп заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Өңірде тұңғыш рет мамандандырылған әскери мектеп-интернаты ашылып, «Дарын» лицей-интернаты жаңа ғимаратқа көшірілді. Биыл ІТ лицей-интернатына арналған 300 орындық қосымша ғимараттың құрылысы аяқталады.
Бүгінде Жамбыл облысында 619 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, онда 63 645 бала тәрбиеленуде. 531 жалпы білім беру ұйымында 245 мыңнан астам оқушы білім алуда.
Өткен жылы облыс оқушылары мен педагогтері бірқатар елеулі жетістікке қол жеткізді. Халықаралық және республикалық байқауларда 113 педагог жеңімпаз атанса, облыс оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында 468 медаль иеленді. Дарынды оқушылар  республикалық ғылыми жобалар конкурсында 16 жыл қатарынан «Үздік команда», ал республикалық олимпиадада «Үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алды.
Comments (0)
Add Comment